Қоқыс жинап жүріп спортпен айналысуға бола ма? Табиғатқа пайдалы демалыс түрлері

Қоқыс жинап жүріп спортпен айналысуға бола ма? Табиғатқа пайдалы демалыс түрлері

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/Vitaly Gariev

Адамзаттың табиғатқа тигізіп отырған әсері жылдан-жылға артып келеді. Алайда соңғы уақытта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа бастамалар да көбейіп жатыр.

Соның бірі – спортты экологиялық акциялармен ұштастыратын қозғалыстар. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар жүгіру, серуендеу, велосипед тебу, тіпті суға сүңгу кезінде қоқыс жинауды әдетке айналдырған.

Плоггинг – жүгіріп жүріп қоқыс жинау

Экоспорттың ең танымал түрлерінің бірі – плоггинг. Бұл атау швед тіліндегі plocka upp («жерден көтеру») және ағылшын тіліндегі jogging («жеңіл жүгіру») сөздерінен шыққан.

Плоггингті 2016 жылы швециялық спортшы Эрик Альстрем ойлап тапқан. Оның мақсаты – жүгіру кезінде жол бойындағы қоқысты жинау. Бастама қысқа уақыт ішінде әлемнің көптеген еліне тарады.

Бұл табиғатқа қана емес, адамның денсаулығына да пайдалы. The Washington Post жариялаған зерттеуге сәйкес, жарты сағаттық плоггинг кезінде шамамен 288 калория жағылады. Ал дәл осы уақыттағы жеңіл жүгіру – 235, қарапайым серуендеу небәрі 120 калория жұмсауға мүмкіндік береді.

Плоггингпен айналысу үшін арнайы жабдықтың да қажеті жоқ. Ыңғайлы спорттық киім, қолғап, қоқыс салатын берік пакет болса жеткілікті.

Плалкинг – серуендей жүріп табиғатты тазарту

Жүгіруді ұната бермейтіндер үшін плалкинг бар. Бұл – серуендеп жүріп қоқыс жинау.

Атауы ағылшынның walk («серуендеу») және шведтің plocka upp («көтеру») сөздерінен құралған.

Мұндай серуен көп күш талап етпесе де, еңкею мен жүрудің арқасында арқа, аяқ, жамбас және қол бұлшықеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл – жаңа адамдармен танысып, ортақ іске үлес қосудың да жақсы мүмкіндігі. Кейбір елдердегі дәстүрлі сенбіліктерді осы экоспорттың баламасы деуге болады.

Велосипедпен жүріп қоқыс жинау

Экоспорттың тағы бір бағыты – пликинг. Мұнда адамдар велосипедпен серуендеп жүріп, арнайы қысқыш таяқтың көмегімен қоқыс жинайды.

Бұл спорт түрі тәжірибелі велошабандоздарға көбірек лайық. Себебі қозғалыс кезінде тепе-теңдікті сақтап, қоқысты жинау белгілі бір машықты талап етеді.

Пликингтің тағы бір артықшылығы – велосипедпен ұзақ қашықтыққа шығуға болатындықтан, орман жолдарын, саябақтарды және веложолдарды кең көлемде тазартуға мүмкіндік береді.

Кейбір елдерде дәл осы атау жаяу туристік жорық кезінде қоқыс жинау әрекетіне де қолданылады.

Су астындағы тазалық

Пластик қалдықтарының едәуір бөлігі ақыр соңында мұхиттар мен көлдерге түседі. Ғалымдардың бағалауынша, бүгінде әлемдік мұхитта 12 триллионнан 124 триллионға дейін пластик бөлшегі болуы мүмкін.

Бұл теңіз жануарлары үшін үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, Индонезия жағалауынан табылған кашалоттың асқазанынан ондаған пластик стақан, пакеттер, бөтелкелер мен резеңке аяқкиім табылған.

Осы мәселеге назар аудару үшін әлемде қоқыс дайвингі кең тарала бастады. Сүңгуірлер су астындағы пластик пен басқа да қалдықтарды жинап, су айдындарын тазартумен айналысады.

Мысалы, америкалық дайвер Колин Уэст бастаған Clean Up the Lake жобасының еріктілері Тахо көлінен 11,5 тоннадан астам қоқыс шығарған.

«Қоқыс жинау»

Экологиялық бастамалардың бірі – «қоқыс аулау». Бұл акция барысында қатысушылар қайықпен өзен-көлдерді аралап, жағалаулар мен су түбіндегі қалдықтарды жинайды.

Мұндай жоба алғаш рет 2020 жылы Ресейдің Мәскеу облысында қолға алынған. Кейін бірнеше ондаған қалада жалғасын тапты. Акция барысында еріктілер 4 тоннаға жуық қоқыс жинап, оның барлығы сұрыптауға және қайта өңдеуге жіберілген.

Экоспорттың маңызы неде?

Экоспорттың басты ерекшелігі – адам өз денсаулығына да көңіл бөліп, табиғатты қорғауға да үлес қосады. Мұндай бастамалар адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан қазір әлемде жүгіру, серуендеу немесе велосипед тебу тек спорт емес, табиғатты қорғаудың да бір тәсіліне айналып келеді.

Оқи отырыңыз

{