1966, 1986, 1998 енді 2026: Аргентина мен Англия тағы бір тарихи матчқа дайын ба?

1966, 1986, 1998 енді 2026: Аргентина мен Англия тағы бір тарихи матчқа дайын ба?
Фото: Getty Images

Бүгін түнде 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының екінші финалисі анықталады. Қазақстан уақытымен сағат 23:50-де Атланта қаласында Аргентина мен Англия құрамалары кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы финалда Францияны 2:0 есебімен жеңген Испаниямен чемпиондық атақ үшін таласады.

Егер алғашқы жартылай финал Еуро-2024 турниріндегі Испания мен Франция арасындағы тартыстың жалғасы болса, Аргентина мен Англия текетіресінің тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл құрамалар әлем чемпионаттарында бес рет – 1962, 1966, 1986, 1998 және 2002 жылдары кездескен. Оның үшеуінде Англия, екеуінде Аргентина жеңіске жетті. Алайда бұл статистика қос құраманың текетіресіндегі тарихи драманы толық жеткізе алмайды.

Фото: Allsport/Getty Images

«Құдайдың қолы» мен Марадонаның ғасыр голы

1986 жылғы әлем чемпионаты, ширек финал: Аргентина – Англия 2:1. 

Бұл футбол тарихындағы ең әйгілі матчтардың бірі саналады. Кездесу Фолкленд соғысынан төрт жыл өткен соң өтті. Сондықтан алаңдағы тартыс спорттық қана емес, саяси және тарихи мәнге де ие болды.

51-минутта Диего Марадона кейін «Құдайдың қолы» атанған голын соқты. Ол қолымен тигізген допты төрешілер байқамай қалды.

Арада үш минут өткенде аргентиналық аңыз тағы бір тарихи сәтті сыйлады. Өз алаңынан допты алып шыққан Марадона бірнеше ағылшын футболшысын және қақпашыны алдап өтіп, әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік голдардың бірін соқты. Бұл гол 2002 жылы ФИФА дауыс беруінде әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік гол деп танылды.

Матч соңында Гари Линекер бір доп айырмасын қысқартқанымен, Аргентина жеңісті сақтап қалды.

Фото: Offside via Getty Images

Оуэннің керемет голы және Бекхэмнің қызыл қағазы

1998 жылғы әлем чемпионаты, 1/8 финал: Аргентина – Англия 2:2 (пенальти – 4:3).

Бұл Англия мен Аргентина арасындағы текетірес тарихындағы ең тартысты матчтардың бірі болды. Ойынның небәрі бесінші минутында Англия қақпашысы Дэвид Симэн айып алаңында Диего Симеонеге қарсы ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. Габриэль Батистута 11 метрлік айып добын дәл орындап, Аргентинаны алға шығарды.

Алайда көп ұзамай Майкл Оуэн жарқырай көрінді. Алдымен ол аргентиналық қорғаушыларды жарып өтіп, Англияға пенальти алып берді. Тоғызыншы минутта Алан Ширер есепті теңестірді.

Арада бірнеше минут өткен соң Оуэн тағы да шеберлігін паш етті. 16-минутта ол Дэвид Бекхэмнің пасын қабылдап, екі қорғаушыдан сытылып шығып, алыстағы бұрышқа керемет соққы жасады. Англия 2:1 есебімен алға шықты. Кейін бұл гол әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік голдардың тізімінде Диего Марадонаның 1986 жылғы атақты голынан кейінгі екінші орынға ие болды. Дегенмен бірінші тайм аяқталар тұста Хавьер Занетти есепті қайта теңестірді.

Матчтың ең шешуші сәті екінші таймның басында болды. Диего Симеоне Дэвид Бекхэмге қарсы ереже бұзып, оған соқтығысты. Жерде жатқан Бекхэм ашуға ерік беріп, қарсыласын аяғымен теуіп жіберді. Осы әрекеті үшін бас төреші Ким Милтон Нильсен Англия құрамасының жұлдызына бірден қызыл қағаз көрсетті.

Ағылшын ойыншылары төрешінің шешіміне қарсылық білдіргенімен, нәтиже өзгерген жоқ. Кейін төреші өз шешімін былай түсіндірді:

Бекхэм Симеонені қатты теппегеннің өзінде, оның әрекеті спорттық тәртіпке қайшы болды. Соққы жасауға әрекеттенудің өзі қызыл қағаз көрсетуге жеткілікті.

Кейін Дэвид Бекхэм бұл оқиғаны ауыр еске алатынын айтқан еді.

Сол естеліктерді өшіретін дәрі болса ғой деп ойлаймын. Бір ғана ақымақтық менің бүкіл өмірімді өзгертті. Маған «Елдің үмітін ақтамадың», «Сен масқарасың» деген сөздер жиі айтылды. Қайда барсам да адамдар қорлап, жек көретін. Ұйықтай алмадым, дұрыс тамақ ішпедім. Не істерімді білмедім, – деді ол Netflix түсірген деректі фильмде.

Қызығы, Англия он ойыншымен қалғанына қарамастан тағы бір гол соқты. Алайда төреші оны есепке алмады.

Кездесу пенальти сериясына ұласып, Англия тағы да жолы болмады. Осы жеңілістен кейін Бекхэм біраз уақыт Англияда қоғамның қатты сынына ұшырады. Ал Аргентина келесі кезеңде Нидерланд құрамасына есе жіберіп, турнирмен қоштасты.

Фото: Hulton Archive/Getty Images

Қызыл және сары қағаздардың пайда болуына себеп болған матч

1966 жылғы әлем чемпионаты, ширек финал: Англия – Аргентина 1:0.

Матч алғашқы минуттардан-ақ өте тартысты әрі қатаң өтті. Аргентиналық ойыншылар қарсыластарына дөрекі ойнап, жиі ереже бұзды. Бұл, әрине, ағылшын футболшыларының наразылығын туғызды. Ойынның 36-минутында Аргентина құрамасының капитаны Антонио Раттин (ол 2026 жылғы 11 шілдеде дүниеден өтті) бас төрешімен дөрекі сөйлесіп, алаңнан қуылды. Алайда ол кезде футболда қызыл қағаз қолданылмайтын. Сондықтан төреші Раттинге киім ауыстыратын бөлмеге баруды ыммен ғана көрсетті.

Бірақ аргентиналық капитан төрешінің шешімімен келіспей, алаңнан кетуден бас тартты. Соның салдарынан ойын шамамен он минутқа тоқтап қалды. Тіпті алаңға ФИФА төрешілер комитетінің өкілдері де шықты. Ашуға булыққан Раттин Ұлыбританияның мемлекеттік рәмізі бейнеленген бұрыштық жалаушаны майыстырып, кейін патшайым Елизавета II-ге арналған қызыл кілемге барып отырды.

Соған қарамастан, Антонио Раттин ақыры алаңнан кетуге мәжбүр болды. Ал Аргентина құрамасы матчта жеңіліс тапты. Кездесудегі жалғыз голды 77-минутта Джефф Херст соқты.

Матч аяқталған соң Англия құрамасының бас бапкері Альф Рамсей ойыншыларына аргентиналықтармен жейделерін ауыстыруға тыйым салып, қарсыластарын «жануарлар» деп атады.

Бұл кездесу футбол тарихына да үлкен өзгеріс әкелді. Дәл осы матчтан кейін ағылшын төрешісі Кен Астон жол бағдаршамынан үлгі алып, сары және қызыл қағаз жүйесін енгізу идеясын ұсынды. Нәтижесінде 1970 жылғы әлем чемпионатынан бастап төрешілер ойыншыларға ресми түрде сары және қызыл қағаз көрсете бастады.

Фото: Tim De Waele/Getty Images

Бекхэмнің реваншы

2002 жылғы әлем чемпионаты, топтық кезең: Аргентина – Англия 0:1.

1998 жылғы даулы кездесуден төрт жыл өткен соң Англия мен Аргентина құрамалары 2002 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде қайта жолықты. Бұл матчқа қатаң тәртібімен танымал италиялық төреші Пьерлуиджи Коллина қазылық еткендіктен, ойын барысында үлкен жанжалға жол берілмеді.

Марсело Бьелса жаттықтырған Аргентина құрамасы өте мықты құраммен келіп, допты өз бақылауында ұстауға басымдық берді. Ал Англия қарымта шабуылға сенім артты. Команданың басты үміті 2001 жылғы «Алтын доп» иегері Майкл Оуэн болды.

Дәл Оуэн матч тағдырын шешкен сәттің басты кейіпкеріне айналды. Бірінші таймның соңында аргентиналық қорғаушы Маурисио Почеттино оған қарсы айып алаңында ереже бұзды. Кейін Почеттино қарсыласы құлаған сәтті әдейі көрсеткенін айтқанымен, төреші пенальти белгіледі.

11 метрлік айып добын орындауға Дэвид Бекхэм келді. Ол үшін бұл тек гол соғу мүмкіндігі емес, 1998 жылғы оқиғадан кейінгі жеке реванш болатын. Бекхэм қобалжуын жеңіп, пенальтиді сәтті орындады. Бұл гол Англияға 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.

Кейін Бекхэм сол сәтті былай еске алған:

Мен әдетте пенальти тебер алдында қобалжымаймын. Бірақ бұл жолы қатты толқыдым. Бір сәтте тіпті тыныс алуым тоқтап қала жаздады. Ақыры бар ойымды жинап, допты тептім. Өмірімде көп нәрсе болды, бірақ төрт жылдан кейін ғана сол ауыр сезімнен толық арылғандай болдым.

Фото: Keystone/Getty Images

Англия Аргентинаны плей-оффсыз қалдырған матч

1962 жылғы әлем чемпионаты, топтық кезең: Англия – Аргентина 3:1.

1962 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Англия мен Аргентина құрамалары кездесті. Алғашқы турда Англия Венгриядан 1:2 есебімен жеңілсе, Аргентина Болгарияны 1:0 есебімен ұтқан еді. Сондықтан ағылшындар үшін бұл матчта жеңістен басқа нәтиже қолайлы болмады.

Англия мүмкіндігін мүлт жібермей, 67-минутқа дейін қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Аргентина матчтың соңына қарай бір доппен ғана жауап қайтара алды. Осылайша кездесу 3:1 есебімен Англияның пайдасына аяқталды.

Топтық кезеңнің соңғы турында Англия Болгариямен 0:0 есебімен тең түссе, Аргентина Венгриямен дәл осындай нәтижеге қол жеткізді. Екі құрама да үш ұпай жинағанымен, доп айырмасы жақсы болғандықтан Англия келесі кезеңге өтті. Ал Аргентина плей-офф кезеңіне шыға алмай, жарысты ерте аяқтады.

Фото: Getty Images

Месси бастаған Аргентина

Аргентина құрамасының басты күші бұрынғысынша Лионель Месси болып қала береді. 39 жастағы шабуылшы турнир барысында сегіз гол соғып, команда шабуылдарының негізгі ұйымдастырушысы атанды.

Сонымен бірге Аргентина тек Мессиге ғана тәуелді емес. Алексис Мак Аллистер, Энцо Фернандес, Родриго де Пауль, Хулиан Альварес және Лаутаро Мартинес секілді ойыншылар да жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Англия тарихи мүмкіндік алдында

Томас Тухель жаттықтыратын Англия құрамасы плей-офф кезеңінде Конго Демократиялық Республикасын (2:1), Мексиканы (3:2) және Норвегияны (2:1) жеңіп, жартылай финалға шықты.

Әсіресе Норвегияға қарсы матчта Джуд Беллингем дубль жасап, команданың басты қаһарманына айналды.

Енді ағылшындар үшін бұл ойынның маңызы ерекше. Өйткені олар 1966 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығуға мүмкіндік алып отыр.

Тактикалық тартыс

Аргентина матч қарқынын бәсеңдетіп, орталық алаңды бақылауға және Мессиге кеңістік ашуға тырысады. Егер ағылшындар оған еркіндік берсе, аргентиналықтардың қауіпті шабуылдары бірінен соң бірі ұйымдастырылуы мүмкін.

Ал Англия қанаттар арқылы қысым жасап, Гарри Кейннің тәжірибесіне, Джуд Беллингемнің әмбебаптығына және Букайо Саканың жылдамдығына сенім артпақ.

Сонымен қатар қос команда да ширек финалда ауыр ойын өткізгендіктен, футболшылардың физикалық дайындығы мен қосалқы құрамның мүмкіндігі де шешуші факторлардың біріне айналуы ықтимал.

Аргентина Месси дәуірін тағы бір финалмен жалғастыруды қалайды. Ал Англия 60 жылдық күтуді тоқтатып, жаңа тарих жазуды көздейді. Сондықтан бұл жартылай финал әлем чемпионатының ең тартымды кездесулерінің біріне айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз