«Былтыр 75 мың еді»: биыл Құрбан айттағы қой бағасы жұртты таңғалдырды

 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Құрбан айттың үшінші күні де мал базарларындағы қарбалас толастаған жоқ. Бірі құрбандық шалуды соңғы күнге қалдырса, енді бірі мереке күндері бағаның қалай өзгергенін білу үшін базарға арнайы келеді. El.kz тілшісі Астанадағы мал базарын аралап, биыл қой қанша тұратынын, саудагерлер мен сатып алушылардың қандай пікірде екенін және онлайн құрбандыққа сұраныстың қаншалықты артқанын біліп қайтты.

Мал базарында сауда таңнан басталған. Қой іздеп жүрген адам да, малын өткізуге келген саудагер де көп. Сатушылардың айтуынша, биыл құрбандыққа жарайтын қойдың ең арзаны шамамен 100-110 мың теңгеден басталады. Ал қоңды, ірі малдың бағасы одан әлдеқайда жоғары.

Ең арзаны – 110 мың теңге. Қымбаттары 300-350 мың теңгеге дейін көтеріле береді, – дейді сатушылардың бірі.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Алайда бағаға көңілі толмай тұрғандар да аз емес. Мал базарына жыл сайын келетін тұрғындардың айтуынша, былтырғы бағамен салыстырғанда биыл қой едәуір қымбаттаған.

Жылда келіп аламын. Былтыр 75 мың теңгеге алғанмын. Қазір 120 мыңнан жоғары деп отыр. Баға қатты көтеріліп кеткен, – дейді Астана тұрғыны.

Кейбір сатып алушылар 100 мың теңгеге қой табамыз деп келгенін айтады. Бірақ сатушылар мұндай бағаға көбіне шағындау мал ғана келетінін жеткізді.

Қолымда 60-70 мың теңге болса, осы жерден құрбандыққа жарайтын қой ала аламын ба? – деп сұрадық саудагерден.

60 мың теңгеге кішкентай болып қалады. Құрбандыққа жарайтындары негізі 110-120 мың теңгеден басталады, – дейді ол.

Диана Орынбасар

Базарда 200 мың теңгеге қой алғандар да бар.

Былтыр мұндай қой 150 мың теңге еді. Биыл 200 мың теңгеге алдым. Шамамен 50 мың теңгеге қымбаттап кеткен, – дейді сатып алушы.

Қасапшылардың да жұмысы қызды

Құрбан айт қарсаңында мал базарында тек саудагерлер емес, қасапшылар да қарбаласқа кіріседі. Биыл бір қойды сою құны 5 мың теңге шамасында.

Бір қойды 15 минутта сойып беремін. Әрине, малдың үлкен-кішісіне байланысты. Күніне 20 қойға дейін союға болады. 20 қой сойсақ, 100 мың теңге табамыз ғой, – дейді қасапшы.

Диана Орынбасар

Дегенмен саудагерлердің айтуынша, бұл маусымда табыс болғанымен, шығын да аз емес. Мал базарындағы орынның өзі жалға алынады.

Арендаға алып отырмыз. Жалға алу құны – 400 мың теңге. Ол да ақталуы керек, – дейді сатушылардың бірі.

«Шымкенттің қойлары»: өңірден келген саудагерлер не дейді?

Базарда әр өңірден жеткізілген қойлар бар. Соның ішінде Шымкенттен келген саудагер өз малының сапасын ерекше мақтады.

Біздікі – Шымкенттің қойлары. Нөмірі бірінші тауар ғой. Таза жоңышқа жеп өскен, – дейді ол.

Диана Орынбасар

Онлайн құрбандық: мүфтият бекіткен баға қанша?

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Онлайн түрде құрбан шалғысы келетін азаматтар сайт арқылы мал таңдап, төлем жасап, құрбандық шалуды мешіт қызметкерлеріне өкілдік ретінде тапсыра алады. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге фото және видео есеп жіберіледі.

ҚМДБ ұсынған онлайн құрбандық бағасы бойынша қой – 125 мың теңге, ірі қара – 875 мың теңге. Ал El.kz тілшісі барған мал базарында қой бағасы 100-110 мың теңгеден басталып, таңдауына қарай 200-300 мың теңгеден асып кетеді. Яғни базардағы баға малдың күйіне, салмағына, тұқымына және саудагер қойған құнға байланысты өзгеріп отыр.

Депутаттар құрбандық шала ма?

Осы орайда құрбан айт қарсаңында Мәжіліс депутаттарынан да құрбандық шалу дәстүрі туралы сұрадық. Жигули Дайрабаев құрбандықты өзі шалатынын айтты.

Өзім соямын. Жылқыны да өзім соямын, қойды да өзім жіліктеймін. Амандық болса, Құрбан айтта атсалысамыз, құрбан шаламыз. Барша қазақстандықтарды алдын ала құттықтаймын, – деді ол.   

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Айдарбек Қожаназаров та отбасында ет мәселесіне ерекше мән беретінін жеткізді.

Мен құрбан шалудан бөлек, менің үйімде, балаларымның үйінде тек Құрбан айт кезінде емес, күнделікті тұтынатын еттің барлығы өз қолымызбен шалған малдан болады. Біз базардан ет сатып алмаймыз, – деді депутат.

Нұртай Сабильянов та құрбандық шалатынын айтты.

Әрине, құрбан шаламыз. Ол – біздің мұсылмандық парызымыз, – деді ол.

жасанды интеллект

Ал онлайн құрбандыққа қатысты депутаттардың пікірі әртүрлі болғанымен, көбі мұны заманға сай мүмкіндік деп бағалайды.

Заманның ағымына байланысты құрбандық шалу міндетті түрде барып, малды өзің сойып, қанын ағызумен ғана шектелмеуі керек деп білемін, – деді Абзал Құспан.

Айтуар Қошмамбетов бірнеше жылдан бері онлайн құрбандық шалып жүргенін айтты.

Дұрыс қараймын. Өзім үш-төрт жылдан бері онлайн құрбандық шалып жүрмін, – деді ол.

Құрбан айттың үшінші күнінде де мал базарларындағы сауда жалғасып жатыр. Бірі малды өз көзімен таңдап алуды жөн көрсе, енді бірі онлайн қызметке жүгінеді. Биыл базарда қой бағасы 110-120 мың теңгеден басталса, мүфтият ұсынған онлайн құрбандық құны 125 мың теңгені құрайды. Ал құрбандық шалудың қай түрін таңдаса да, көпшілік үшін бастысы – діни парызды орындап, сауапты істен құр қалмау.

Оқи отырыңыз