Жаңалықтар

Астана мектептерінде 26 мыңнан аса оқушыға орын тапшы

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі айтты
Астана мектептерінде 26 мыңнан аса оқушыға орын тапшы
Фото: t.me/aimagambetov 08.11.2022 10:21 1635

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Елорда маңында орналасқан «Лесозавод» ауданындағы №49 мектепке барды. Мұнда 1 300-ден астам бала оқиды, деп хабарлайды El.kz

"Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстармен танысып, оқу кабинеттерін араладым, кітапханада оқушылармен және кітапханашымен әңгімелестім. Сондай-ақ әріптестеріммен жұмыс мәселелерін талқыладық. Астанадағы білім басқармасының мектептерде оқушылар сарайының филиалдары мен басқа да қосымша білім беру ұйымдарын ашу бойынша оң тәжірибесін атап өткім келеді. Мысалы, бұл мектепте авиамодельдеу, бокс, волейбол және т.б. үйірмелер жұмыс істейді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жаңа мектептер салу жоспарланып отырған бірнеше орынға бардық. Бұл Керей және Жәнібек хандар көшесіндегі (әрқайсысы 2 000 оқушы орны), Төле би көшесіндегі (2 000 оқушы орны) және Байтұрсынов 7 көшесіндегі (600 оқушы орны) мектептер", - деп жазды министр.

Оның айтуынша, қазір қалада оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде екіауысымда 85 мыңға жуық оқушы орнын қамтамасыз ететін 24 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Басым көпшілігі 2024 салынып бітеді.

"Ұлттық жобаны іске асыруға жетекшілік ететін Астана әкімдігінің өкілдері жер учаскелерін бөлу, ЖСҚ дайындау, инженерлік инфрақұрылым және т.б. мәселелерді шешіп жатқанын атап кеткім келеді. Болашақта елордада білім беру объектілерін салу үшін 102 жер учаскесін бөлу жөніндегі шешім де уақытылы қабылданды. Президенттің жаңа ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында алдағы уақытта үшауысымды оқыту мәселесі ғана емес, оқушы орындарының тапшылығы да толық шешіледі", - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Астанада мектеп құрылысы жүргізілетін 100-ден астам жер учаскесі белгіленді. Сондай-ақ Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 54 мектеп салынады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға