Тоқаев NVIDIA вице-президентімен кездесті: технология алыбы Қазақстанда қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

Тоқаев NVIDIA вице-президентімен кездесті: технология алыбы Қазақстанда қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті. Мемлекет басшысы NVIDIA-ның әлемдік жасанды интеллект индустриясындағы рөліне тоқталып, компаниямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Бүгінде NVIDIA – жасанды интеллект саласындағы ең ықпалды технологиялық компаниялардың бірі. Қазақстанда да оның технологиялары негізінде бірнеше ірі жоба қолға алынған. Олардың қатарында суперкомпьютерлер мен Екібастұзда салынатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» бар.

Қазақстан мен NVIDIA нені талқылады?

Кездесу 1 қазанда өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасының басым салаларына кеңінен енгізудің маңызын атап өтті.

Қазірдің өзінде Қазақстанда NVIDIA технологияларына негізделген екі суперкомпьютерлік кластер жұмыс істейді. Кездесу барысында тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырумен қатар, Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын, мамандар даярлау және технологиялық ортаны дамыту мәселелерін талқылады.

Рев Лебаредян NVIDIA-ның аталған жобаның келесі кезеңіне қатысу жоспары бар екенін айтты.

Рев Лебаредян кім?

Рев Лебаредян NVIDIA компаниясында Omniverse платформасы мен модельдеу технологияларына жауап беретін вице-президент қызметін атқарады. Ол компанияға 2002 жылы келген.

Бұған дейін Warner Brothers Digital және Disney Dream Quest Images студияларында жұмыс істеп, кейін жеке компаниясын құрған. Компьютерлік графика саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар.

Қазір Лебаредян NVIDIA-ның Omniverse платформасын дамытатын командаларды басқарады. Бұл технология нақты әлемдегі нысандар мен үдерістердің цифрлық көшірмесін жасап, сол ортада роботтар мен жасанды интеллект жүйелерін үйретуге мүмкіндік береді.

Nvidia несімен танымал?

Nvidia 1993 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында құрылған. Көпшілік оны бастапқыда компьютерлік ойындарға арналған видеокарталар өндірушісі деп таныды.

Алайда кейін компанияның графикалық процессорлары нейрожелілерді оқытуға да тиімді екені белгілі болды. Жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған сайын NVIDIA чиптеріне сұраныс күрт өсті. Қазір әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың деректерді өңдеу орталықтарында NVIDIA процессорлары кеңінен қолданылады.

Fortune дерегіне сәйкес, компанияның нарықтық құны 5 триллион доллардан асады. Ал қызметкерлерінің саны шамамен 42 мың адамды құрайды.

Visual Capitalist сарапшылары әлемдегі ең ірі компаниялардың әрбір 100 доллар кірістен қанша таза пайда табатынын салыстырған. Осы есеп бойынша Nvidia-ның үлесіне 55,6 доллардан келеді. Бұл Fortune Global 500 тізіміндегі 30 ірі компанияның арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Компанияның жылдық табысы 65 пайыздан астам өсіп, таза пайдасы шамамен 120 млрд долларға жеткен.

Айталық, Microsoft әрбір 100 доллар кірістен 36,1 доллар таза пайда табады. Alphabet пен Meta-да бұл көрсеткіш 30 доллардан асады. Ал өндіріс пен сауда саласындағы компанияларда пайда маржасы әлдеқайда төмен. Мәселен, Toyota әрбір 100 доллар кірістен 7,6 доллар пайда көреді.

Мұндай айырмашылық бизнес моделіне байланысты. Цифрлық өнімдерді кеңейтуге кететін шығын салыстырмалы түрде аз болса, өндіріс пен сауда саласында шикізат, тауар, логистика және басқа да шығындардың үлесі жоғары.

Қазақстандағы Nvidia технологияларына негізделген суперкомпьютерлер

Қазақстанда NVIDIA технологияларын пайдаланатын екі ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылған.

Соның бірі – Alem.Cloud. Оны іске қосу рәсіміне Мемлекет басшысы да қатысқан. Жүйе NVIDIA H200 үлгісіндегі 512 графикалық процессордан тұрады.

Alem.Cloud әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің TOP-500 рейтингіне еніп, 86-орынға тұрақтаған. Оның есептеу қуатын мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен жеке компаниялар пайдалана алады.

Екінші кластер – AI-Farabium. Оны «Қазақтелеком» Digital Bridge 2025 форумы аясында Президенттің қатысуымен іске қосты. Бұл есептеу қуаттары қазақстандық KazLLM және AlemLLM тілдік модельдерін үйретуге пайдаланылып жатыр.

Екібастұзда ірі дата-орталықтар алқабы салынады

Қазақстанның NVIDIA-мен ынтымақтастығындағы ауқымды бағыттардың бірі – Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы».

Жоба аясында бастапқыда қуаты шамамен 300 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын құру көзделген. Кейін оның қуатын 1 ГВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Биыл маусым айында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Firebird және NVIDIA компанияларымен 10 млрд доллар көлеміндегі келісімдерге қол қойды. Осы кезеңде премьер-министр Олжас Бектенов Рев Лебаредянмен және Firebird компаниясының құрылтайшыларымен кездескен.

Келісімге сәйкес, Қазақстан жобаға қажетті аумақты, энергия мен базалық инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Ал Firebird болашақ кластердің технологиялық жабдықталуына жауап береді. Алғашқы деректерді өңдеу орталығын 2027 жылы салу жоспарланған.

Қазақстан билігі бұған дейін «Деректерді өңдеу орталықтары алқабына» шамамен 30 млрд доллар инвестиция тарту жоспары бар екенін мәлімдеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдер аталған жобаны жүзеге асыру үшін маңызды екенін атап өтті. Ал Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму қарқынына жоғары баға берді.

Осылайша, NVIDIA-мен әріптестік Қазақстан үшін тек жаңа технология сатып алумен шектелмейді. Суперкомпьютерлерді іске қосу, отандық тілдік модельдерді дамыту, мамандар даярлау және ірі дата-орталықтар салу елде жасанды интеллектке қажетті толыққанды инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз