2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты ресми түрде басталды. Биылғы мундиаль тарихтағы ең ауқымды әрі ең қымбат турнир ретінде ерекшеленбек.
Алғаш рет әлем біріншілігі бірден үш елдің – АҚШ, Канада және Мексиканың аумағында өтуде. Сондай-ақ алғаш рет чемпионатқа 48 құрама қатысып, жалпы саны 104 матч ойналады.
Турнирдің ресми ашылу салтанаты Мексиканың астанасы Мехикода өтті. Ұйымдастырушылардың шешімімен әлем чемпионатының ашылу рәсімі үш қалада ұйымдастырылмақ. Алғашқысы Мехикода өтсе, келесі екі салтанатты іс-шара Торонто мен Лос-Анджелесте жалғасады.
ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл чемпионаттың басты ерекшелігі түрлі халықтардың мәдениеті мен футбол арқылы бірігуінде екенін атап өтті.
Бұл салтанаттар музыка, мәдениет және футболды тоғыстырып, әр елдің өзіндік болмысын әрі турнирдің басты құндылығы саналатын бірлікті көрсетеді. Бұл – жаһандық мерекенің жарқын бастауы, – деді ол.
Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен ашылу рәсімінде әлемге танымал әнші Шакира өнер көрсетіп, турнирдің ресми әнұраны саналатын «Dai Dai» композициясын орындады.
Алғашқы матч
Салтанатты іс-шарадан кейін дәл осы стадионда әлем чемпионатының алғашқы матчы өтті. Турнир шымылдығын Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары ашты.
87,5 мың жанкүйерге арналған алып аренада өткен кездесуде алаң иелері сенімді жеңіске жетті. Матчтың 9-минутында Хулиан Киньонес мундиальдегі алғашқы голдың авторы атанып, Мексика құрамасын алға шығарды.
Екінші таймның басында оңтүстікафрикалық жартылай қорғаушы Яя Ситоле соңғы үміт ережесін бұзғаны үшін алаңнан қуылды. Сан басымдығын тиімді пайдаланған мексикалықтар 67-минутта есеп айырмасын ұлғайтты. Роберто Альварадоның әуелете көтерген добын тәжірибелі шабуылшы Рауль Хименес дәл бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Кездесу соңына қарай ойын қыза түсті. Алдымен ОАР құрамасының ойыншысы Темба Зване қызыл қағаз алып, командасын тоғыз ойыншымен қалдырса, арада бірнеше минут өткенде мексикалық қорғаушы Сесар Монтес те алаңнан қуылды.
Осылайша, әлем чемпионатының алғашқы матчы Мексика құрамасының 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Билеті қымбат біріншілік
Биылғы әлем чемпионаты бірнеше көрсеткіш бойынша рекорд жаңартпақ. Турнир 16 қалада өтеді, матчтардың басым бөлігі АҚШ аумағында ұйымдастырылады. Чемпионаттың финалдық кездесуі 19 шілде күні Нью-Йорк маңындағы Нью-Джерси штатында орналасқан MetLife стадионында өтеді.
Айта кетерлігі, турнир басталар алдында ұйымдастырушылар билет бағасының қымбаттығы үшін сынға ұшырады. Сонымен қатар Мехикодағы ашылу рәсімінің алдында бірнеше күн бойы наразылық акциялары өтіп, кей көшелер жабылған болатын. Алайда Мексика билігі қауіпсіздікті күшейтіп, әлем чемпионатының ашылуын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік жасады.
Мексика футболдан әлем чемпионатын тарихында үшінші рет қабылдап отыр. Ал Канада үшін бұл – алғашқы мундиаль. Осыған байланысты Мехико қаласының билігі 11 маусымды мерекелік күн деп жариялап, тұрғындарға мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге кеңес берген.