Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов кәмелетке толмағандардың қазасына себеп болған жол-көлік оқиғаларынан кейін қала ішінде жүк көліктерінің қозғалысын шектеу туралы ұсыныстарға қатысты пікір білдірді.
Мәжіліс кулуарында журналистер Шымкент пен Астанадағы резонанс тудырған жол апаттарынан кейін жүк көліктерінің қала аумағында жүруіне тыйым салу мәселесі қаралып жатқан-жатпағанын сұрады.
Министрдің орынбасары аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтты.
Екі оқиға бойынша да Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі негізінде жедел түрде қылмыстық іс қозғалды. Шымкенттегі жол апатынан кейін жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті сот-техникалық сараптамалар тағайындалып, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда және заңда белгіленген мерзімде аяқталады, – деді Санжар Әділов.
Оқи отырыңыз:
- «Қазақтың Джейсон Стэйтемі»: фуралардың арасынан аман өтіп, желі жұлдызына айналған Қанат кім?
- «Мажорлар дәуірі бітті»: Алматыдағы апаттан кейін депутат мәлімдеме жасады
Оның айтуынша, қазіргі кезде қайғылы оқиғалардың нақты себептерін анықтау бағытында тергеу әрекеттері жалғасуда.
Әрбір қылмыстық іс бойынша тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында құқық бұзушылыққа ықпал еткен мән-жайлар мен себептерді міндетті түрде талдайды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес анықталған себептер мен жағдайларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгізіледі, – деді ол.
Жүк көліктеріне толық тыйым салына ма?
Қала аумағындағы жүк көліктерінің қозғалысына қатысты сұраққа жауап берген Санжар Әділов мұндай көліктердің жүруіне толық тыйым салу мүмкін емес екенін айтты.
Оның сөзінше, жүк көліктері құрылыс, коммуналдық қызмет, логистика және қалалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет.
Қала ішіндегі жүк көліктеріне қатысты нақты жол қозғалысы ережелері бар. Онда барлық көлік түрлерінің, соның ішінде жүк көліктерінің қозғалысы нақты реттелген. Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Сондықтан жүк көліктерінің қалаға кіруіне және қозғалысына толық тыйым салу мүмкін емес. Өйткені олар құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты ауқымды міндеттерді атқарып отыр, – деді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, кейінгі уақытта жүк көліктерінің қатысуымен болған бірнеше қайғылы жол апаты қоғамда үлкен резонанс туғызып, олардың қозғалысын шектеу мәселесін қайта көтерген болатын.
Бұған дейін үш адамның өмірін қиған апаттың мән-жайы туралы жазғанбыз.