Жаңалықтар

Астанада «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті

Астанада «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті
13.03.2023 16:50 3799

Астанада Нариман Төребаев пен Ермек Аманшаевтың «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті. Драма тіршіліктің тауқыметінен ерте есейген ұлдың тағдыры жайлы сыр шертеді. Әке мен баланың арасындағы көзге көрінбес нәзік байланыс  турасында ой толғайды. Пьесаның қоюшы режиссерімен, бас рөлде ойнаған актермен әңгімелескен едік.

Өнер кеңістігінде дара жолымен танылып, халықаралық, республикалық  театр фестивальдерінде үздіктер қатарынан көрінген Жастар театрының  талантты  ұжымы  көрерменін жаңа туындымен қуантты.

Жалғанның бір сәттік қызығына мастанып, перзентінің тәрбиесіне араласпаған әкені сергелдеңге салып, тұңғиыққа батырған қандай мұң?  Оның  ата тегін буынынан балта шауып үздірмей, үрім бұтағын болашаққа бастайтын соңғы үміті ақтала ма?

Драманың басты кейіпкері – жас қызға ғашық болып қалып, 8 жасар ұлын тастап кеткен әке. Шығармада жиырма жылдан кейін ұлының өзіне қол салып, көз жұмғаны туралы хабарды естіп, оның себебін анықтау жолы суреттеледі.  

Қойылымның қоюшы режиссері – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қойылым туралы спектакльдың қоюшы режиссерімен аз-кем пікірлескен едік.

Режиссер Нұрқанат Жақыпбай бізге қойылымның қалай дүниеге келгенін айтып берді.

Идея авторы – Ермек Аманшаев пен Нариман Төребаев. Ермек Аманшаевтың көп шығармалары шетелдерде қойылып жүр. Оның бір шығармасы «Сын» деп аталатын повесі бір кітап болып шыққан. Мәскеуде басылған. Маған өте ұнады. Сахнаға қойсақ қайтеді деп. Содан бері ол кісімен осы туралы ақылдасып жүрдік. Бірнеше жыл бойы қолы тимей жүрді. Осы биыл қойылым қылып қолыма берді. Аманат деп қолқа салып едің, мойнымда кетпесін деп, жасап алып келдім деді. Менің ойымша, осы қойылымда жаңа драмматургияның белгілері бар. Бұл елу беттік пьеса емес, жиырма шақты беттен тұратын пьеса. Бірақ айтары көп. Әрбір мәтіннің астарында үлкен ой жатыр. Мені осы повесть айтары ойының көптігімен қызықтырған болатын. Жастар театрына бергеніне қуанышты болдым, - деді спектакльдың қоюшы режиссері Нұрқанат Жақыпбай.

Театр – адам жанының айнасы. Күнделікті күйбең тіршілік қамымен түгендей алмай жатқан рухани құндылықтарымызды театрға келіп, тауып жатамыз. Театр кейде бізге өзімізбен түсінісу үшін де керек сияқты. Осы ретте автордан дәл осы қойылымның не беретін сұрадық.

Жұмыс, жұмыс деп шапқылап жүреміз. Айналамызға көз салғанда, жасымыз бірталайға келіп қалған. Ұрпағымызға тәрбие бере алмай қалғанбыз. Мектепке сеніп кеткенбіз, институтқа, қоғамға сеніп кеткенбіз. Баламыз өзін-өзі тәрбиелеп, өз жолын өзі тауып жатады. Ол кейде түзу емес жол болуы мүмкін. Арада ата-анамен қарым-қатынас үзіліп кетеді. Осындай болмаса екен деген ниеттен туды. Баламыз қайда жүргенін де білмейміз. Ол да өзінше өскеннен кейін ата-анасының кейбір айтқан сөзіне мән бермей кетеді. Себебі ол басқа жерде өмір сүрді. Былай қарасаң, бір үйде сізбен бірге өмір сүріп жатыр. Бірақ өзі орта тауып алды. Ол өзіне қажетті көңілді көшеден алды. Тәрбиені көшеден алды. Аяғында осындай үлкен драмаға алып келеді. Ата-аналар баласымен қарым-қатынастан айырылып бара жатқан жоқ па деген ой тастау үшін біз осы спектакльды шығардық,- деді режиссер.

Қойылымның басынан аяғына дейін залда сілтідей тыныштық орнады. Көрермендердің арасында қыбыр еткен қимыл қозғалыс болмады. Барлығы демін ішіне тартып, қойылымнан көз алмай қарап отырды. Қойылым баласына махаббатын бере алмаған әкенің аласұрған күйі. 29 жастағы ұлының өмірінен еш хабары болмаған әке. Ол ұлын банкте лауазымды қызмет атқарады деп ойлап жүреді. Өлімінің себебін анықтау үшін ақпарат іздей бастайды. Сол кезде оның өмірінде әртүрлі бұралаң жолдарға бұрылғанын біледі. Ұлының журналиске ғашық болғанын, отбасы құрғанын, мамандығын өзгертіп, телевизия саласында қызмет атқарғанын біледі. Кейін әйелімен ажырасып, ережесіз жекпе-жекпен айналысқанын біледі. Әкенің қолдауы мен махаббатына бөлене алмаған баланың бос кеңістікті толтыру үшін инеге тәуелді болғанын да көрсетеді. Осы қойылымда әкенің рөлін сомдаған Ғани Құлжановтан қойылым туралы, көрерменнің қандай әсері болғанын сұрадық.

Астанада «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті

«Ермек Әмірханұлы Аманшаевтың бұл бірінші пьесасы емес, және соңғысы да емес деп ойлаймын. Әуезов театрында «Үзілген бесік жыры» деп аталатын топовый спектаклі болған. Сол спектакльде де ойнағанмын. «Үзілген бесік жырынан» кейін араға бірнеше жыл салып Жастар театрының сахнасында «Адасқан ұлыңды кешіре гөр, Жаратқан!» қойылымында Арсен яғни Асланның әкесінің рөлін сомдап жатырмын. Енді бұл – мен үшін үлкен құрмет. Аманшаевтан түскен ұсыныс. Неге десеңіз, Ермек Аманшаевтың біздің театрға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол кісінің біздің театрға деген жанашырлығы, қолдауы, сүйіспеншілігі ерекше. Аманшаевтың пьесасы біздің театрда қойылғанына мен қуаныштымын», - деді спектакльде басты рөлді сомдаған актер Ғани Құлжанов.

Актер ретінде қандай сезімде болдыңыз? Образды қалай шығардыңыз?

Астанада «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті

«Менің бүгінгі сомдаған образымды шығару маған оңайға соққан жоқ. Неге десеңіз, менің әкем 58 жасында 29 жастағы баласынан айырылған, өзімнің туған ағам қайтыс болған. Мен бұл рөлге образ жасар кезде мен әкемнің шкурасына кіруге тырыстым. Сол кезде қандай состояниеде болған еді. Біздің кейіпкердің – Арсеннің көз жұмған баласының да жасы 29-да. Қазір мен 58-демін, сол кездегі әкемнің жасында. Менің де балам бар. Ұлым, ұлым, ойбай өлді деп айта беру маған да оңай тиген жоқ», - деді актер.

Театр – сакральды өнер деп айтып жатамыз. Көрерменге қандай тәрбиелік мәні бар?

«Қазіргі таңда құдай сақтасын, ажырасу көп. Жеңіл өмірді қалайды да. Бәрі емес. Бір бөлігі жеңіл өмір деп соған ұмтылады да отбасының ауыртпалығын көтере алмай, ажырасып жатады. Соларға үлкен үлгі, сабақ болатын спектакль деп санаймын. Топовый спектакль болады деп ойлаймын».

«Көрермен қалай қабылдады? Актер ретінде энергетиканы сезіп жатсыз ба?» деген сауалымыздың жауабын актердың шырақтай жанып тұрған көзінен көрдік.

«Көрерменнің тып-тыныш тыңдауынан қорқасың кейде. Шымылдық жабылған кезде жаймен соғады да. Шымылдық ашылған кезде «Уау» деген кезде «уф» дейсің. Оның өзі де үлкен сыйлық.

Актерден спектакльге дайындық қалай болғаны туралы сұрадық.

«26 қаңтарда менің қолыма пьеса тиді. 26 қаңтар күні таңғы сағат алтыда мен бірінші рет оқыдым. Рөлді оқыған кезде күнді, уақытты жазып қоям. Сахнаға дейінгі дайындық бар, сахнадағы дайындық бар. 11 наурызға дейін дайындық жүргіздік»,- деді Ғани Құлжанов.

Байқап отырмын. Негізгі жүк сізде болды. Қойылым басынан аяғына дейін Арсеннің монологына негізделген. Кейіпкердің эмоциялық күйі, психологиялық жағынан ашуға тырысқан сияқты. Әртүрлі көңілдің күйін көрсету қиын болған жоқ па?

«Жоқ, қиын болмады. Бұл қойылым актерлық ойынға негізделген. Ән, би  қойылымға кірмейді. Айтайын ба? Мұндай рөл ойнау – әрбір актердың арманы», - деді Ғани Құлжанов.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға