Қойдың бағасы – 125 мың теңге: онлайн құрбан шалуға қалай өтінім береміз?

 Жи көмегімен жасалды
Фото: Жи көмегімен жасалды

Құрбан айтқа қарсы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы онлайн құрбан шалуға арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Осы жерден алдын ала құрбан шалуға тапсырыс беруге, құрбан етін алуға болады. 

фото: qurban.muftyat.kz сайтынан скриншот

Мүфтияттың хабарлауынша, үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.

Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі, – делінген ҚМДБ хабарламасында. 

Сайттағы мәлімет бойынша, бір қойдың бағасы – 125 мың теңге болса, ірі қара бағасы – 875 мың теңге. Бір ірі қараны жеті адам бірігіп құрбандыққа шала алады. 

фото: qurban.muftyat.kz сайтынан скриншот

Құрбан шалудан бөлек, құрбан етін алуға онлайн өтінім бере аласыз. Аталған сайтқа кіріп, «құрбан етін алу» батырмасын басып, өтініш толтырасыз. ИИН нөмірді, аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді тіркейсіз. Ары қарай тұратын қала не ауылды белгілеп, әлеуметтік жағдайыңызды көрсетесіз. Мекен-жайыңызды толық жазып, жағдайыңызды қысқаша баяндасаңыз болады. Одан кейін әлеуметтік жағайыңызды анықтайтын құжатты жүктейсіз. 

фото: qurban.muftyat.kz сайтынан скриншот

Сайттан құрбан шалуға онлайн тапсырыс берсеңіз, кейінірек телефон нөміріңіз арқылы шалынған-шалынбағанын тексере аласыз. Тексеріп жүргіңіз келмесе, құрбан шалуға өтінім толтырарда «құрбандық есебі керек пе?» дейтін батырманы қоса белгілейсіз. Сонда жауаптылар сізге сұратпай-ақ есебін жіберетін болады. 

Естеріңізде болса,  елімізде онлайн құрбан шалу пандемия кезінде, 2020 жылы басталды. Осыған дейін іс-шараны мүфтият жанынан ашылған сайт  бақылауға алған. Биыл діни басқарма жаңа сайтты іске қосты. 

Оқи отырыңыз