Еліміздің Қорғаныс министрі болып Айдос Мырзахметов тағайындалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін қорғаныс министрі болған Дәурен Қосанов лауазымынан босатылған еді.
Естеріңізде болса, бейсенбі күні Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болған еді. Белгілі болған дерек бойынша 14 әскери қызметкер толқын кезінде суға батып қайтыс болды.
Осыған байланысты 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Каспий теңізінің акваториясында оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде оқыс жағдайға ұшыраған әскери қызметшілерді іздеу бойынша тәулік бойы үздіксіз операция жүргізілді.
Оқиғадан кейін бір күн өткенде 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен 5 лауазымды тұлға ұсталды.