Шавкат Рахмонов UFC-ге орала ма? Бапкері мен дәрігері жауап берді

Шавкат Рахмонов UFC-ге орала ма? Бапкері мен дәрігері жауап берді
Фото: Chris Unger/Zuffa LLC

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келу кезеңін жалғастырып жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығына қатысты медициналық шектеулердің жойылғанын айтса, бапкері жарақаттың қайталану қаупіне байланысты асықпау қажет екенін мәлімдеді.

Шавкат Рахмоновтың оңалту жұмыстарын жүргізген дәрігер Михаил Маркуарттың айтуынша, қазақстандық файтердің кәсіби мансабын жалғастыруына медициналық тұрғыда ешқандай кедергі жоқ.

Қазір Шавкаттың жекпе-жекке оралуына медициналық негіздегі шектеулер жоқ. Ендігі мәселе – спорттық бабын қаншалықты жылдам қалпына келтіретініне және UFC күнтізбесіне байланысты. Барлығы жеке дайындыққа тәуелді. Егер бәрі жоспар бойынша өтсе, келесі жылдың басында оны октагонда қайта көреміз деп үміттенеміз, – деді дәрігер.

Алайда спортшының бас бапкері Эдуард Базров бұл пікірмен толық келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, Шавкаттың аяғы әлі толық қалпына келген жоқ, сондықтан жаттығу процесі толық қарқынмен жүріп жатқан жоқ.

Айқас байламдарының жарақаты кезінде емнің жартысы – операция болса, қалған жартысы – оңалту кезеңі. Ота сәтті өтті, алайда толық қалпына келу әр адамда әртүрлі жүреді. Бұл процесс алты айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Қазір аяқтың бұлшықеттерін, буынның қозғалысын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Біз әзірге тек шамамен 60 пайыздық жүктемемен жаттығып жүрміз. Күрес элементтерін әлі орындамаймыз, – деді бапкер.

Эдуард Базровдың айтуынша, спортшы толық сауыққаннан кейін де октагонға бірден оралу мүмкін емес. Ол үшін кемінде үш толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізу қажет.

Асығуға болмайды. Егер ерте жүктеме берілсе, жарақат қайта қайталануы мүмкін. Сондықтан бәрін кезең-кезеңімен жасап, тәуекелге бармаймыз, – деп толықтырды маман.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов тізесіне жасалған операциядан кейін оңалту курсынан өтіп жатыр. Қазір ол жаттығуға қайта оралып, біртіндеп спорттық бабын қалыпқа келтіруде. Әлеуметтік желілерде файтердің жаттығу залынан түсірілген суреттері мен бейнежазбалары жиі жарияланып жүр.

Айта кетейік, қазақстандық файтер соңғы рет 2024 жылдың 8 желтоқсанында өткен UFC 310 турнирінде октагонға шықты. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.

Бастапқыда бұл жекпе-жек Шавкат Рахмонов үшін чемпиондық кездесу болуы тиіс еді. Алайда сол кездегі UFC чемпионы Белал Мұхаммед жарақатына байланысты айқастан бас тартып, жоспар өзгерген еді.

Оқи отырыңыз