Жаңалықтар

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу
Фото: Видеодан алынған кадр 16.10.2023 09:17 1803

14 қазан күні «Ирина Кайратовна» тобының мобилографы концертте қайтыс болды. Қайғылы оқиға Астанадағы концертте болды. Концерт басталар уақытта мобилограф сахнадан құлап, көп ұзамай оның қайтыс болғаны, тиісінше концерт кейінге қалдырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақиқатында өмір – деген ақ пен қараның айқасы. Қуаныш бар жерде қайғы, жақсылық бар жерде жамандықтың қатар жүретіні белгілі. Бірақ бұл әншілердің концерті кезіндегі алғашқы қайғылы жағдай емес – жиі кездесетін құбылыс. Ендеше, концерт кезінде болған әлем тарихындағы трагедияларды бірге еске түсіріп көрейік.

«Трэвис Скоттың» концерті (5 қараша, 2021)

2021 жылдың 5 қарашасы күні Техас штатының Хьюстон қаласында өткен Astroworld фестивалінің алғашқы күні 8 көрермен қаза тапты. Атақты әнші Трэвис Скоттың кезегі келіп, сахнаға шыққан уақытта, көпшілік тыңдарман сахнаға қарай жүгіріп, дүрбелең туды.

Сүйікті әншісін жақыннан көру мақсатында адамдар бір-бірін таптап, нәтижесінде 300-ге жуық адам зардап шекті. 8 адам қаза тапты. Оның ішінде біреуі 10 жастағы бала болатын.

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

Фото: Callaghan O'Hare / Reuters

Сергей Шнуров пен «Ленинград» тобының концерті (10 қыркүйек, 2022)

2022 жылғы 10 қыркүйек күні «Лужники» стадионында бірден екі қайғылы оқиға болды. Сергей Шнуров пен «Ленинград» тобының концертінде әйел қайтыс болып, ал ер адам ауыр жарақат алды.

Концерт басталғаннан кейін 20 минуттан соң «Д» трибунасының ең жоғары орнынан, шамамен 10 метр биіктіктен 39 жастағы ер адам құлап кетті. Абырой болғанда, ол аман қалды. Алайда басынан ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Екінші жағдай да сол уақытта дәл сол трибунада болды. Солнечногорск қалалық округінің 41 жастағы тұрғыны 5-қабатқа көтеріліп, кіреберісте есінен танып, құлады. Дәрігерлер көмекке келген. Алайда ақ халаттылар алғашқы көмек көрсеткенше әйел қаза тапты. Кейін, анықталғандай, оның жүрегі тоқтап қалған.

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

Фото: Максим Блинов / РИА Новости

Рэпер «Sool King» концерті (22 тамыз, 2019)

2019 жылдың 22 тамызы Алжир астанасында танымал рэпер Sool King концерт өткізді. Шара өтетін стадионның кіреберістерінің бірінде үлкен кезек пайда болып, бұл тыңдармандардың бір-бірін таптап өтуіне әкеп соқты.

Нәтижесінде екі ер адам және үш әйел адам қаза тапты. Бес адамның қазасына қарамай рэпер коцертті тоқтатпады. Концерт басталар уақытта Sool King қайғылы жағдайға көңіл айтып, шараның соңына дейін өнер көрсетті.

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

Фото: telegraf.com

«Сочи» концерті (12 тамыз, 2022)

2022 жылдың 12 тамыз күні Сочи қаласында өткен мәдени-ойын-сауық іс-шаралардың бірінде 41 жастағы азамат көз жұмды. Ер адам сахнаға өзінің сүйікті әншісіне құрмет көрсетіп, гүл сыйлау үшін бара жатқан жолда жазым болған. Анықталғандай, ол мойнына қызын отырғызып, сахнаға көтеріле берген бойда үш метр биіктіктегі баспалдақтан құлап, қайтыс болды.

Құлаған сәтте 41 жастағы әке қызын қорғау үшін оны құшақтап, бар соққыны өзіне алған. Кейін, анықталғандай, қызға ешқандай зақым келмеген. Алайда желкесімен құлап, басынан ауыр соққы алған әке жансақтау бөліміне түсіп, кейін ауруханада жан тапсырған.

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

https://t.me/kub_mash/3124

Фото: «Baza» телеграм-каналынан скриншот

Рэпер «Big Pokey» концерті (17 маусым, 2023)

2023 жылдың 17 маусымында Техас штатының Бомонт қаласында «Bіg Pokey» лақап атымен танылған рэпер Мелвин Пауэлл сахнада есінен танып, кейін қайтыс болды.

Халық алдында өнер көрсетіп жатқан кезде музыкант дем жетпей, тұншығып бастаған. Тез арада көрермен арасынан медицина қызметкері табылып, рэперге алғашқы көмек көрсеткен. Кейін жедел жәрдем қызметкерлері Мелвин Пауэллді лезде ауруханаға жеткізген. Алайда бірнеше сағат өткеннен кейін рэпер жан тапсырды.

Әншілердің қайғылы жағдаймен аяқталған концерттеріне шолу

Фото: silvano_trotta/Twitter

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға