Жаңалықтар

Қазақ ханының міндеттері

Хан тұқымының өкілдері өңірлер мен ірі ұлыстарды басқарды.
13.08.2015 05:02 5751

Моңғол империясынан қалған дәстүр бойынша хан тағына тек Шыңғыс хан ұрпақтары отыра алады. Тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, болашақ ханды тәрбиелеуге атабек лауазымындағы арнайы адам тағайындалып отырған. Сол атабек баланы жастайынан мемлекет басқару ісіне баулыды.

Қазақ ханының міндеттері

Хан тұқымының өкілдері өңірлер мен ірі ұлыстарды басқарды.

Хан бас қолбасшы болды. Ал әскери бөлімдер ханның жақын туыстары мен хан ұрпақтарына жүктелді. Оларға тұрақты әскер ұстаудың қажеті жоқ еді. Ер балалар ер жеткеннен ат үстінде жүретіндіктен оларды соғысқа жұмылдыру қиын емес-ті. Тұрақты әскер соғыс кезінде ғана жасақталатын.

Хан халықаралық қатынастарда да басты тұлға болды. Ханның атынан немесе соның тапсырмасымен ұлтандар, батырлар, билер алыс-жақын шет елдерге шыға беретін. Келіссөздер жүргізетін. Келген қонақтарды қабылдады. Мәселен, жоғары мәртебелі қонақтарды Ордаға жетуін күтпестен, алдынан шығып қарсы алған.

15 ғасырда Алтын Орда мемлекетінде болған неміс И.Шильтбергер ханның қалай сайланатынын былай суреттеді: «Ханды ақ киізге отырғызып, үш рет көтереді. Сосын шатырды айнала көтеріп жүреді, таққа отырғызады, қолына алтын қылыш ұстатады. Осыдан кейін өз ғұрыптары бойынша ант береді». Арада 4 ғасыр өткен соң қазақ еліне келген А. Левшин де ханның сайлану үрдісін осылай суреттейді: «Сайлауға келгендердің саны ұлғайғанда жалпы жиналыс тағайындалады және кілем мен киіз төселіп, оларға сұлтандар, ақсақалдар, билер, рубасылар, танымалдығы немесе биліктегі мәртебесіне қарай жайғасады, қара халық солардың артында тұрады. Мұндай мәжілістің басталуы әдетте тыныш, аяғы шулы. Оны жасы үлкен немесе тәжірибесі мол құрметті адам ашады, батылдары жандандырады, ірілері бағыт береді. Ең соңында бәрі қосылып, екі, үш немесе одан да көп күнге созылатын пікірталасқа кіріседі. Хан сайланған соң бірнеше беделді сұлтан мен ақсақал оған хабар жеткізеді, жұқа ақ киізге отырғызып, төбелеріне көтереді, қайта жерге түсіреді. Іле шала оларды алмастыратын қалың көпшілік жаңа билеушіні көтеруге лап береді. Әрі орасан зор дауыспен және айғаймен әлденеше уақыт көтеріп, түсіреді. Ақырында тақ орнына пайдаланылған киіз, кейде тіпті ханның үстіндегі киімі талапайға түсіп, сайлауға қатысқанның айғақ-дәлелі ретінде әркімнің қолында кетеді».

Ханның билігіне мерзімдік шектеу жоқ. Бірнеше айдан жарты ғасырға жуық мемлекет басқарған хандар бар. Оның ауысуы: жасы ұлғайып, өмірден озғанда; соғыс даласында қаза тапқанда; мемлекетті басқаруға күш қайраты жетпегенде; ел ішіндегі билікке талас кезінде қарсыласынан жеңілгенде болуы мүмкін.

Қазақ хандығында әлеуметтік жіктелу болғаны рас. Бірақ Еуропа елдеріндегідей шаруалардың билікті басып алуы, көтеріліске шығуы сияқты жағдайлар болған емес.

«Қазақ қашанда өзінің ханын сыйлап өткен халық, себебі хан ел тәуелсіздігінің, бірлігінің символы. Әйтпесе, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп несі бар, «алдияр», «хан ием» деп алдында несіне құрақ ұшады? Кешегі өткен Кенесары мен Наурызбайды жоқтаған жырларды өзге ұлт емес, қазақтың соңғы жыраулары шығарған:

Қарашыда не күй бар,

Айбынды ханы болмаса?

Қайран есіл хандарды,

Енді бір көрер күн бар ма?

Тіпті әріге бармай-ақ қояйық, 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс кезінде де қазақ әуелі хан сайлаған», - дейді тарихшы Жамбыл Артықбаев.


Жанат ҚАПАЛБАЕВА

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға