Баланы мемлекеттік балабақша кезегіне қалай қоюға болады?

Ата-аналар баланың туу туралы көлігін алған бойда балабақша кезегіне бірден қоюға тырысады. Өйткені екі жасар баланы балабақшаға беру - оңай процесс емес. Кезекке тұрған соң, оның жақындауын күту керек. Жолдама алған соң қажетті құжаттарды жинап, балабақшаға тіркеу рәсімдерінен өту қажет. Айта кету керек, белгілі бір балабақшаға арналған кезек болмайды. Жүйе басқа принциптерге негізделіп жұмыс істейді. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі мемлекеттік балабақшалар кезегіне тұру үдерісін зерттеп, қажетті құжаттар тізімін жасақтады.
Балабақшаға кезек қалай құрылады?
Балабақшаға кезек ата-ананың өтініш беру мерзіміне байланысты құрылады.
Кезек алға немесе артқа жылжуы мүмкін. Егер кезек артқа жылжыса, алғы шепке жеңілдіктері бар балалар ығысады.
Балабақшадан орын алу жеңілдігінің екі категориясы бар.
Кезектен тыс – бұл әскери қызметтегілер мен арнайы мемлекеттік органдардың балаларына берілетін жеңілдік.
Бірінші кезектегі санатқа мүгедектігі бар заңды өкілдердің балалары, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасыдан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар және мүгедек балалары бар отбасыдан шыққан, сондай-ақ педагогтардың балалары жатады.
Астана қаласының балабақшаларына қалай орналасуға болады?
2025 жылдың қаңтарынан бастап Астана балабақшалары жаңа жүйе «ваучерлік қаржыландыру» бойынша жұмыс істей бастады.
Бұрын қаржыландыру тікелей балабақшаларына бөлінетін. Енді ақша баланың өзіне бекітіледі. Ата-аналар «ваучер» алып, тізімнен кез келген балабақшаны таңдай алады. Ал баланың білім алуына арналған ақша дәл осы бақшаға түседі.
Артықшылықтары:
- Ата-аналарға таңдау еркіндігі беріледі. Әр отбасы өздеріне қолайлы бақшаны таңдай алады. Бұл балабақшаларды қызмет көрсету сапасын жақсартуға итермелейді.
- Қызмет сапасының әділ бағалануы. Ендіге ретте ата-аналар балабақшалардың репутациясына әсер ете алады. Бұл қызмет көрсету деңгейін арттырады.
- Ашық қаржыландыру. Ақша енді мекемелерге емес, әр балаға бөлінеді. Егер отбасы балабақшаны ауыстырса, ваучер балаға ілеседі.
Бұл қалай жұмыс істейді?
- Балабақшаға кезекке тұрудың орнына, енді ваучер алу үшін кезекке тұрады.
- Балалардың жасы мен әлеуметтік мәртебесіне байланысты (мысалы, көп балалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және т.б.) кезек 18 санатқа бөлінеді.
- Ваучерлер жылына екі рет бөлінеді.
Қазір бұл жүйе Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында жұмыс істеп тұр. Ал Астанада 2025 жылдың басынан енгізіліп, жүзеге асырылуда. Осы жүйенің арқасында балалар бақшасына тіркелу кезегі айтарлықтай қысқартылды. Мәселен, Таразда 25 мың өтініш 2000-ға дейін азайтылды. Осы әдісті енгізу үшін баланы кезекке қоюдан бастап, мектепке дейінгі ұйымдарға төлем жасауға дейін барлық рәсім қайта қаралды.
Сондай-ақ, ваучерлік жүйе мемлекеттік қаржыны үнемдеуге және балабақшаларға шынайы қатысқан балалар үшін төлем жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа қаржыландыру жүйесін түсіндіру мақсатында Астананың алты ауданында 24-27 желтоқсан аралығында ата-аналар үшін ашық есік күндері өткізілді.
Балабақшаға қалай кезекке тұруға болады?
Балаларды балабақшаға тіркеу:
- Электронды үкімет порталында онлайн қызметі арқылы;
-Қажетті құжаттарды жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшесіне жеке барып өтініш беру;
- Қалалар мен аудандық білім басқармаларының сайттарында жарияланған сілтемелермен порталда тіркелу (indigo24.kz, balabaqsha.snation.kz, balabaqsha.open-almaty.kz және т.б.) арқылы жүзеге асырылады.
Әр өңір үшін бөлек электронды кезек жасалады. Кезекке тұру үшін жас шектеулері болмайды. Неғұрлым ерте тіркелсеңіз, балаңыздың балабақшаға орналасу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Бұл әсіресе қалалар үшін маңызды.
Қандай құжаттар қажет?
Өтініш ХҚО арқылы берілсе, келесі құжаттар қажет болады:
- Балаға берілген туу туралы куәлік;
- Ата-анасының жеке куәлігі;
- Фтизиатрдың қорытындысы;
- Балаға арналған денсаулық жағдайы туралы анықтама және медициналық картасы.
Арнайы жеңілдіктері бар азаматтар үшін кезектен тыс немесе бірінші кезектегі тіркеуге құқық беретін құжаттар қажет.
- Кезектен тыс — әскери қызметкер немесе арнайы мемлекеттік органдардың қызметкері жұмыс орнынан берілген, мөрмен және уәкілетті тұлғаның қолымен расталған анықтама (берілген күннен бастап бір ай бойы жарамды);
- Бірінші кезектегі — педагог қызметкердің жұмыс орнынан берілген, ұйым басшысының қолы мен мөрімен расталған анықтама (берілген күннен бастап бір ай бойы жарамды), дипломның сканерленген көшірмесі; арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру қорытындысы (бар болса).
Егер онлайн тәсілді таңдаса, өтініш беру үшін арнайы қызмет көрсету бөліміне өту керек:
- Баланы балабақшаға кезекке қою.
Өтініште баланың ЖСН-ін көрсетіп, қалаған балабақшаны таңдап, электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қою керек. Кезек жақындағанда 1414 нөмірінен СМС хабарлама келеді.
Кезек нөмірін өткізіп алу мүмкін бе?
Иә, мүмкін. Кезек келгеннен кейін ата-аналарға үш жұмыс күні беріледі. Сол уақыт ішінде баланы балабақшаға тіркеу керек. Төртінші күні бос орындар басқа балаларға беріледі.
Сонымен қатар, баланы балабақшаға орналастыру үшін алған жолдаманы 5 жұмыс күнінен кешіктірмей ұсыну қажет. Оны балабақшаға хабарласып, көрсетілген нөмір бойынша жіберуге болады.
Алматыдағы балабақша кезегіне қалай тұруға болады?
Алматылықтар үшін жолдаманы balabaqsha.open-almaty.kz сайтынан алуға болады. Қажетті қадамдар төмендегідей:
- ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетке кіріңіз;
- Авторизациядан кейін басты мәзірден «Өтініштер журналы» бөлімін таңдаңыз;
- Өтінішті ашу үшін батырманы басыңыз.
Бос орындар тізімін көру үшін «Балабақша таңдау» батырмасын басыңыз.
«Мемлекеттік балабақша таңдау» батырмасы келесі жағдайларда көрінеді:
- Кезек келгенде;
- Бос орындар болған жағдайда.
Ескере кеткен жөн: кезек келгенде, көрсетілген электронды пошта мен телефон нөміріне хабарлама келеді. Өтініштің мәртебесі «Жолдама жіберілді» деп өзгереді.
Жолдама дұрыс алынбаса, не істеу керек?
Жеке кабинетте «Жолдамалар» бөлімін таңдап, «Бас тарту» батырмасын басыңыз. 10 минут ішінде жүйе баланы қайтадан кезекке тіркейді. Бірақ осы уақыт ішінде кезек өзгерістерін ескере отырған жөн.
Қандай жағдайда «Жолдамадан бас тарту» функциясы қажет болады:
- Қате жолдама шығарылған жағдайда;
- Қате балабақшаға жолдама шығарылғанда;
- Балабақшаға барғаннан кейін баланы қабылдаудан бас тартса;
- Басқа балабақшадан бос орындар көрсеңіз;
- Жолдама мерзімін өткізіп алған жағдайда 10 күнге стоп-листке түсу қаупі бар.
Кезекті қалай тексеруге болады?
Балабақша кезегін онлайн түрде тексеруге болады:
- Электронды үкімет порталында онлайн қызметі арқылы;
- Telegram-бот арқылы;
- Қалалар мен аудандар білім бөлімдерінің сайттарында жарияланған сервис арқылы.
Мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаға баланы қалай орналастыруға болады?
Мемлекеттік балабақшалардан бөлек, мемлекеттік тапсырысы бар жеке балабақшаларға да тіркелу мүмкіндігі бар.
Бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік бюджеттен бала тәрбиесі мен білім алуының шығындары төленеді. Ал ата-аналар тамақтану құны мен қосымша қызметтерді төлейді.
Мемлекеттік тапсырысы бар жеке балабақшаға жолдама Білім басқармасында беріледі. Ата-аналар жекеменшік балабақшамен келісімшарт жасайды. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ төленетін ақы мөлшері көрсетіледі.
Балабақша төлемақысы
Бұл мәселе жыл сайын жергілікті атқарушы органдармен шешіліп, тиісті құжат жарияланып отырады.
Мысалы, 2025 жылға Улытау облысының әкімдігі ата-аналардан төленетін ақының мөлшерін 11 мыңнан 19 мың теңгеге дейін белгілеген. Төлем мөлшері баланың жасына және елді мекенге байланысты белгіленеді. Жезқазғанда және Сәтпаевта үш жастан бес жасқа дейінгі балалар үшін ең жоғары төлем — 19 мың теңге, Қаражалдағы ата-аналар 12 мың теңге төлейді.
Алматыда мемлекеттік балабақшада тамақтануға ата-аналардың қосымша төлемі 2025 жылы 25 мың теңге болады. Астанада үш жасқа дейінгі балаларға ата-аналар ай сайын 19,7 мың теңге, үш жастан асқан балаларға 20,8 мың теңге төлейді.
