Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыUFC президенті Дана Уайт қазақстандық Шавкат Рахмонов пен эквадорлық Майкл Моралес арасындағы жекпе-жек 2027 жылы өтуі мүмкін екенін айтты. Алайда әзірге екі спортшының кездесуі ресми түрде бекітілмеген. Ал белгілі ММА журналисі Ариэль Хельвани ұзақ үзілістен кейін Рахмоновтың бірден қауіпті қарсыласпен кездескенін құптамайды.
Естеріңізде болса, Майкл Моралес келер жылы Шавкат Рахмоновпен кездескісі келетінін алға тартып еді. Осыдан соң журналистердің бірі бұл жекпе-жекке қатысты Дана Уайттың пікірін білді.
Әбден мүмкін. Қазір бірнеше қызықты жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселені кеше де талқыладық. Алда жанкүйерлерді қуантатын жаңалықтар көп. Жыл соңында да, келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында да қызықты оқиғалар болады деп ойлаймын, – деді Уайт.
Dana White is looking forward to the start of 2027 👀 [ Full Interview HERE! https://t.co/mT9yqz5cDl ] https://t.co/0f0RP3GBpe
— UFC on Paramount+ (@UFConParamount) October 14, 2026
Жақында ғана Майкл Моралес әлеуметтік желіде Шавкат Рахмоновты жартылай орта салмақтағы «соңғы қарсылас» деп атап, онымен 2027 жылы кездесуге дайын екенін білдірген.
Эквадорлық спортшының мұндай ұсынысы UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуі үшін бәсеке күшейген тұста жасалып отыр.
Қазір бұл дивизионның чемпионы – Ислам Махачев. Испаниялық журналист Альваро Кольменероның мәліметінше, UFC оның келесі титулдық жекпе-жегін Карлос Пратеспен 2027 жылғы 30 қаңтарда Торонтода өтетін UFC 336 турнирінде ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дегенмен бұл кездесу де ресми жарияланған жоқ.
Екі спортшы да жеңіліп көрмеген
Шавкат Рахмонов та, Майкл Моралес те кәсіпқой мансабында жеңіліс таппаған.
Қазақстандық спортшының еншісінде 19 жеңіс бар. Оның 18-інде қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген.
Шавкат Рахмонов / Steve Marcus/Getty Images
Рахмонов соңғы рет 2024 жылғы желтоқсанда октагонға шығып, ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің ортақ шешімімен жеңді. Алайда осы кездесуден кейін тізесіндегі жарақатына байланысты жекпе-жекке шыға алмай жүр. 2026 жылғы ақпанда UFC оны белсенді жартылай орта салмақ рейтингінен де алып тастады.
Енді сарапшылар Шавкат октагонға 2027 жылы оралуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Ал Майкл Моралес UFC рейтингінде үшінші орында тұр. Оның да көрсеткіші – 19 жеңіс, бірде-бір жеңіліс жоқ.
Майкл Моралес / Jeff Bottari/Zuffa LLC
Эквадорлық файтер соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы қарашада өткізіп, Шон Брэдиді бірінші раундта нокаутқа түсірген. Бұған дейін Гилберт Бернс пен Нил Мэгниді де мерзімінен бұрын жеңген.
«Екі жылдан кейін бірден Моралеспен кездесуге болмайды»
Шавкат Рахмоновтың ықтимал қарсыласына қатысты белгілі ММА журналисі Ариэль Хельвани да пікір білдірді.
Оның ойынша, қазақстандық спортшы ұзақ үзілістен кейін бірден Майкл Моралес секілді қауіпті қарсыласпен жұдырықтаспауы керек.
Егер мен Шавкат Рахмоновтың менеджері болсам, бұл жекпе-жекке келіспес едім. Шавкат Моралесті жеңе алмайды деп ойлағандықтан емес. Оған алдымен октагонға қайта үйреніп, жекпе-жек ырғағын сезіну қажет, – деді Хельвани.
Журналист Шавкаттың соңғы кездесуінен бері екі жылдан астам уақыт өтетінін еске салды.
Ол қайта жекпе-жекке шыққанша екі жылдан аса уақыт өтеді. Мұндай үзілістен кейін бірден Майкл Моралеспен кездесуге болмайды. Бұл – тым үлкен тәуекел, – деді ол.
Хельванидің пікірінше, Рахмоновтың жеңіске жетуге мүмкіндігі болғанымен, ұзақ уақыт жарысқа қатыспаған спортшы үшін мұндай қарсыласты таңдау дұрыс шешім болмауы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Сөйте тұра бұл жекпе-жектің Шавкат үшін тиімді жағы да бар. Егер қазақстандық файтер рейтингтің үшінші сатысында тұрған, әлі жеңіліп көрмеген Моралесті жеңсе, чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарына қайта қосылуға мүмкіндік алады.
Хельвани Шавкатқа басқа қарсылас ұсынды
Ариэль Хельвани Рахмоновтың оралуына лайықты қарсылас ретінде UFC-дің бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддаленаны атады.
Егер Шавкатқа қарсылас таңдауға мүмкіндігім болса, оны Джек Делла Маддаленамен кездестірер едім. Меніңше, бұл жекпе-жектің мәні бар, – деді журналист.
Оның айтуынша, мұндай кездесу екі спортшыға да тиімді болар еді.
Джек үшін бұл – жеңісті жолға қайта түсу мүмкіндігі. Ал Шавкат үшін жеңіске жетуге болатын, өз деңгейіне сай жекпе-жек. Екеуі үшін де қызықты оқиға болар еді, – деп түсіндірді Хельвани.
Сонымен қатар ол Рахмоновтың әлі жеңілмегенін және Иэн Мачадо Гэрри секілді мықты қарсыласты жеңгенін мойындады. Бірақ екі жылдан астам үзілістің спортшының дайындығына әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Шавкаттың жеңіліп көрмегенін, Гэрриді жеңгенін білемін. Бірақ екі жылдық үзіліс – ескерусіз қалдыруға болмайтын жағдай, – деді ол.
Шавкаттың келесі қарсыласы кім болмақ?
Әзірге UFC Шавкат Рахмоновтың октагонға нақты қашан оралатынын және кіммен кездесетінін жариялаған жоқ.
Майкл Моралес қазақстандық спортшымен жұдырықтасуға қызығушылық танытып отыр. Дана Уайт та мұндай жекпе-жектің өтуі мүмкін екенін растады. Алайда Рахмоновқа ұзақ үзілістен кейін бұрынғы спорттық бабына келу әлдеқайда маңыздырақ.
Егер Моралеспен кездесу ұйымдастырылса, бұл жартылай орта салмақтағы жеңіліп көрмеген екі спортшының тартысты жекпе-жегіне айналуы мүмкін. Оның нәтижесі чемпиондық белбеуге таласатын үміткерлердің жағдайына да әсер етеді.
Бұған дейін дәрігерлер Рахмоновтың октагонға қашан оралатыны туралы болжам жасаған. Ал спорт сарапшысы Дидар Сағадиев Шавкат Рахмонов UFC-ге не үшін қажет екенін түсіндірген болатын.
Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыБүгiн, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленедіКеше, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады