Неймардың соңғы мүмкіндігі: Бразилия әлем чемпионы атана ала ма?

 Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Әлем чемпионатына қатысатын құрамаларды таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін С тобының қатысушылары жайлы сөз қозғаймыз. 

Бразилия құрамасы – әлем футболының басты символдарының бірі. «Селесао» бес мәрте әлем чемпионы атанып, бұл көрсеткіш бойынша ешкімге дес бермей келеді.

Сонымен қатар бразилиялықтардың әлем чемпионаттарының барлығына қатысқан жалғыз құрама деген атағы бар. 2026 жылғы мундиаль олар үшін тарихтағы 23-әлем біріншілігі болмақ.

Дегенмен соңғы жылдары Бразилия бұрынғыдай айқын үстемдігін көрсете алмай жүр. 2002 жылғы чемпиондықтан кейін команда көбіне ширек финалдық кезеңнен аса алмады. Тек 2014 жылы өз жерінде өткен әлем чемпионатында үздік төрттікке енгенімен, соңғы екі ойында жалпы есеппен 1:10 есебімен ойсырай жеңіліп қалды.

Іріктеуден қалай өтті?

Оңтүстік Америка аймағындағы іріктеу кезеңінде Бразилия бесінші орын алды. Әлем чемпионатына тікелей жолдама берілетін алтылыққа енгенімен, топ жеңімпазы Аргентинадан 10 ұпайға қалып қойды. 18 матчта сегіз жеңіс, төрт тең ойын және алты жеңіліс тіркеді. Оның ішінде Аргентинадан екі рет жеңілді – 0:1 және 1:4.

Негізгі жұлдыз – Неймар

Бұл әлем чемпионаты Бразилия тарихындағы ең үздік сұрмерген Неймар үшін соңғы мундиаль болуы мүмкін. Ұлттық құрама сапында 2023 жылдың қазан айынан бері алаңға шықпағандықтан болар, биыл оның сапқа қосылуы жанкүйерлер үшін де үлкен қуаныш болды. Бірақ Неймар үш жылдың ішінде жарақаттар мен түрлі дауларға байланысты көп қиындық көрді.

Соған қарамастан, қазір «Сантос» сапында өнер көрсететін Неймар бас бапкер Карло Анчелоттидің сеніміне ие болып, әлем чемпионатына шақырту алды. Бұл тәжірибелі шабуылшы үшін ұлттық құрамадағы карьерасын әдемі қоюға тамаша мүмкіндік.

Анчелотти дәуірі

Ұзақ жылдан бері әлем чемпионатын аңсаған Бразилия футбол федерациясы алғаш рет шетелдік маманға сенім артты. Құраманы тізгіндеген Карло Анчелотти бұған дейін Чемпиондар лигасын бес рет жеңіп алған жалғыз бапкер ретінде тарихқа енген.

Италиялық маман Еуропаның барлық үздік бес чемпионатында топ жарып үлгерді. Енді оның алдында Бразилиямен бірге әлем чемпионы атану міндеті тұр.

Құрамадағы ахуал

Бразилия құрамасы әлем чемпионаты алдында біраз кадрлық қиындыққа тап болды. Родриго, Эстевао және Милитао жарақатына байланысты турнирден тыс қалды.

Анчелоттидің соңғы тізіміне қатысты да сұрақ көп болды. Мамандар нәтижелі маусым өткізген Жоао Педро мен Антонидің шақырылмау себебін түсіне алмағаны анық. Оның орнына бапкер «Зениттің» ойыншысы Луис Энрикені және ұзақ уақыт ұлттық құрамаға шақырылмаған Неймарды таңдады.

Марокко: Африка футболының жаңа көшбасшысы

Марокко соңғы жылдары әлем футболындағы ең қарқынды дамып келе жатқан құрамалардың біріне айналды.

Олар Африка құрлығынан әлем чемпионатына қатысқан екінші құрама болса, 2022 жылы тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен алғашқы африкалық команда атанды.

Қазір Марокко FIFA рейтингінде сегізінші орында тұр. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Африка кубогын жеңіп алып, 2024 жылғы Олимпиадада қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 2025 жылы жастар құрамасы әлем чемпионы атанды.

Іріктеудегі сенімді ойын

Марокко әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Нигер, Танзания, Замбия және Конго Республикасымен бір топта өнер көрсеткен команда сегіз матчтың сегізінде жеңіске жетті.

Гол айырмасы да әсерлі – 22:2. Марокколықтар қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.

Көшбасшы – Ашраф Хакими

Құраманың басты жұлдызы әрі капитаны – Ашраф Хакими. Ол мансабында «Реал», «Боруссия», «Интер» және «ПСЖ» секілді алпауыт клубтарда ойнады.

Хакими ұлттық құрама сапында 17 жасынан бері өнер көрсетіп келеді және жүз матчқа жуық кездесу өткізді. Ол Марокконың соңғы жылдардағы жетістіктерінің басты кейіпкерлерінің бірі саналады.

2022 жылғы әлем чемпионатында Испанияға қарсы матчтан кейінгі шешуші пенальтиді дәл орындаған да осы Хакими еді. Сонымен қатар 2024 жылғы Олимпиада ойындарында қола жүлде алған құраманың капитаны болды.

Жаңа бапкердің үлкен сынағы

Әлем чемпионаты басталардан үш ай бұрын Марокко құрамасын Мохамед Уахби қабылдап алды. Ол 2022 жылғы әлем чемпионатындағы тарихи жетістіктің авторы Валид Реграгидің орнына келді.

49 жастағы маман бұған дейін жастар құрамасын жаттықтырып, 2025 жылы Марокконы әлем чемпионы атандырған. Сол турнирде оның командасы Бразилия, Испания, Франция және Аргентина секілді алпауыттарды жеңген болатын.

Негізгі мәселе – Реграгидің кетуі

Марокко футболындағы басты талқыланып жатқан тақырып – Валид Реграгидің қызметінен кетуі. Ол Африка кубогын жеңе алмаған жағдайда отставкаға кететінін алдын ала мәлімдеп, сөзінде тұрды.

Федерация тәжірибелі маманды алып қалуға тырысқанымен, шешім өзгерген жоқ. Өйткені дәл Реграги тұсында Марокко әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, Африка кубогының финалына дейін жеткен еді. Сондай-ақ ұлттық құрама тарихындағы ең ұзақ – 19 матчтық жеңісті серияны тіркеген болатын.

Сондықтан 2026 жылғы әлем чемпионаты Марокко үшін жаңа дәуірдің басталуы болмақ.

Гаити: жарты ғасырдан кейінгі тарихи мүмкіндік

Гаити құрамасы үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты – ерекше оқиға. Бұл команда тарихындағы небәрі екінші мундиаль болмақ. Бұған дейін гаитиліктер әлем біріншілігіне тек 1974 жылы Батыс Германияда өткен турнирде қатысқан.

Сол кезде Гаити КОНКАКАФ кубогын жеңіп алып, әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Алайда ол жеңіс кейін көптеген дау-дамайға арқау болды. Турнир елде диктатор Жан-Клод Дювальенің билігі кезінде өткен. Әсіресе Тринидад пен Тобагоға қарсы кездесуде төрешінің қарсылас команда соққан төрт голды есепке алмауы үлкен сынға ұшырады. Кейін ФИФА бас төреші мен оның көмекшісін өмір бойына футболдан шеттеткен еді.

Әлем чемпионатында Гаити үш матчтың үшеуінде де жеңіліп, өз қақпасына 14 гол жіберіп алды.

Іріктеудегі сенсация

Бұл жолы Гаити әлем чемпионатына екі кезеңнен тұратын іріктеу арқылы өтті. Алғашқы топтық кезеңде Кюрасаодан кейін екінші орын алды. Ал шешуші кезеңде Коста-Рика, Гондурас және Никарагуа секілді фавориттерді артқа тастап, топ жеңімпазы атанды.

Бір қызығы, елдегі қауіпсіздік мәселелеріне байланысты құраманың «үйдегі» матчтары бейтарап алаңда өтті. Соған қарамастан, гаитиліктер тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Сарапшылар пікірінше, АҚШ, Мексика және Канаданың турнир қожайыны ретінде іріктеуге қатыспауы Гаити сияқты құрамаларға үлкен мүмкіндік сыйлады.

Жаңа жұлдыз – Вильсон Изидор

Құраманың басты үміті – «Сандерленд» шабуылшысы Вильсон Изидор.

Францияда дүниеге келген футболшы ұзақ уақыт француз құрамасында ойнауды армандаған. Бірақ жастар құрамасынан әрі аса алмады. Гаити әлем чемпионатына шыққаннан кейін жанкүйерлер әлеуметтік желілер арқылы Изидорға ұлттық құраманы таңдауды сұрап, жаппай үндеу жолдаған.

Нәтижесінде шабуылшы азаматтығын ауыстырып, Гаити сапына қосылды. Алғашқы жолдастық кездесулердің бірінде Исландия қақпасына 88-минутта гол соғып, командасын жеңілістен құтқарды.

Оған дейін құраманың басты жұлдызы ретінде «Вулверхэмптон» жартылай қорғаушысы Жан-Рикнер Беллегард саналып келген еді.

Елге аяқ баспаған бапкер

Гаити құрамасын француз маманы Себастьян Минье жаттықтырады.

Ол бұған дейін Африканың бірнеше құрамасында қызмет атқарған тәжірибелі бапкер. Конго Республикасы, Кения және Экваторлық Гвинея құрамаларын басқарған.

2024 жылы Гаити құрамасының тізгінін ұстағанымен, елдегі қылмыстық топтардың соғысы салдарынан әлі күнге дейін Гаитиге барып көрмеген.

Құраманың қазіргі жағдайы

Гаити әлем чемпионатына үлкен үмітпен келгенімен, жанкүйерлер үшін қиындық аз емес.

Елдегі экономикалық ахуалдың ауырлығы көпшіліктің әлем чемпионатына баруына мүмкіндік бермейді. Бұған қоса АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімімен Гаити азаматтарының Америкаға кіруіне шектеу қойылған.

Дегенмен спортшылар мен олардың жақын туыстары үшін арнайы жеңілдік қарастырылған.

Бапкер Себастьян Минье бұл мәселеге сабырмен қарайды.

АҚШ-та тұратын гаитиліктер көп. Біз кез келген жағдайға бейімделеміз. Оның үстіне ойыншылар бірнеше жылдан бері барлық матчтарын сырт алаңда өткізіп үйреніп қалған, – дейді маман.

Шотландия: 28 жылдан кейінгі қайта оралу

Шотландия құрамасы әлем футболындағы ең көне ұлттық командалардың бірі. Олар Англиямен бірге алғашқы халықаралық матчты 1872 жылы өткізген.

2026 жылғы әлем чемпионаты шотландтар үшін тарихтағы тоғызыншы мундиаль болмақ. Ең бастысы, олар әлем чемпионатына 1998 жылдан бері алғаш рет қатысқалы отыр.

Бұған дейін Шотландия ешқашан әлем чемпионатының немесе Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шыға алған емес.

Қызығы, 1950 жылы шотландтар әлем чемпионатына жолдама алғанымен, Ұлыбритания чемпионатында жеңіске жете алмағандықтан турнирге барудан өздері бас тартқан.

Әлем чемпионатына жолдама қалай келді?

Шотландия іріктеу кезеңінде Дания, Грекия және Беларусь құрамаларымен бір топта бақ сынады.

Топтағы тағдыр шешкен соңғы матчта шотландтарға тек жеңіс керек еді. Кездесудің негізгі уақыты аяқталуға жақындағанда есеп 2:2 болатын.

Алайда 90+3 минутта Киран Тирни алыстан қақыратып гол салып, командасын алға шығарды. Ал араға бес минут салып Кенни Маклин алаң ортасына жақын жерден дәл соққы жасап, матчтың нүктесін қойды.

Осылайша Шотландия драмалық жеңіспен әлем чемпионатына жолдама алды.

Қайта туған Мактоминей

Қазіргі Шотландия құрамасының басты жұлдызы – Скотт Мактоминей.

«Манчестер Юнайтедтегі» қосалқы құрам ойыншысынан «Наполидің» көшбасшысына айналған жартылай қорғаушы соңғы маусымда керемет деңгей көрсетті.

Ол А сериясының чемпиондық маусымындағы үздік ойыншылардың бірі атанып, тіпті «Алтын допқа» үміткерлер тізіміне енді.

Ұлттық құрама сапында 14 гол соғып, Шотландия тарихындағы үздік сұрмергендер ондығына кірді.

Данияға қарсы шешуші матчта дәл осы Мактоминей есеп ашқан болатын.

Стив Кларктың еңбегі

Шотландия құрамасын 2019 жылдан бері Стив Кларк жаттықтырады.

Ол команданы Еуро-2020, Еуро-2024 турнирлеріне шығарып, енді әлем чемпионатына алып келді.

Футболшылардың бапкерге деген сенімі жоғары. Құрама капитаны Эндрю Робертсон Кларк келгеннен кейін команда ішіндегі атмосфераның айтарлықтай жақсарғанын бірнеше рет айтқан.

Турнир алдындағы ахуал

Әлем чемпионаты қарсаңында шотландтардың нәтижесі көңіл көншітпей тұр.

Команда көктемдегі жолдастық кездесулерде Жапониядан да, Кот-д'Ивуардан да 0:1 есебімен жеңілді. Әсіресе өз алаңында өткен Жапонияға қарсы матчта ойын жағынан да басымдық қарсылас жақта болды.

Дегенмен әлем чемпионаты қарсаңында шотландтардың тәжірибесі мен тәртібі оларды кез келген қарсылас үшін қауіпті командаға айналдырып отыр. Ал Кюрасаоға қарсы соңғы жолдастық матч Гаитимен өтетін алғашқы ойын алдындағы маңызды дайындық болмақ.

Бұған дейін А тобы мен В тобының қатысушылары жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз