«Шавкат оралмайды»: UFC файтері Рахмоновтың болашағына қатысты болжам жасады

«Шавкат оралмайды»: UFC файтері Рахмоновтың болашағына қатысты болжам жасады

Аян Қайырбаев
Фото: Chris Unger/Getty Images

UFC-тің жартылай орта салмақта өнер көрсететін америкалық файтері Шон Брэди қазақстандық Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралмайтынын мәлімдеді.

Дэниэль Кормьемен болған сұхбатында танымал америкалық файтер Шон Брэди қазақстандық Шавкат Рахмонов туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, «Номад» лақап атымен танылған Шавкат жекпе-жектерге қайта орала алмайды. Бұған оның тізесіндегі мәселелердің қайта-қайта пайда болуы себеп.

Меніңше, Шавкат енді ешқашан жекпе-жекке шықпайды. Ол мансабын аяқтады деп ойлаймын. Өйткені ол әр оралуға тырысқан сайын тізесіне қатысты мәселе қайта-қайта шыға береді. Ол толыққанды жаттығу лагерінен өте алмайды. Адамдар мұны түсінбейді, себебі жекпе-жекке дайындықтың ең қиын бөлігі – жаттығу лагері, – деді Брэди.

Рахмоновтың оралуы күмән тудырып отыр

Шон Брэди ғана емес, батыстық БАҚ өкілдері де Рахмоновтың октагонға оралуы туралы пікір білдірді. Heavy.com порталының жазуынша, қазақстандықтың чемпион атануға қажетті барлық қасиеті бар. Алайда жарақаттары оның әлеуетін толық жүзеге асыруына кедергі келтіруі мүмкін.

Басылым мәліметінше, Рахмоновтың ұзақ уақыт бойы октагоннан тыс қалуына байланысты жартылай орта салмақтағы өзге файтерлер позицияларын күшейтіп, рейтингтік иерархияда қазақстандықты басып озған.

Ал UFC Daily News порталы бір тізенің бірнеше рет жарақат алуы ММА-ның ең жоғары деңгейіне қайта оралуды айтарлықтай қиындатуы мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе дайындығы қарқынды жаттығу лагерін талап ететін спортшы үшін бұл маңызды мәселе.

Дегенмен әзірге Рахмоновтың мансабы аяқталуға жақын деп айтуға негіз жоқ. Егер ол толық қалпына келіп, жаттығу лагері бойы денсаулығына қатысты қиындықтарға тап болмаса, жартылай орта салмақтағы титулға үміткерлер қатарына қайта қосыла алады.

Шавкат Рахмонов екі жылға жуық уақыт жекпе-жек өткізген жоқ

Еске салайық, жеңіліс көрмеген қазақстандық Шавкат Рахмонов 2024 жылғы 8 желтоқсанда өткен UFC 310 турнирінен бері октагонға шыққан жоқ. Сол жекпе-жекте ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.

Бастапқыда бұл жекпе-жек Шавкат үшін чемпиондық айқас болуы тиіс еді. Алайда сол кездегі чемпион Белал Мухаммад жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Кейін Рахмоновтың өзі де жарақат алып, чемпиондық белбеу үшін таласа алмады.

Қазақстандық спортшының ұзақ уақыт бойы өнер көрсетпеуіне байланысты кейін ол UFC рейтингінен шығарылды.

Еске салсақ, бұған дейін Шавкат Рахмонов UFC-ге оралуы туралы оның бапкері мен дәрігері жауап берген еді.

Оқи отырыңыз

{