Жаңалықтар

Асық және оның түрлері

Асық ойыны – қазақы ортада ерекше кең тараған ұлттық ойынның түрі, оны көшпелі этномәдени орта тудырған төлтума өнер ретінде де бағамдауға болады.
27.08.2014 10:08 26774

Асық ойыны – қазақы ортада ерекше кең тараған ұлттық ойынның түрі, оны көшпелі этномәдени орта тудырған төлтума өнер ретінде де бағамдауға болады. Ойынның негізгі объектісі де, құралы да – асық.

 Асық және оның түрлері

Асық және оның түрлері. Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының (артқы аяғының) орта тұсындағы асық жілік пен жіліншік арасындағы буынның қозғалысын реттеп тұратын сүйек. Арқардың асығын құлжа, кішіректеу келген түрін топай, киік асығын шүкейт, ешкінікі – ешкімек (өкіршік) деп аталады. Арқар мен құлжаның ірілеу келген асығын қолқар деп атайды.

 Асық және оның түрлері

1 - алшы, 2 - тәйке, 3 - бүге, 4 - шіге, 5 - оңқай, 6 - солақай, 7 - омпы, 8 - шоңқай. Суретші Ж.Шәйкен

 Асық және оның түрлері

қынжы, жантай

 Асық және оның түрлері

Қорғасын құйылған асықтар.

Суретші Ж.Шәйкен

Қой асығынан бір жарым, екі есе ірі келетін қолқар сақа орнына да жүреді. Ал шүкейт пен ешкемекті А. ойнында қолданылғанымен, ату құралы ретінде қолданыла бермейді. Есесіне шүкейтпен төрт шүкейт деп аталатын құмар ойынын ойнайды. Сиыр асығы сомпа, түйенікі сақа деп аталады. Осындай мал түрлерінің және жоғарыда аталған аңдардың асықтарын және сақаларды арнайы өңдеп, түрлі ойындарға және болжам жасау үрдісіне қолданады. Басқа малдың түрлерінің, мысалы, жылқы түлігінің А.-ғының пішіні аталмыш мал түліктері мен аңдардың А.-тарының бітімінен өзгеше болғандықтан, ойынға қолданбайды. Ондай пішіні алабөтен А.-тарды топай деп атайды.

Ойын үрдісінде А.-тың әр жағының өзіндік мәні мен маңызы бар. А. қырынан тұрғанда ойыстау беті – алшы, кері жақ жазықтау келген қыры – тәйке, ішкі қобылы – ойыс жағы – шіге (шік), сыртқы дөңес беті – бүге (бүк) деп аталады. Сондай-ақ, А.-тың жілікпен ұстасып тұрған қобылы қырын омпа (оңқы), ал толарсақ пен топай сүйектермен байланысып тұрған доғал басы шомпа (шоңқы) делінеді. А.-тың бүйірлеп жартылай жантайып түскен түрін қынжы немесе жантай деп атайды. Төменде А.-тың негізгі позициялары беріліп отыр.

Оң жіліктің асығын оңқай, сол жіліктікін солақай деп жіктейді. Адамдардың басым көпшілігі оңқай болып келетіндіктен, иіруге және атуға оңқай А. таңдалынады. Және оңқай А.-тың солақай А.-қа қарағанда, оң қолмен иірілетіндіктен және атылатындықтан алшы түсу ықтималдығы жоғары болып келеді. Әдетте, А.-ты иіргенде тек қана алшы түссін деп иіреді. Өйткені, А.-тың барлық ойын түрлерінде алшы түскен А. өте ұтымды деп есептелінеді. Яғни асығы алшы түскен адам белгілі бір ахуалдық басымдылыққа ие болады.

А.-тың шіге тұсының шұңқырына және алшы, тәйке жағына қорғасын құйылғандарын сақа деп атайды. Салмақты үлкен сақа жабайт, тәйке жағына қорғасын құйылған сақа көктабан деп аталынады (қ. Жабайт). Ал А.-тың бүге мен шіге және алды-артының орта тұсын белдеулете қорғасын құйылған түрін мойнақ сақа деп атайды.

Ескере кетер жайт – далада жатып қуарып қалған асықты ойынға пайдалануға болмайды. Ондай асықпен ойнаса қолға сүйел шығады-мыс. А. ойыны көне заманнан бастау алады. Арғысы қола дәуірі, бергісі ортағасырлық кезеңдеріне жататын археологиялық ескерткіштер – молалардан А.-тардың жиі табылуы, олардың ойындық функциясынан басқа, ғұрыптық мәнінің де болғандығын айғақтайды.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға