Жыл сайын 18 мамырда әлемде Халықаралық музей күні атап өтіледі. Бұл күн – тек мәдени мереке емес, тарихқа тағзым жасап, ұлт жадын жаңғыртатын ерекше дата. Себебі музей – жай ғана көне заттар сақталатын орын емес. Ол – халықтың өткені мен бүгіні тоғысатын, уақыттың үнін жеткізетін кеңістік. Қазіргі таңда музейлердің форматы да өзгеріп келеді. Бұрын үнсіз залдар мен шыны витриналар ғана көзге елестесе, бүгінде интерактивті технологиялар, цифрлық көрмелер, 3D экспозициялар мен иммерсивті жобалар музейлерге жаңа тыныс берді. Әсіресе жастардың музейге қызығушылығы қайта артып келе жатқаны байқалады.
Халықаралық музей күнін 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесі – ICOM бекіткен. Содан бері бұл күн әлемнің жүзден астам елінде аталып өтеді. Негізгі мақсат – мәдени мұраны сақтау, музейлердің қоғамдағы рөлін арттыру және тарихи құндылықтарға деген қызығушылықты күшейту. Көптеген елде осы күні арнайы көрмелер, ашық есік күндері, тегін экскурсиялар мен мәдени кештер ұйымдастырылады. Соңғы жылдары “Музей түні” форматы да кең таралып, адамдар түнгі уақытта музей аралап, ерекше атмосфераны сезінуге мүмкіндік алып жүр.
Қазақстанда музей саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Бұрын музейлер көбіне мектеп экскурсиясымен ғана байланысты болса, қазір бұл орындар мәдени демалыс пен танымдық туризмнің бір бөлігіне айналып келеді. Әсіресе Астана, Алматы, Түркістан секілді қалалардағы ірі музейлерде заманауи технологиялар енгізіліп, келушілерге ерекше атмосфера ұсыныла бастады.
Оқи отырыңыз:
Мысалы, елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі – Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі. Мұнда қазақ тарихынан бастап тәуелсіздік кезеңіне дейінгі мыңдаған жәдігер сақталған. Алтын адамнан бастап көне түркі дәуірінің мұралары, этнографиялық бұйымдар мен сирек құжаттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады.
Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Қазақстандағы бейнелеу өнерінің басты орталығы саналады. Мұнда қазақ суретшілерінің еңбектерімен қатар әлемдік өнер туындылары да қойылған. Соңғы жылдары жастар арасында арт-көрмелерге қызығушылықтың артуы музейлерге келушілер санын көбейткен.
Соңғы уақытта Алматыда ашылған Almaty Museum of Arts та мәдени ортада көп талқыланып жатыр. Бұл – Орталық Азиядағы заманауи өнерге арналған ең ірі жеке музейлердің бірі. Музей кәсіпкер әрі коллекционер Нұрлан Смағұловтың бастамасымен ашылған. Мұнда Қазақстан, Орталық Азия және әлемдік заманауи өнер туындылары қойылған. Музей ғимаратының өзі ерекше архитектурасымен назар аудартады. Сарапшылар бұл жобаны Қазақстандағы музей мәдениетінің жаңа кезеңі деп бағалап отыр.
Қазір әлеуметтік желінің әсерімен музейге деген қызығушылық жаңа деңгейге шықты деуге болады. Бұрын музейлер “тыныш әрі қызықсыз орын” деген түсінікпен қабылданса, бүгінде жастар тарихи орындарға барып, контент түсіріп, мәдени демалыстың жаңа түрі ретінде қарай бастады.
TikTok пен Instagram желілерінде музейлерден түсірілген видеолар миллиондаған қаралым жинап жүр. Әсіресе эстетикалық интерьер, көне жәдігерлер мен ерекше атмосфера жастарды қызықтырады. Кей музейлер арнайы фотозона жасап, интерактивті форматтарды енгізе бастаған.
@nurtore11 Бірге баратын жақыныңа ЖІБЕР!😍👩🎨💫 Адрес: Әл-Фараби 78 #алматы #almatymuseumofarts #музей ♬ оригинальный звук - Nurtore Abdikalyk
Сонымен қатар тарихи сериалдар мен фильмдердің көбеюі де халықтың өткенге қызығушылығын арттырды. Соның әсерінен адамдар музейге тек сурет көру үшін емес, өз тарихын тереңірек тану үшін де бара бастады.
Тек ірі қалалардағы музейлер емес, өңірлік тарихи орындарға да қызығушылық көбейіп жатыр. Түркістандағы тарихи кешендер, Семейдегі Абай музейі, Қарағандыдағы Карлаг музейі секілді орындар соңғы жылдары туристер көп баратын нүктеге айналды. Әсіресе Карлаг музейі келушілерге үлкен әсер қалдырады. Себебі мұнда ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін кезеңінің ауыр тарихы көрсетілген. Мұндай орындар адамдарға өткенді ұмытпау керегін еске салады.
Ал Семейдегі Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік музей-қорығы қазақ руханиятының маңызды орталығы саналады. Мұнда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер сақталған.
Бүгінде әлемдегі музейлер классикалық форматтан алыстап барады. Көптеген елде виртуалды тур, аудиогид, 3D проекция, голограмма мен жасанды интеллект элементтері енгізілген. Қазақстан музейлері де бұл үрдістен қалыс қалып жатқан жоқ. Кейбір музейлерде QR-код арқылы ақпарат алу, мультимедиялық экрандар мен арнайы мобильді қосымшалар іске қосылған. Бұл әсіресе жастар үшін музейді қызығырақ етеді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі келушіге жай ғана экспонат көрсету жеткіліксіз. Адам тарихты “сезінуі” керек. Сондықтан музейлер енді эмоция мен әсер сыйлайтын кеңістікке айналып келеді.
Әр дәуір өзгергенімен, музейдің басты міндеті сол күйінде қалады. Ол – халықтың тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтау. Қазір әлем қанша цифрланып, ақпарат жылдам тараса да, түпнұсқа жәдігердің орны бөлек. Себебі музейдегі әрбір заттың өз тарихы, өз тағдыры бар. Кейде бір ғана көне бұйым тұтас дәуірдің тынысын сездіре алады.
Айта кетейік, бүгін Халықаралық музей күніне орай елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі дәстүрлі “Музей түні” мәдени акциясын өткізеді. Кеш аясында келушілер үшін арнайы көрмелер, концерттік бағдарламалар, шеберлік сабақтары мен түрлі интерактивті шаралар ұйымдастырылады. Мұндай жобалар музейдің тек тарихи орын ғана емес, заманауи мәдени кеңістікке айналып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін Музей түнінде Алматы мен Астанада қайда баруға болатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ғалымдар музейге жиі баратын адамдардың баяу қартаятыны туралы мәлімдеген.