Жаңалықтар

Бүгін білім күні

Жаңа оқу жылы қандай болады?
01.09.2015 02:47 8392

Бүгін – Білім күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес бұл күні республика көлемінде атап өтіледі.

Бүгін білім күні

Биылғы оқу жылында қандай өзгерістер, жаңашылдықтар болады? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов BNews.kz порталының студиясында «Жаңа оқу жылы қандай болады?» тақырыбында өткен онлайн-конференциядағы сұрақ-жауапқа шолу жасап, білім саласы қызметкерлерінің Республикалық тамыз педагогикалық кеңесінде сөз болған мәселелерге тоқталып өтейік.   

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов:

Биыл ЖОО орындарына түсушілерге 32 мың грант бөлінді. 32 мың грантты біз көбінесе техникалық, медициналық және педагогикалық мамандықтарға бөлдік. Ал гуманитарлық салаға аз грант берілді. Ал «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты бұл сұрақты біз өз қарауымызға алдық. Расымен де 39 адам аз ғана грант бөлінген мамандықтарды таңдапты. Бұл көбінесе гуманитарлық мамандықтар мен экономика және халықаралық қатынас. Біз сол тізімнің ішіндегі тек 23 адаммен хабарласа алдық. Ал қалғандарымен байланыс бола салысымен, ол мәселені де қарастырамыз. Расымен де, 25-і күні құжат қабылдау уақыты аяқталған еді. дегенмен, одан кейінгі 2 апта көлемінде бізде уақыт бар деуге болады. Себебі 100-150 грант иелері шетелге кету немесе басқа да себептермен гранттарынан бас тартқан болатын. Сондықтан да қалған «Алтын белгі» иегерлерінде мүмкіндік бар. Сонымен қатар оларды біз қолдауға дайынбыз, себебі «Алтын белгі» иегері болу - бұл үлкен жетістік. Олар мектеп қабырғасында үздік оқып, ҰБТдан да жоғары нәтиже көрсете білді. Сонлықтан, біз оларды қолдауға дайынбыз.

Орта білім туралы

Орта білім– білім беру жүйесінің жүрегі. Сол себепті біздің орта білім бәсекеге қабілетті және заман талаптарына сай болуы керек. Ең бастысы– пәндерді оқыту әдістемесін өзгерту болып тұр. Біз орта мектеп стандарттарын әлі бір жыл қарастырамыз. Себебі тек бастауыш мектеп стандарттарын бекіттік. Ал жаңа пәндерге келер болсақ, біз бастауыш сыныпта өткенді орта мектепте толықтырып үйреніп, жоғары мектепте одан да күрделендіріп оқитынымыз белгілі. Осы жүйе тәрбие жұмысында да болуы керек. Сонымен қатар бірнеше пәндерге ортақ тақырыптарды да жүйелі оқыту көзделіп отыр. Ал бірнеше тілде оқыту оқушының коммуникативті қабілетін арттыруға көмектеседі. Мысалы, қазақстан тарихын орыс сыныптарында қазақша оқыту оларға тілді терең меңгеруіне жәрдемдесетіні сөзсіз. Бұл әдістеме көптеген дамыған елдерде жұмыс істеп келеді. Биыл осы бағдарлама 30 мектепте пилотты үлгіде бірінші сыныпта басталады. Келесі жылы екінші сыныпқа енгізіп, сол секілді ары қарай дамыта беретін боламыз.

Білім саласының жетістіктер туралы:

Биыл білім саласы бәсекеге қабілеттілігі жағынан 8 саты жоғары шықты. Сонымен қатар былтырғы оқу жылының көрсеткіші бойынша ҰБТ нәтижесі де артты. Ал ұлттық ЖОО на келер болсақ, олардың төртеуі білім министрлігіне қарайды. 1 қыркүйектен бастап олардың үшеуі жаңа бағдарламамен жұмыс бастайды. Сондай ақ бұл төрт ЖОО зерттеушілік бағытта да жұмыс атқаратындарын айта кету керек.

Биыл елімізде 157 жаңа мектеп ашылды.

Ұстаздардың жалақсы туралы

Келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25-27% артатын болады. Ал 3 категориялы ұстаздар 30, 70 немесе 100 пайызға жоғары жалақы алады. Бізде біліктілікті арттыру жүйесі бар. Егер ұстаздар біліктілікті арттыру жүйесінен өтсе, өзінің біліктілігін арттырса, ол категориясына байланысты 30, 70 немесе 100% жоғары жалақы алатын болады.

Жақында Астанада мемлекет Басшысының бес институционалды реформасын жүзеге асыру аясында «Білім және ғылым жүйесіндегі реформалар туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің брифингі өткен болатын. Осы жиында келесідей мәселелер сөз болды.

Жан басын қаржыландыру бойынша апробацияны енгізуге 126 пилоттық мектеп (5 облыстағы 63 мектеп және Қарағанды мен Түркістан қалаларындағы жаңа 63 мектеп) дайындалуда. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша шетелдік оқулықтарды тексеру жоспарланған, ағылшын тіліндегі 40 білім беру бағдарламалары және оқулықтар жасалынады, 2,4 мың мұғалім және ПОҚ қайта даярлаудан өтеді. 76-шы қадам аясында материалдық-техникалық базаны жаңартуға және мұғалімдерді ынталандыруға бағытталған, мектептерді ынталандыру жүйесін дамыту және 96 мектепке гранттарды тағайындау жүйесін жетілдіру қарастырылған. 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасындағы барлық мектептер 12-жылдық білім беруге көшеді.

Жетекші 10 ЖОО және 10 колледж үшін 48 жаңа білім беру бағдарламалары жасақталады.

ҚР Білім және ғылым министрлігімен «ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялизациялау туралы» ҚР заң жобасы дайындалды. Заң жобасы Қазақстан Республикасындағы ғылыми және техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялизациялау жүйесінің қызметін жүзеге асырумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдардың келісімінде.

Қазақстандық мектептерді жаңа оқу жылына оқулықтармен және ОӘК қамтамасыз ету оң шешіледі: Министрлікпен ағымдағы жылдың 19 тамызында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде республика бойынша оқулықтармен қамтамасыз ету деңгейі 96,8% құрады.

Астанада білім беру қызметкерлерінің Республикалық тамыз педагогикалық кеңесінің пленарлық отырысында қазақстандық білім берудің жаңа реформалары белгілі болды.  Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, бұл жылы «Дүние тану» пәнінің - жалпы-гуманитарлық ғылымдардың кіріспе курсының мазмұны өзгертілді; Жаңа пән «Жаратылыстану» (1-4 сыныпқа) енгізілді; 3-ші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар»  оқу пәні енгізіледі. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін, орыс тілінде оқытпайтын мектептерде орыс тілін, ағылшын тілін  деңгейлік оқыту 1-ші сыныптан басталады. Оқу үрдісін технологияландыру үшін ұзақ мерзімді, орта және қысқа мерзімді жоспарлар үлгісі жасалынған, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлаудан құтқаратындықтан,  бұл оқытушылардың жүктемесін күрт азайтуға мүмкіндік береді. Пилоттық мектептердің бірінші сыныптары бес күн оқитын болады. Негізгі орта білім стандартының ерекшелігі, базалық білім беруді аяқтауға бағытталғаны болып табылады. 5-ші сыныптан 6 сыныпқа дейінгі оқу үрдісіне - «Ғылымға кіріспе», «Қазақстан тарихы», «Әлем тарихы», «Математика» қосылған.Жоғарғы сыныптарда жалпы-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы әр түрлі мектептер үшін тереңдетілген деңгейдегі 3 міндетті пән және стандарттық деңгейдегі 4 міндетті пән енгізілетін болады.

«Жаhандық келешек және жобалық жұмыс»  - жаңа пәні шығады. Үш тілде оқыту үлгісі енгізілетін болады. «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті», «Қазақстан тарихы» және «География» пәндері қазақ тілінде оқытылатын болады. «Дүниежүзі тарихы» барлық мектептерде орыс тілінде, «Информатика», «Физика», «Химия» және «Биология» - ағылшын тілінде оқытылатын болады. Жазғы тіл тоқсанын ұйымдастыру жоспарлануда. 2015-2016 оқу жылдарында «Мәңгілік ел» құндылықтарын оқыту басталады. Сонымен қатар баллдық жүйемен есептелетін «жетті» және «ұмтылу» атты - екі бағдарды қамтитын критериалдық бағалау жүйесін әзірледі.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға