Жаңалықтар

«Бір басын кессең, жеті басы шығады». Депутат есірткінің таралуы жайлы

«Бір басын кессең, жеті басы шығады». Депутат есірткінің таралуы жайлы
Фото: © Olympic.kz 31.01.2024 12:29 742

Қазақстанда алғашқы синтетикалық есірткілер 10 жыл бұрын пайда болған, бірақ есірткіні зерттейтін жабдықтар мен анықтайтын әдістемелер әлі ескі. Соның өзінде елімізде соңғы бес жылда тәркіленген «синтетиканың» саны 100 есе артқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында қоғамдық дертке айналған осы бағытпен күресті күшейту мәселесін қозғады. Мәжілісмен президенттің талабы да, ІІМ басшысының тапсырмасы да айтарлықтай нәтиже бермей жатқанына налыды.  

Оқи отырыңыз:

Былтыр «Қара нарықтан» тәркіленіп алынған есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады. Бұл қолға түскені ғана. Ал мұның сыртында айналып жатқаны қаншама. Бұл сұмдық емес пе?! 2023 жылғы қаңтар мен қарашаның қорытындысы бойынша елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. Бұл айтарлықтай көрсеткіш, - деді Тұрлыханов.

Рас, қоғамның қатерлі дертіне айналған бұл түйткілге ел президенті бірнеше рет арнайы назар аударды. «Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады» деген. Айтса, айтқандай-ақ. Себебі деректерде есірткі қолданғандардың өмір сүру жасы қырықтан аспайтыны көрсетілген.

Есірткіге елтіп, мәңгіру мен торығудың да соңы өлімге әкеліп соғады. Ағзаның мезгілінен бұрын тозып, айықпас ауруға ұшырауы да осы есірткінің салдары. Мамандар есірткіге тәуелді 20 жастағы адамның ағзасы жетпістегі қариямен тең екенін айтады. Бұл – нағыз дабыл қағарлық жағдай! – деді депутат.

Мәжілісмен синтетикалық есірткінің түр-түрі клубтарда, кештерде таралып жатқанын да алға тартты.

Таяуда еліміздің жас жігіттері түсірген «МЕФ» фильмінде еліміздегі қазіргі шынайы жағдай көрсетілген. Әрбір клубта, әрбір ортада есірткі таралуда. Бір басын кессең, екінші басы өсіп шығатын жеті басты айдаһар секілді. Бізді алаңдататыны да – осы, - дейді ол.

Осы орайда ол премьер-министрден барлық мүдделі өкілетті және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, есірткіге қарсы күреске жұмылдыруда мемлекеттік деңгейде ұзақ мерзімді жүйелі бағдарлама дайындауды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға