Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ - 3

Қашаған Күржіманұлының поэзиясы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы өмір шындығын көркем шындыққа айналдырғандығымен, қазақ халқына жүргізілген отарлау саясатын ащы тілмен сынауымен, тәуелсіздік идеясын көтеруімен құнды.
03.03.2014 07:48 6653

Қашаған Күржіманұлының поэзиясы  ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы өмір шындығын көркем шындыққа айналдырғандығымен, қазақ халқына жүргізілген отарлау саясатын ащы тілмен сынауымен, тәуелсіздік идеясын көтеруімен құнды. Ақынның бейнелі образ жасауы, өлеңдерінде көркемдік құралдардың көптеп қолданылуы ақын шығармашылығының көркемдік-эстетикалық жетістігі.

Қ.Сыдиқов, Х.Сүйіншәлиев [7], Ж.Тілепов, А.Шәріп [8], М.Қосымбаев, А.Бүркітбаева және т.б. зерттеушілердің арқасында шығармалары ғылыми айналымға түсіп, ақын туындылары халық игілігіне қызмет етті. І.Шыртанов, А.Әбдіров, С.Назарбекұлы және т.б. ағаларымыз жоғалтқанымызды түгендеп,  Қашаған ақынның да шешен сөздерін жинап, ел игілігіне ұсынды.

Қашаған өлеңдерінде надан, дінбұзар, дүмше молдалар мен сараң байларды аяусыз әшкерелеп («Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға»), адамгершілік, ізгілік қасиеттерді («Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны»,) дәріптейді, елдік пен ерлікті, халық мұратын («Ізім шайырмен айтысы», «Ізбасқа айтқаны») жырлайды. «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Әзірет Ғали» дастандарында халықтың көне шежіресі мен тарихын, Атырау өңіріне үлкен қасірет әкелген табиғат апатын толғайды. Қашаған заман сырын сезіне алды, халық келешегіне сенді, әйел-ананың қоғамдағы рөлін түсінді, дүниенің мәңгі дамуда екенін, уақыттың өтпелілігін ұғына білді. Ол халық тарихын, дін-шариғат қағидаларын мол білген. Әйгілі жыраулар дәстүрімен толғайтын ақын «Қырымның қырық батыры» деп аталатын жырларды ел арасына таратқан. Қашаған ақын шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде («Әдебиет майданы», 1935, № 6, 75-78 б., «Батыс Қазақстан», 23.ІХ.1964, № 227, т.б.) және «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (Алматы, 1967), «Ақберген» (Алматы, 1972), «Өсиет наме» (Алматы, 1982), «Үш ғасыр жырлайды» (ІІ том, Алматы, 1984), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (Алматы, 1985), «Бес ғасыр жырлайды» (Алматы, 2-том, 1984, 1989) жинақтарында жарияланған. «Сараң сұпыға», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» – Жетібай елді мекенінің  тұрғыны, Қашаған ақынның немере інісі Көшен Өсербаев айтуы бойынша және жазушы Қажығали Мұханбетқаливтың ел аузынан жинаған нұсқасы бойынша жарияланып жүр. «Нұрым мен Қашаған айтысының» толық нұсқасы 1968 жылы Гурьев облысының Ембі ауданында тұратын шежіреші, жыршы Қайшыбай Боқановтың айтуынан жазылған. Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорында айтыстың екі үзіндісі сақтаулы (398-папка, 95-97 б., жинаған И.Ұйықбаев, 40-і папка, 2-дәптер, 17-20 б.). «Атамекен» жыры алғаш «Ақберен», кейін «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарияланды. Ақынның інісі Қ.Өсербаев 1928 жылы ақынның өз айтуынан үйренген. Ерлер мінген сәйгүліктерді суреттеудегі «Ебейдей төсі салынған,  Егеудей тісі жанылған. Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген», – деген жолдар Маңғыстау қазақтарының ауызекі тілін  зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Сапарғали Омарбеков жинаған деректер бойынша толықтырылған. «Топан», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Ақберен» жинақтарында жарық көрді. Бұл дастанды да жаздырған Қ.Өсербаев 1928 жылы Қашағаннның өз айтуынан үйренген. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кітапханасы қорында сақтаулы. 1939, 1947 жылдардағы Маңғыстау экспедициясы материалдары бойынша толықтырылды: «Адай тегі».  Қазақ ССР Ғылым академиясының орталық кітапханасы қорынан, 398-папка, 102-122 беттер. Аңыз-хиқаяға мынадай түсінік берілген: «Кіші жүздегі Таз руынан шыққан» Қашқынбай ақын ел әкімдерінің көз қырына ілініп, біраз жыл бойы тасалап, елге оралған соң, Көкжар жәрмеңкесіне келеді. Өзі Адайға жиен екен. Адайдың бір топ билері оның келгенін естіп амандасуға барады.

– Е, Қашқынбай, сіз көрмеген есік-тесік бар ма? Не көріп, не білдіңіз, әңгіме айтыңыз,- дейді Мәтжан би. Сонда Қашқынбай:

– Әңгіме сұрап отырған кісіні танымадым ғой,- дейді.

– Бұл Мәтжан деген ағаң, – дейді отырғандар.

– Мәтжан аға, шежірешілер Адай мен Таз егіз туған деседі. Кез келген адам Адайдың тегін сұрап жүргізбеді. Жеті-сегіз жыл есік-тесік қоймай шежіре іздедім, таба алмадым. Ол жайында өзіңіз не білдіңіз?

– Екі-үш күннен соң билер базарға беттеп, кыдырып келе жатса, бір бұрыштан Қашқынбай шыға келіп:

– Адай билері, кешегі сұрағаныма қашан жауап бересіңдер?- дейді. Екі жарылып, төрден орын береді. Сол кезде:

– «Жыршы, жыршы» деп төрден орын беріңдер, жыршы болса шежіре білетін болар. Адайдың тегін айтып берсін,- дейді.

– Құлағынды сал, Қашқынбай, мен қазір айтып берейін,- деп Қашаған жырлай жөнеледі.

«Бекес байға» Қазақ ССР Ғылым академиясының орталық кітапханасы қорынан, 398-папка, 152-153 беттер. 1947 жылы  тапсырған Ш.Үсембаев, жинаған И.Ұйықбаев. «Жұттан кейін», «Замана халі». 1964 жылы Көшен Өсербаев айтуымен жазылған. «Қарасай-Қази» (Қашаған жырлаған нұсқасы). Қашағанның немере інісі, Маңғыстаулық жыршы Шадыман Үсембаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка).  Шәдіман «Қарасай-Қазиды» ақынның өз айтуымен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұсқалары кездеседі. Қашаған шығармаларын өз айтуынан естіп, хатқа түсірген – ақынның немере інілері Көшен Өсербаев пен Шадыман Үсембаев сияқты жыршылар мен Темірғали Күнтуғанов секілді жинаушылар. Әсіресе ақынның мол мұраларын жинақтауда, қағаз бетіне түсіруде әрі ҚР ҰҒА-ның қолжазбалар қорына өткізуде ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы көп еңбек сіңірген. Қашаған шығармаларын Қ.Өсербаевтан, Қ.Боқановтан, Қ.Мұханбетқалиевтан, С.Омарбековтан, Ш.Үсембаевтан жазып алып, жинаған белгілі зерттеуші Қ.Сыдиқов.

            1991 жылы Маңғыстауда ақынның туғанына 150 жыл толуына арналған той халықтық мереке ретінде атап өтілді. Ақын бейітіне сәулетті күмбез – кесене (бас шебері сәулетші М.Нұрқабаев) орнатылды. 2009 жылы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында ақынның жаңа мүсіні орнатылды. Биыл атамыздың туғанынан 170 жыл толуына орай республикалық ауқымды шаралар жоспарланды.

Қашаған Күржіманұлы – қазақ жырының кәусар бұлағы. Оның жырларынан халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, арман-мұңы бой көрсетіп, оқыған мен тыңдағанды еліктіре түседі. Өлеңдеріндегі өзіндік мінез қайсар ақынның алып тұлғасын аңғартып, адамды биікке жетелегендей болады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР 

1. Сыдиықов Қ. Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі. Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 3-25-бб.

2. Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 176 б.

3. Маңғыстау мұралары, Алматы, 1993 – 52 б.

4. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Алматы: Білім, 2000. – 368 б.

5. Кекілбаев Ә. Жырдария // Егемен Қазақстан. 26 қыркүйек, 1991 жыл.

6. Бес ғасыр жырлайды. Алматы: Жазушы, 1989.- Т.2. – 496 б.

7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997. – 928 б.

8. Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. Алматы: Білім, 2000. – 336 б.

...басы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға