Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды. Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметкерді алып кеткен. Қорғаныс министрлігі 9 адамның қаза тапқанын растады.
Оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында болған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен.
Қазіргі уақытта 9 адамның мәйіті табылған. Тағы үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру жұмыстарына Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен министрлік комиссиясы аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Ведомство іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер нақтыланған сайын жарияланатынын хабарлады.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ақпаратты тек Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми дереккөздерінен алуға кеңес берілді.