Жаңалықтар

Қашаған - сөздің дүлділі

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы
03.03.2014 08:00 5456

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы

ҚАШАҒАН – СӨЗДІҢ ДҮЛДҮЛІ

Қашаған бабамыз – өз заманында өткір сөзді сүйетіндерге өзін сағындырған, менменсіген талай майқарын ақынсымақтарды ә дегеннен жырынан жаңылдырған өлең сөздің дүлдүлі болғанын оның артындағы бізге жеткен азын-аулақ жырлары мен айтыстарынан ғана білеміз.

            Бабамыз өмір сүрген дәуірде жаппай жазу-сызу немесе бүгінгі өркениет заманында адамзаттың қолы жеткен радио, теледидар, компьютер, интернет деген ғаламаттар болмағандықтан, ол кісінің қай жерде не айтқанын қағазға түсіретін мүмкіндік болмағаны белгілі.

            Бірақ халықтың жады – сыры кетпейтін айна, сол айнаға түсіп қалған қазынаны пұшпақтап жиып-теріп жүрген жайымыз бар.

            Әлі күнге дейін республика жұртшылығы Қашағанның әр жерде атын естігені болмаса, шығармашылығын білмейді.

            Марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың тірнектеп жинаған еңбектерін жалғастырып толықтыру – осы отырған зерделі ғалымдардың, бабалар сөзін мұра етуге талпынған жастардың борышы.

            Мен Астанадағы академиялық ұлттық кітапханадан Қашаған шығармасын таба алмадым. Екі күн іздеп, әрең дегенде осы Ақтауда тоқсаныншы жылдары компьютер шықпай тұрған кезде баяғы типографияда Қабиболла ағаның шағын ғана алғы сөзімен басылған он бес-жиырма өлеңін тауып алдым.

            Маңғыстауда мүмкіндік бар – университеттің жанынан Қашағанның ғана емес, осы өлкеден шыққан ұлы перзенттерінің шығармаларын басатын баспа ашқан дұрыс болар еді. Маңғыстаудың жер-су тарихын, атақты әнші-күйшілерін, табиғатын Қазақ елі білмейді. Әйтеуір Пір Бекет пен Әбіш Кекілбаевтың осы аймақтан шыққанын біледі, оған да Құдайға  шүкір дейміз. Тіпті Досат, Тастемірді, Жылгелді, Қойбасты былай қойғанда, Қайыптың әндерін де Арқа, оңтүстік, шығыстағы бауырларымыз біле бермейді.

            Қырымбек Елеуұлы Маңғыстау өлкесін өркендету, шаруашылығын дамыту жолында көп еңбек сіңіріп жүргенін Қазақстан халқы жақсы біледі, біз жүрген ортада ол туралы зиялы жұрт сүйсініп сөз айтып жүреді. Біз оған мақтанамыз, марқаямыз.

            Ал, әкімнің орынбасарлары, мәдениет, білім басқармалары да бүгін әр жерде концерт қойып немесе мектептерде біркелкі сабақ жүргізуден аспайтын істермен айналыспай, ертеңгі ұрпақтарға қалатын жан-жақты шаруалар істегендерін тілеймін. Маңғыстаудың ғажайып табиғатын көрсететін суретшілер керек. Елде Бірғали Байекеевтен өзге суретші болмаса, басқа жақтардан таланттарды шақырған абзал және олар жасаған Маңғыстау жайлы туындыларды бүкіл ел көлеміне таратып көрсетсе деймін.

            Маңғыстаудың әні де, сәні де, күйі де бөлек, табиғаты да өзгеше.

            Маңғыстау туралы республикалық деңгейде жыр бәйгесін неге жарияламасқа?

            Бұл да елді, жерді таныту, насихаттаудың бір жолы деп ойлаймын.

            «Соңымда бір тұяқ қалмады» деп күңіреніп өткен Қашаған бабамыздың туғанына 170 жыл толғанын атап өту үшін осы жиынға атсалысып, жергілікті жерде болса да тойлап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Қашекең о дүниеде бір аунап түсіп, тұяқтарым, ұрпақтарым бар екен ғой деп риза болып жатқан шығар.

Ұраным Қосай болғасын,

Бүйірім әттең бұрып тұр,

Амалы түскір құрып тұр,-

деп Қашекеңнің өз сөзімен айтсам, менің де бүйрегім маңғыстаулықтарға бұрады да тұрады.

            Мен сонау жылы Маңғыстау облысы жабылып, кейін қайта облыс ашылғанда «Шашу» деген өлең жазып едім. Онда мынандай жолдар болатын:

Қашаған – сөздің дүлдүлі,

Сәттіғұл – жырдың шынжыры,

Қос тұлпар мініп жатқандай.

Оғыланды жақтан нұр – шапақ

Даламды түгел жапқандай.

Абыл мен Есір дәл бүгін

Төгеді күйдің жаңбырын

Оркестрлерден жасқанбай.

Ақбөбек мінген ақбоз ат

Алшаңдап аяқ басқандай.

Елдік пен кеңдік – ұраны,

Шаттанып тәуба қылады

Кәрісі қалмай, жас қалмай,

Жаңа бір күнге бастардай!

Мақтануға тұратын ата-бабаларымызды мақтан ете білейік!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға