Аргентина қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты

Аргентина қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты
Фото: Getty Images

Аргентина құрамасы Англияны 2:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының екінші финалисі атанды. Лионель Скалони шәкірттері енді 19 шілдеде алтын жүлде үшін Испаниямен кездессе, Томас Тухельдің командасы 3-орынға таласта Франциямен ойнайды.

Кездесуді Англия өте жоғары қарқында бастап, алғашқы минуттардан-ақ қарсыласқа қатты қысым көрсетті. Томас Тухельдің шәкірттері аргентиналықтардың өз айып алаңынан шығуына мүмкіндік бермей, Лионель Мессиді әріптестерінен оқшаулауға тырысты. Соған қарамастан бірінші тайм аса тартысты өткенімен, қауіпті сәттер аз болып, командалар үзіліске голсыз тең есеппен аттанды.

Екінші таймның басында Аргентина есеп ашуға жақын болды. Алайда Джордан Пикфорд Хулиан Альварестің қауіпті соққысын қайтарды. Дегенмен алғашқы болып Англия гол соқты. Гарри Кейн бастаған шабуылда Деклан Райс допты сақтап қалып, Морган Роджерс оң қапталдан дәл пас шығарды. Энтони Гордон қорғаушыны қапы қалдырып, есепті ашты.

Фото: Evrim Aydin/Anadolu via Getty Images
Фото: Evrim Aydin/Anadolu via Getty Images

Жіберіп алған голдан кейін Аргентина толықтай шабуылға көшті. Лионель Месси бастаған шабуылдар бірінен соң бірі ұйымдастырылып, Пикфорд бірнеше рет командасын құтқарды. Алексис Мак Аллистер баспен соққан доп бағанаға тиіп қайтты.

Матчтың 85-минутында Аргентина стандартты жағдайды сәтті пайдаланды. Барлығы Мессидің айып алаңына асырма жасайды деп күткен сәтте, ол допты кері шегініп тұрған Энцо Фернандеске шығарып берді. Жартылай қорғаушы алыстан тамаша соққы жасап, есепті теңестірді.

Көпшілік ойын қосымша уақытқа ұласады деп ойлағанымен, Аргентина жеңісті жұлып әкетті. Қосымша уақыттың екінші минутында Месси қорғаныс дұрыс қайтара алмаған допты иемденіп, Лаутаро Мартинестің басына дәл пас асырды. Қосалқы құрамнан шыққан шабуылшы мүмкіндігін мүлт жібермей, жеңіс голын соқты.

Осылайша Аргентина 2:1 есебімен керемет камбэк жасап, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Кездесуде Лионель Месси екі нәтижелі пас беріп, команданың жеңісіне шешуші үлес қосты.

Біз бұған дейін екі құрама арасындағы ойындардың тарихына үңілген едік.

Оқи отырыңыз