Кеше, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлерБүгін – әлем футболына құбылыс әкелген, талайларды шеберлігімен тәнті еткен Лионель Мессидің туған күні. Аргентиналық аңыз ойыншы 39 жасқа толды. Осы орайда Ла масия түлегінің өмір жолы, ойыны мен оның әлем чемпионатындағы рекордтарына тоқталамыз.
Оқи отырыңыз:
Иә, биыл Месси әлем чемпионатында жаңа тынысы ашылып, арқасынан жүк түсіп, әр ойыннан ләззат алып жүргені білінеді. Өйткені 2014 жылы Бразилиядағы мундиальда финалда сүрінді. Үш рет Копа Американы еңсере алмады. Осыдан кейін оған аргентиналықтар барынша психологиялық қысым көрсетті. Десе де Лео іштей мүжілгенімен, сынбай, 2022 жылы әлем чемпионы дейтін «құжатын» алды. Сөйтіп, бәз біреулер айтпақшы, футбол Мессидің алдындағы қарызын өтеп, ресми түрде жаһанның үздігі атанды.
Месси мансабында «Барселона», «ПСЖ», «Интер Майами» клубында ойнады. Әрине, жанкүйерлері оның футболи жолы тек «Барселонамен» байланысқанын қалар еді. Бірақ адамның дегені орындала бермейтіні тағы бар.
Аргентинада туған арман
Аргентинаның Росарио қаласында туған Лео Месси «Барселонада» емес, жергілікті «Ньюэллс Олд Бойз» сапында доп тебуді армандады. Сол тұстағы Леоның потенциалына, оның әлемдік жұлдызға айналатынына сенген бірден бір адам – әжесі. Өйткені дәрігерлер баланың дамуы кешігіп жатқанын, бойы өз жасына сай емесін сан мәрте айтады. Ата-анасы да бой өсіретін гормонды сатып алу үшін тапқан-таяғанын аямайды. Әжесі жаттығудан қалмауын қадағалап, барынша қолдау білдіреді. Бапкерлер де Мессидің таланты барын байқағанымен, физикалық тұрғыда қатарға ілесіп кетеріне күмәнмен қарады. Әкесін шақырып алып, ұлын «Барселона», «Реал Мадрид» клубының қаралымына апаруды ұсынады.
Айтқандай Хорхе Месси ұлының ойынын таспалап, «Барселона» жібереді. Жауап келуін тағатсыздана күтеді. Күндердің күні әке мен баланың қалауы орындалып, Барселонаға аттанады. Сонда Мессидің даңғыл жолы басталады. Ла Масияда атақты 87-лер қатарына қосылып, ерте жастан көзге түседі. Оның ойын мәнерін көргендер үздік ойыншыға айналарына шүбәсіз сенеді.
Лионель Месси кәсіби мансабының ең жарқын кезеңін «Барселонада» өткізді. Ол каталондық клубтың негізгі командасында 2004 жылдан 2021 жылға дейін ойнап, 778 матчта 672 гол соқты. Осы уақыт аралығында 10 мәрте Испания чемпионы атанып, 4 рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Жалпы алғанда, Месси «Барселона» сапында 35 трофей иеленіп, клуб тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.
2021 жылы аргентиналық шабуылшы Францияның ПСЖ клубына ауысты. Париж командасында екі маусым өнер көрсетіп, екі рет Франция чемпионы атанды және Франция Суперкубогын жеңді. ПСЖ сапында 75 матч өткізіп, 32 гол соқты.
2023 жылдан бері Месси АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнап жүр. Оның келуімен команда өз тарихындағы алғашқы ірі жетістіктеріне қол жеткізді. Месси клубпен бірге Leagues Cup, MLS Supporters' Shield және MLS Cup турнирлерінің жеңімпазы атанып, америкалық футболдың танымал болуына үлкен үлес қосты.
Мессидің мундиальдағы рекордтары
Аргентина құрамасының көшбасшысы Лионель Месси 2026 жылғы әлем чемпионатында тағы бір тарихи межені бағындырды. Аустрияға қарсы кездесуде гол соққан аргентиналық шабуылшы мундиаль тарихындағы ең үздік сұрмерген атанып, неміс футболының аңызы Мирослав Клозенің рекордын жаңартты. Қазір аргентиналық сұрмергеннің қоржынында 18 гол бар. Оны Килиан Мбаппе өкшелеп келе жатқаны тағы бар. Француз шабуылшысы 16 гол соғып үлгерді. Демек, осы чемпионатта рекорд қайта жаңаруы бек мүмкін.
Алайда бұл – аргентиналық жұлдыздың әлем чемпионаттарындағы жалғыз рекорды емес. Жиырма жылға жуық әлемдік футболдың басты додасында өнер көрсеткен Месси бірнеше тарихи көрсеткіштің авторына айналды. 2026 жылғы мундиальда ол футбол тарихында алты әлем чемпионатына қатысқан алғашқы ойыншы атанды. Бұған қоса, Алжир құрамасына қарсы матчта әлем чемпионаттарындағы алғашқы хет-тригін тіркеді.
Месси – әлем чемпионатының үздік көрсеткіші үшін екі рет «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алған жалғыз футболшы. Ол бұл марапатқа 2014 және 2022 жылдары ие болды.
Аргентина капитаны әлем чемпионаттарында ең көп матч өткізген ойыншы ретінде де көш бастап тұр. 2022 жылы Лотар Маттеустің 25 ойындық рекордын жаңартқан. Қазір оның еншісінде 28 матч бар. Сонымен қатар Месси – әлем чемпионаттарында ең көп уақыт алаңда болған футболшы. Алты мундиаль барысында 2395 минуттан астам уақыт алаңда доп тепкен. Бұрынғы рекорд иесі Паоло Мальдини еді.
Аргентиналық шабуылшыға тиесілі ерекше рекордтардың бірі – алғашқы және кейінгі әлем чемпионатындағы голдарының аралығы. Ол алғашқы голын 2006 жылдың 16 маусымында Сербия және Черногория құрамасына қарсы матчта соққан болса, әзірге соңғысын 2026 жылғы әлем чемпионатында тіркеді. Осылайша, екі голдың арасы 20 жыл 1 күнді құрады. Месси «гол+пас» жүйесі бойынша да мундиальдар тарихындағы ең үздік көрсеткіштің иесі. Қазір оның еншісінде 24 нәтижелі әрекет бар: 18 гол және 8 нәтижелі пас.
Месси тағы бір рекордты капитан ретінде орнатты. Ол әлем чемпионаттарында Аргентина құрамасын 20 матчта алаңға капитан ретінде бастап шыққан. 2022 жылғы Қатардағы әлем чемпионатында аргентиналық шабуылшы бұрын-соңды ешкім бағындырмаған жетістікке қол жеткізді. Ол бір мундиаль барысында топтық кезеңде, 1/8 финалда, ширек финалда, жартылай финалда және финалда гол соққан алғашқы футболшы атанды.
Бұдан бөлек, Месси бес әлем чемпионатында қатарынан нәтижелі пас берген тарихтағы алғашқы ойыншы саналады. Ол бұл көрсеткішті 2006 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта тіркеді.
Осылайша Лионель Месси әлем футболындағы ғана емес, әлем чемпионаты тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кеше, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?