Жаңалықтар

«Бетімен кеткендер көбейді». Депутат жедел жәрдем жүргізушісін ұрған адамды табуды тапсырды

«Бетімен кеткендер көбейді». Депутат жедел жәрдем жүргізушісін ұрған адамды табуды тапсырды
Фото: parlam.kz 31.01.2024 11:16 373

Соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейді. Осылай деген мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Қарағанды облысындағы жағдай бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?, - дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, арнайы қызмет өкіліне істеп отырғаны мынау болса, мұндайлар қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбас.

Осындай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін Депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамады. Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақхалатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл уақыт күттірмейтін шешім!   Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама, - дейді депутат.

Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайтынын атап өтті. "Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?!", - дейді ол.

Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану әрбіріміздің міндетіміз. Үшіншіден, Ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді, - дейді мәжілісмен.

Депутат бұл ешқандай жақсылыққа апармайтынын, салдарын көріп отырғанымызды атап өтті.

Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз. Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіпбұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек», - дейді ол.

Сондықтан уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тезарада табуы тиіс.
  2. Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.
  3. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тезарада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға