Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында қаза болғандардың туыстары сөз сөйлеп, айыпталушы Александр Пакқа қатысты ұстанымдарын айтты. Олар сотталушының кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтегенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
«Ешқандай шағымымыз жоқ»
Сотта алғашқылардың бірі болып апаттан қаза тапқан Еламан Қайыржанұлының әпкесі жауап берді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға туралы хабарды таңғы сағат 07:30 шамасында алған. Марқұмның денесін тануға оның бауыры барған. Жәбірленуші сот барысында айыпталушы тараппен татуласқанын растады.
Айыпталушы кінәсін толығымен мойындап, кешірім сұрады. Материалдық және моральдық өтемақыны толық өтеді. Менің және басқа туыстарымның оған ешқандай шағымы жоқ және болмайды да, – деді ол.
Марқұмның әпкесі соттан Александр Пакқа бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза немесе шартты жаза тағайындауды сұрады.
Құмар Теңелбаеваның анасы да кешірім берді
Сот отырысында апаттан көз жұмған Құмар Теңелбаеваның анасының жазбаша өтініші де оқылды. Ол да айыпталушыға қатысты ешқандай талабы жоқ екенін айтты.
Иә, бұл өзім жазған арыз. Біздің еш шағымымыз жоқ. Сотталушы кінәсін мойындап отыр. Еламанның отбасымен бірге оны кешірдік, – деді жәбірленуші.
Оның сөзінше, отбасы сотталушыны кешірген және оған қатысты материалдық немесе моральдық талап қоймайды.
Сот отырысы кейінге қалдырылды
Ал апаттан қаза тапқан үшінші жәбірленушінің анасы сот отырысына қатысқан жоқ. Ол сот залына келмеген және бейнебайланыс арқылы да қосылмаған. Осыған байланысты сот істі қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдап, келесі отырысты 4 маусымға белгіледі.
Александр Пак сотта кешірім сұраған болатын
Еске салсақ, 28 мамырда іс бойынша алдын ала тыңдау өткен еді. Сол кезде Александр Пак қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрап, заң алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотқа 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз берілетінін хабарлаған болатын.
Қайғылы апат 21 наурызда болды
Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі Еламан Қайыржанұлы мен жолаушылары Құмар Теңелбаева және Томирис Қыдырбек оқиға орнында қаза тапты.
Резонанс тудырған жол апатынан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов арнайы мәлімдеме жасап, бірқатар басшылардың қызметінен босатылғанын хабарлаған болатын. Кейін Алматы қалалық полиция департаменті күдікті жүргізушінің қамауға алынғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.