Жаңалықтар

Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 54 мектеп салынады

Оқу-ағарту министрі Алматы облысына екінші рет жұмыс сапарымен барды
Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 54 мектеп салынады
Фото: facebook.com 04.11.2022 19:00 1724

Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

"Соңғы 3 айда Алматы облысына екінші рет жұмыс сапарымен келдім. Өңір халқы алдында есеп беру кездесуін өткіздім. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын аралап, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрдім. Қонаев қаласының Мәдениет үйіне екі жүзден астам адам жиналды. Тұрғындарға министрліктің атқарып жатқан жұмыстары, жаңашылдықтар және туындаған өзекті мәселелерді шешу шаралары туралы айтып бердім.

Дәстүр бойынша уақыттың көп бөлігі сұрақ-жауап сессиясына арналды. Кездесуде ұстаздар, ата-аналар және белсенділер түрлі тақырыптарды көтерді. Атап айтқанда, «Жас маман» жобасын жалғастыру, мұғалімдерге цифрлы құзыреттілік курстарын, инклюзивті білім беруді дамыту бойынша курстар ұйымдастыру", - деп жазды министр.

Оның айтуынша, директорларды ротациялау, «Педагог» кәсіби стандарты, мектептердегі тамақтану, оқу-әдістемелік құралдар мен балабақшаларға арналған жаңа үлгілік бағдарламаларға қатысты сұрақтар қойылды. Ата-аналар «Жалпыға міндетті білім беру» қорының жаңа ережелерінің тиімді екенін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, жаңа ережелердің нәтижесі бойынша ақша енді ата-аналардың банктегі шотына тікелей аударылады.

"Жиында айтылған ұсыныстарды министрлік қарайды, ал түйткілді мәселелер бақылауға алынады. Кейін жаңа мектептің құрылысымен және «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру жұмыстарымен, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылымдарды орнату және т.б. жұмыстармен таныстым. Мектеп салу кезінде кәсіби кадрларды іріктеу және құрылысты бақылау маңызды. Біз ережелерге жаңа норма енгізіп жатырмыз. Ол директорды құрылыс-монтаждау жұмыстары (ҚМЖ) кезеңінде тағайындау үшін қажет. Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2024 жылдары екі ауысымда оқитын 120 мыңға жуық оқушыға арналған барлығы 54 мектеп салу жоспарланған. Кейін бірнеше мектепті аралап, директорлармен және педагогтермен әңгімелестім. Әріптестермен жұмыс барысын талқыладық"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға