Чиптен тілдік модельге дейін: Қазақстан AI индустриясын қалай дамытпақ

Чиптен тілдік модельге дейін: Қазақстан AI индустриясын қалай дамытпақ
Фото: El.kz архиві

Қазақстан жасанды интеллект индустриясының бір ғана бағытын дамытуға басымдық бермей, жаңа экономиканың негізгі барлық бағытын қатар дамыту стратегиясын таңдады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 форумының алғашқы панельдік сессиясын ашу кезінде айтты.

Қазақстан AI индустриясының бес бағытын қатар дамытпақ

Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта жасанды интеллект нарығының көлемі шамамен 50 триллион доллар деп бағаланады. Алайда индустрия әлі де қалыптасу кезеңінде.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллект экономикасында құндылықтың нақты қай жерде шоғырланатыны әзірге толық анық емес.

Біз ең жоғары құндылықтың нақты қай жерде шоғырланатынын әлі көріп отырған жоқпыз. Сондықтан Қазақстан барлық бес бағыт пен компонентті қатар дамыту стратегиясын таңдады. Бұл жасанды интеллект күнделікті өміріміздің қалыпты бір бөлігіне айналған кезде дайын болуымызға мүмкіндік береді, – деді министр.

Оның айтуынша, бұл тәсіл жасанды интеллект экожүйесінің әртүрлі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында энергетикалық инфрақұрылым, чиптер мен микросхемалар, үлкен және шағын тілдік модельдер, сондай-ақ жергілікті модельдер бар.

Қазақстан технологиялық серіктестермен жұмыс істейді

Министр Қазақстан жасанды интеллектке қажетті барлық технологияны өз күшімен әзірлеуді жоспарламайтынын атап өтті.

Қазақстан бәрін өзі әзірлемейді. Біз басқа елдермен және ірі Big Tech компанияларымен ынтымақтасып, күшімізді әртараптандырамыз, – деді Жаслан Мәдиев.

Ол чип өндірісін мысал ретінде келтірді. Қазақстан қазіргі таңда микросхемалар өндірушісі емес, сондықтан бұл бағытта тиісті технологиялық серіктестермен жұмыс істеуге ниетті.

Тілдік модельдер Қазақстанның ерекшелігін ескеруі керек

Жасанды интеллект экожүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі ретінде министр тілдік модельдерді де атады.

Оның айтуынша, ашық модельдер немесе бұлтты шешімдер қолданылғанына қарамастан, олар Қазақстанның тілдік және жергілікті контекстін ескеруі қажет.

Бұл ретте министр технологиялық әлеуетті дамытуға арналған жеке бағдарламаларды бірден іске қосудан бұрын елде жасанды интеллектіні кең көлемде қолдануға қажетті базаны қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Белгілі бір әлеуетті дамыту бағдарламасын әзірлемес бұрын, бізде қолдану үшін нақты база қалыптасуы керек. Дәл осы жерде Қазақстан оны бүкіл экономика мен адамдардың өміріне масштабтай алады, – деді Жаслан Мәдиев.

Осылайша, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы стратегиясы технологияның бір ғана сегментіне емес, инфрақұрылымнан бастап тілдік модельдер мен жергілікті шешімдерге дейінгі бірнеше бағытты қатар дамытуға негізделіп отыр.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA вице-президентімен кездескен еді.

Оқи отырыңыз