Өнерге жақын адамдардың қартаю процесі баяу жүруі мүмкін. Лондон ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу музейлерге, көрмелерге, галереяларға жиі барып, музыка тыңдап, кітап оқитын адамдардың биологиялық жасы өз қатарластарына қарағанда әлдеқайда жас болатынын анықтады. Бұл олардың ДНҚ-сындағы өзгерістер арқылы дәлелденген.
Биологиялық жас – адамның төлқұжаттағы жасынан бөлек ұғым. Ол ағзаның нақты жағдайын көрсетеді: жасушалардың күйі, ішкі ағзалардың жұмысы, гормон деңгейі, зат алмасу процесі, созылмалы аурулардың болуы және өмір салты сияқты факторлар есепке алынады. Сондықтан кей адамның хронологиялық жасы үлкен болғанымен, ағзасы әлдеқайда жас болуы мүмкін.
Зерттеуді Лондон университеттік колледжінің мамандары жүргізген. Олар Ұлыбританиядағы 3556 ересек адамның өмір салты туралы сауалнама нәтижелерін қан талдауларымен салыстырған. Ғалымдар биологиялық жасты анықтау үшін ДНҚ-дағы жасқа байланысты өзгерістерді бақылайтын заманауи эпигенетикалық маркерлерді пайдаланған.
Талдау қорытындысы мәдени және шығармашылық белсенділікпен айналысатын адамдардың қартаю процесі баяу жүретінін көрсетті. Мысалы, кітап оқу, музыка тыңдау, музей мен көрмелерге бару сияқты әдеттері бар адамдардың биологиялық қартаю қарқыны төмен болған.
Сонымен қатар өнермен неғұрлым жиі айналысқан сайын, оның пайдасы да арта түскені байқалған. Жылына кемінде үш рет мәдени шараларға қатысу биологиялық қартаюды шамамен 2%-ға баяулатса, ай сайынғы белсенділік – 3%-ға, ал апта сайын өнермен айналысу 4%-ға дейін төмендеткен. Ғалымдардың айтуынша, бұл әсер тұрақты дене жаттығуларының пайдасымен шамалас.
Зерттеудің жетекші авторы Фэйфэй Бу бұған дейін өнердің стрессті азайтып, ағзадағы қабыну процесін төмендететіні және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтатыны дәлелденгенін айтады. Оның пікірінше, дәл осы факторлар өнердің «жасартушы» әсерімен байланысты болуы мүмкін.
Әсіресе бұл байланыс 40 жастан асқан адамдар арасында анық байқалған. Ғалымдар табыс деңгейі, білім, темекі шегу немесе дене салмағы индексі сияқты факторларды да есепке алғанымен, нәтиже өзгермеген.
Мамандардың сөзінше, өнер мен мәдениет адам миын белсенді жұмыс істеуге ынталандырады, күйзелісті азайтады, эмоциялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі әрі әлеуметтік байланысты күшейтеді. Яғни музейге бару немесе көрмеге қатысу – ми мен жүйке жүйесіне арналған жұмсақ жаттығу іспетті.
Зерттеу авторлары мұндайда адамға шынайы қызығушылық пен эмоциялық әсер сыйлайтын мәдени шараларды таңдау маңызды екенін атап өтті. Себебі музейге «міндет үшін» емес, шын ықыласпен бару ғана ағзаға көбірек пайда әкелуі мүмкін.