Спорт

Түркияның алтын құрамын, АҚШ-тың шынайы әлеуетін паш ететін мундиаль

12.06.2026 12:41
Мадина Асылбекова
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

11 маусымнан 12 маусымға қараған түні Солтүстік Америкада футбол тойы басталды. Алғашқы матчтар да өтіп үлгерді. Ал біз сіздерді құрамалармен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін D тобындағы командаларға тоқталдық. 

АҚШ өз алаңында жарқырай ала ма?

2026 жылғы әлем чемпионатын қабылдаушы елдердің бірі – АҚШ құрамасы. Футбол әлеміндегі ықпалы жылдан-жылға артып келе жатқанымен, америкалықтар әлі күнге дейін жаһандық футбол элитасына қосылған жоқ. Олардың әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі – 1930 жылғы алғашқы мундиальдегі қола жүлде. Ал қазіргі буынның ең жарқын жетістігі 2002 жылы тіркеліп, команда ширек финалға дейін жеткен еді. Биыл АҚШ өз тарихындағы 12-әлем чемпионатына қатысады.

Бұл жолы америкалықтар іріктеу кезеңінен өтіп күш жұмсамады. АҚШ, Канада және Мексика бірлескен өтінім арқылы турнирді қабылдау құқығын жеңіп алып, автоматты түрде финалдық кезеңге жолдама алды. Айта кетерлігі, АҚШ бұған дейін әлем чемпионатын 1994 жылы да қабылдаған.

Команданың басты үміті – Кристиан Пулишич. Ол америкалық футболдың жаңа буынының символына айналған ойыншы. Кезінде Бундеслигада гол соққан ең жас легионерлердің бірі атанса, кейін Чемпиондар лигасын жеңіп алған алғашқы америкалық футболшы ретінде тарихқа енді. Дегенмен соңғы айларда оның ойыны алаңдатып отыр. Пулишич 2025 жылдың желтоқсанынан бері клуб сапында гол соққан жоқ, ал ұлттық құрамадағы соңғы нәтижелі әрекеті 2024 жылдың қарашасында тіркелген.

Оқи отырыңыз:

Алайда америкалық жанкүйерлерді жұбататын бір жайт бар. 2022 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында да Пулишич ұзақ уақыт үнсіз жүрген еді. Бірақ дәл мундиальде шешуші сәтте жарқырап, Иран қақпасына жеңіс голын соғып, құрамасын плей-офф кезеңіне шығарған болатын.

Құраманы аргентиналық маман Маурисио Почеттино жаттықтырады. «Тоттенхэмді» Англияның алпауыт клубтарының біріне айналдырған бапкер АҚШ құрамасын 2024 жылдан бері баптап келеді. Оның келуі үлкен үміт сыйлағанымен, әзірге команда тұрақты ойын көрсете алмай жүр. Почеттино бірнеше тактикалық жүйені сынап көрді, бірақ нақты шешімге әлі толық тоқтаған жоқ. Оның үстіне негізгі жартылай қорғаушылардың бірі Джонни Кардозо жарақатына байланысты әлем чемпионатын өткізіп алады.

Қағаз жүзінде бұл америкалықтардың тарихтағы ең мықты құрамаларының бірі саналады. Бірақ сол әлеуетті нәтиже түрінде көрсету – бөлек мәселе.

Парагвайдың шынайы мүмкіндігі

АҚШ-тың алғашқы қарсыластарының бірі – Парагвай құрамасы. Оңтүстік Америкадағы екінші эшелон командаларының көшін бастайтын бұл елдің футбол тарихы да бай. Екі мәрте Америка кубогын жеңіп алған парагвайлықтар әлем чемпионатына тоғыз рет қатысқан. Олардың ең үздік нәтижесі – 2010 жылғы мундиальдің ширек финалы.

Соңғы он бес жылда Парагвай бұрынғы беделінен айырыла бастағандай көрінді. Алайда бұл жолғы іріктеу кезеңі команданың қайта жандана бастағанын көрсетті.

Іріктеуді өте сәтсіз бастаған парагвайлықтар алғашқы алты матчта бір ғана жеңіске жеткен еді. Бірақ құраманың тізгінін Густаво Альфаро қолға алғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Қалған 12 кездесуде команда небәрі бір рет жеңіліп, Бразилия, Аргентина және Уругвай секілді алыптарды ұпай жоғалтуға мәжбүрледі.

Команданың қазіргі көшбасшысы ретінде Диего Гоместі атауға болады. «Брайтон» клубының жартылай қорғаушысы шабуылда да, қорғаныста да үлкен жұмыс көлемін атқарады. Ол әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Бразилия қақпасына жеңіс голын соғып, ел қаһарманына айналған.

Ал бапкер Густаво Альфароның басты ерекшелігі – тәртіп пен ұйымшылдық. Оның командалары әдемі футбол ойнамауы мүмкін, бірақ нәтижеге жұмыс істейді. Қазіргі Парагвай да дәл сондай. Қорғанысы мықты, тәртіпті және фавориттерге қолайсыз қарсылас.

Парагвайдың басты мәселесі – шабуыл шебіндегі тұрақты сұрмергеннің жоқтығы. Егер бұл мәселе шешілсе, оңтүстікамерикалық ұжым турнирдің күтпеген сенсацияларының біріне айналуы ғажап емес.

Қалай болғанда да, АҚШ пен Парагвай арасындағы текетірес әртүрлі футбол мектептерінің тартысына айналмақ. Бірі – өз алаңында жаңа тарих жазғысы келетін жас әрі талантты команда. Екіншісі – тәртіп пен мінезге сүйенген тәжірибелі ұжым. Ал әлем чемпионатында мұндай матчтардың тағдырын көбіне жекелеген эпизодтар шешеді.

Аустралия тағы да сенсация жасауға тырысады

2026 жылғы әлем чемпионатында назар аударатын құрамалардың қатарында Австралия мен Түркия да бар. Бірі – тұрақтылығымен ерекшеленетін тәртіпті команда болса, екіншісі – талантты буыны қалыптасқан, кез келген фаворитке қауіп төндіре алатын жас әрі өршіл ұжым.

Аустралия құрамасы соңғы жиырма жылда әлем чемпионаттарының тұрақты қатысушыларының біріне айналды. Бұл жолы олар қатарынан алтыншы рет мундиальге қатыспақ. Бұған дейін аустралиялықтардың ең үздік нәтижесі – 2006 және 2022 жылдардағы 1/8 финал.

Бір қызығы, Австралия әлем футболындағы екі түрлі конфедерацияның чемпионы атанған жалғыз құрама саналады. Олар кезінде Мұхит аралдары аймағында үстемдік құрса, кейін Азия футбол конфедерациясына ауысып, 2015 жылы Азия кубогын да жеңіп алды.

Бұл жолғы іріктеу кезеңінде команда бір сәт дағдарысқа ұшырағандай көрінді. Бахрейннен өз алаңында жеңілгеннен кейін бас бапкер Грэм Арнольд қызметінен кетіп, оның орнына Тони Попович келді. Осы өзгерістен кейін Аустралия жеңіліссіз серия жасап, әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.

Команданың қазіргі көшбасшысы ретінде көпшілік Джексон Ирвайнды атайды. «Санкт-Паули» капитаны алаңдағы қара жұмыстың бәрін атқарады. Ол доппен де, допсыз да пайдалы ойыншы. Әсіресе қарсы шабуыл кезінде және қорғаныстан шабуылға өтуде оның рөлі ерекше.

Бапкер Тони Поповичтің футболы көрерменді таңғалдыра бермейді. Тіпті Аустралияда оның стилін әзілдеп «Popaball» деп атап кеткен. Бірақ нәтиже бар жерде сын да бәсеңдейді. Попович ең алдымен тәртіпке, қорғанысқа және стандартты жағдайларға мән береді.

Аустралияның басты проблемасы – құрам тереңдігінің аздығы. Әсіресе қорғаныс шебінде кадр мәселесі байқалады. Бірнеше негізгі ойыншы жарақат алған. Сондықтан ұзақ турнир барысында бұл фактор команданың нәтижесіне әсер етуі мүмкін.

Дегенмен Аустралияны ешқашан есептен шығаруға болмайды. Олар әдемі ойнамауы мүмкін, бірақ кез келген қарсыласқа қолайсыз команда екені анық.

Түркияның алтын буыны үлкен үміт сыйлайды

Әлем чемпионатында тасада жүріп, жарқ ететін бірден бір құрама – Түркия.

Түріктердің әлем чемпионаттарындағы тарихы аса бай емес. Олар бұған дейін небәрі екі рет қана мундиальге қатысқан. Алайда 2002 жылы бүкіл әлемді таңғалдырған Түркия құрамасы қола медаль жеңіп алған еді.

Содан бері 24 жыл өтті. Енді түрік жанкүйерлері дәл сондай жетістіктің қайталануын күтіп отыр.

Әлем чемпионатына жол оңай болған жоқ. Испаниямен бір топқа түскен Түркия бірінші орынға таласа алмады. Бірақ плей-офф кезеңінде Румыния мен Косовоны жеңіп, көптен күткен жолдаманы иеленді.

Қазіргі Түркия құрамасының басты жұлдызы – Арда Гүлер. Небәрі 21 жастағы жартылай қорғаушы бүгінде ел тарихындағы ең қымбат футболшы саналады. Бір кездері оның «Реалдағы» болашағына күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды.

Арда соңғы маусымда мадридтік клубтың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Оның басты артықшылығы – ойын интеллектісі. Ол күшпен емес, ақылмен ойнайтын футболшылардың қатарына жатады. Қазір бүкіл Түркия Арда мен Кенан Йылдыздың байланысынан үлкен нәтиже күтуде.

Құраманы италиялық маман Винченцо Монтелла жаттықтырады. Ол Түркияны Еуропа чемпионатына да, әлем чемпионатына да шығарған алғашқы шетелдік бапкер атанды.

Монтелланың футболы жанкүйерлерге ұнайды. Команда шабуылдаудан қорықпайды, жас ойыншыларға сенім артады және алаңда батыл әрекет етеді. Бірақ дәл осы қасиет кейде кері әсерін де тигізеді. Қорғанысқа мән бермей кететін сәттері аз емес. Бұған Испаниядан 0:6 есебімен ұтылған матч дәлел.

Соған қарамастан Түркия құрамасының айналасындағы көңіл күй өте жоғары. Құрамда «Реал», «Ювентус», «Интер» секілді алпауыт клубтардың футболшылары жиналған. Егер негізгі ойыншылар жарақаттан толық айығып үлгерсе, түріктер бұл әлем чемпионатындағы ең қауіпті қарсыластың біріне айналуы мүмкін.

Бұған дейін Бразилияның мүмкіндігі туралы жазғанбыз. Сонымен қатар В тобы мен А тобындағы құрамаларға тоқталдық. 

Оқи отырыңыз