Жаңалықтар

Бас жүлдеге берілетін көлікті көрермен көзайымына айналған спортшыға береміз

Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы:
12.03.2014 09:48 4563

Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы:

Бас жүлдеге берілетін көлікті көрермен көзайымына айналған спортшыға береміз

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Осы көпшіліктің арқасында, әсіресе тілшілер қауымының көмегімен ұлттық спортымызды біраз насихаттап жатырмыз. «Нұр Отан» партиясы және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бірігіп осы бір жобаны дүниеге әкелдік. Содан бері 4 жыл зулап өтті. «Қазақстан Барысы» спорттық  сайыс қана емес, патриоттық жобаға айналды. Қаншама халық 7-8 сағат бойы теледидар алдында телміріп отырмайды. Бірақ, қараша айында өткен «Еуразия Барысы» жобасын елімізде 6-7 млн. халық тамашалапты. Бұл әрине қуанарлық жәйт. Бұл сайысқа шетелден де қызығушылық үлкен. Түркияның ең үлкен спорттық арнасы, Ресейдің «Боец» арнасы көрсетті. «Боец» арнасы осымен екі мәрте көрсетіп, шетелдегі басты демеушілеріміздің біріне айналды. Бас мақсат – қазақ күресін Азия және Олимпиада бағдарламасына кіргізу. Егер дәл осылай насихаттап, әлемге танытатын болсақ, 10-15 жыл көлемінде үлкен қиындықпен болса да қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ұлан, Бейбіт, Айбек сынды балуандарды бұрын ешкім танымайтын, қазір олардың саны кемде-кем. Қазір қазақтың қарадомалақ балалары халық қаһарманына айналды.

Өткен жарыстарда қателіктер болды, соның бәрін түзеп жатырмыз. Жылда жеңімпазға 150 мың доллар беретінбіз. Қазіргі теңгенің құнсыздануына қарамастан сол сыйақы көлемін сақтап қалдық. Сондай-ақ, бұрын жеңімпазға ақшалай сыйлықпен бірге су жаңа көлік сыйлайтынбыз. Биыл соны әрі ойланып, бері ойланып, көлікті 33 балуанның ішінен мықты күресіп, жүлдеге жете алмаған, көрермен көзайымына айналған спортшыға беруді жөн санап отырмыз. Былтыр мысалы, Демяненко керемет өнер көрсетті, бірақ салмағына байланысты тұғырдан көріне алмады. Ал, неге сондай спортшылар үйіне құралақан қайтуы тиіс. Бұл пікіріміз басқа спортшыларға да қамшы болып тиюі тиіс.

Шыны керек, кейбір облыстарда іріктеу ойындары өте шала өтеді. Енді осыны қалай да ретке келтіріп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар мықты балуандардың өнер көрсетуіне жол ашамыз. Көш жүре түзеледі дегендей, жы өткен сайын бұл турнирдің дәрежесін көтеріп, бұрынғы қателіктерге ұрынбаудың қамын жасап жатырмыз. Биылғы жарыс 29 маусым күні әдеттегідей «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Былтыр 1,5 мыңдай көрермен симай қалды. Егер 3-4 жылдан кейін көрермен саны тым көбейіп жатса, «Астана-Арена» стадионында өткізу де ойда бар.

Бас жүлдеге берілетін көлікті көрермен көзайымына айналған спортшыға береміз

Диас Ахметшарип, «ҚазСпорт» телеарнасының  директоры:

– «ҚазСпорт» арнасы «Қазақстан Барысының» финалдық бәсекесін көрсету құқығын сатып алды. Мейлі алты, мейлі жеті сағатқа созылса да толықтай көрсетеміз. Биыл маусым айында Бразилияда футболдан әлем чемпионаты өтетін болады. 29 маусым күні сол доданың қызған шағы . Алайда, қандай командалар кездессе де, біз бірінші ретте «Қазақстан Барысын» көрсететін боламыз. Ал, әлем чемпионатының ойындарын артынан қайталап көрсете береміз. Өйткені, біз ұлттың арнасы болғандықтан алдымен ұлттың құндылығын насихаттаймыз. «Қазақстан Барысының» іріктеу жарыстарын да, сондай-ақ, басқа да сол туралы жаңалықтарды қалдырмай беріп отыруға күш саламыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға