Жаңалықтар

Білім беру саласындағы жемқорлық: Кезек аудиторларға жетті

Білім беру саласындағы жемқорлық: Кезек аудиторларға жетті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 13.07.2023 11:24 1020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы ірі жымқыруларды тергеуді жалғастыруда. Қылмыстар мемлекеттік аудиторлардың жасырушылығымен жасалғаны қылмыстық істердің материалдарымен расталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған.

Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған. Қазіргі уақытта аудитор сотқа тартылды, - делінген Антикор мәліметінде.

Оқи отырыңыз:

Осыған ұқсас факт Алматы облысында анықталды, онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданының білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерудің оң нәтижелері үшін 1 млн теңге сомасында пара алған.
Осы факті бойынша Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Сонымен қатар, Түркістан облысында мемлекеттік ревизор - облыстық Тексеру комиссиясының бас инспекторы парақорлықпен әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға