Бүгiн, 12:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақстанның көрікті табиғи орындарының бірі – Шарын шатқалы әлемдегі ең үздік каньондар мен шатқалдар қатарына қосылды.
The Worldworthy 100 халықаралық рейтингінің 2026 жылғы қорытындысы бойынша отандық табиғи нысан 100 орынның ішінде 17-сатыға жайғасқан. Бұл тізімге 46 елдің каньондары мен шатқалдары енген. Шарынға 10 балдың 9,48-і берілген.
Әлемдік рейтингтегі 17-орын
Шарын шатқалы – рейтингке енген Қазақстанның жалғыз табиғи нысаны. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, алып жартастарымен, ерекше геологиялық бедерімен және көз тартар табиғатымен танымал шатқал халықаралық деңгейде жоғары бағаланған.
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің рейтингке енгені Worldworthy-дің 2026 жылғы лауреат сертификатымен расталған.
Алғашқы үш орынға АҚШ-тағы Летчворт шатқалы, Гавай аралдарындағы Ваймеа каньоны және Колумбия өзені шатқалы жайғасқан.
Оқи отырыңыз:
Бірінші орын иеленген Летчворт шатқалы 10 балдың 9,71-ін жинаған. Ол Нью-Йорк штатының батыс бөлігіндегі Летчворт мемлекеттік паркінде орналасқан. Табиғатының көркемдігіне байланысты бұл жерді «Шығыстың Үлкен каньоны» деп те атайды.
Екінші орынға Гавай архипелагындағы Кауаи аралының батысында орналасқан Ваймеа каньоны шыққан. Гавай тіліндегі «Ваймеа» сөзі «қызыл су» деген мағынаны білдіреді. Өңірдегі темірге бай топырақ пен өзен суының эрозиясы салдарынан судың түсі қызғылт-қызыл реңкке боялады.
Үздік үштікті АҚШ-тың солтүстік-батысындағы Колумбия өзені шатқалы түйіндеген.
Алғашқы ондыққа АҚШ-тың бес табиғи нысаны, Германияның екі шатқалы, сондай-ақ Франция, Мексика және Түркиядағы көрікті орындар енген.
Шарын шатқалы 16-орын алған Мексикадағы Басасеачи сарқырамасы мен 18-сатыға жайғасқан Франциядағы Далюи шатқалының ортасынан орын алды.
Worldworthy сертификаты нені білдіреді?
Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, Worldworthy 100 – Worldworthy зерттеу редакциясы әзірлеген авторлық әдістемеге негізделген халықаралық рейтинг. Оның қорытындысы саяхатшылардың пікірлері, қолжетімді деректер, халықаралық туристік жолсілтемелер мен баспасөздегі жарияланымдар ескеріле отырып жасалады. Соңғы нәтижелерді редакция қосымша тексереді.
Ұйымдастырушылар рейтингке ену үшін өтінім беруге, орын сатып алуға немесе жоғары сатыға көтерілу үшін ақы төлеуге мүмкіндік жоқ екенін атап өткен.
Worldworthy 100 – Worldworthy зерттеу редакциясы өз әдістемесі бойынша әзірлеген редакциялық рейтинг. Оған ену үшін ешкім өтінім бере алмайды, рейтингтен орын сатып алуға немесе жоғары сатыға көтерілуге ақы төлеуге болмайды, – делінген басылым хабарламасында.
Айта кету керек, бұл сертификат халықаралық ұйымдар тарапынан берілетін арнайы мәртебе, грант немесе қаржыландыруды білдірмейді. Оның басты маңызы – Шарын шатқалының халықаралық рейтингке енгенін растап, шетелдік саяхатшылардың назарын Қазақстанның табиғи мұрасына аудару.
Шарын шатқалының ерекшелігі неде?
Алматы облысында орналасқан Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 127 050 гектарды құрайды. Ол ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енген.
Ұлттық парк 2004 жылы табиғи кешендерді сақтау мақсатында құрылған. Оның аумағындағы нысандар экологиялық, ғылыми, тарихи және эстетикалық тұрғыдан ерекше құндылыққа ие.
Парк аумағындағы ең танымал орындардың бірі – Шарын шатқалы. Оның қызыл түсті алып жартастары алыстан қарағанда табиғаттың өзі қашап жасаған қамалдарға ұқсайды. Миллиондаған жыл бойы жел мен судың әсерінен қалыптасқан ерекше жер бедері мұнда қайталанбас көрініс сыйлайды. Шатқал жартастарының биіктігі 370 метрге дейін жетеді.
Шарын өңірінің тағы бір табиғи байлығы – мұз дәуірінен бері сақталған шаған тоғайы. Бұл – сирек кездесетін әрі ғылыми маңызы зор табиғи ескерткіштердің бірі.
Ұлттық парктің жануарлар дүниесі де алуан түрлі. Мұнда сүтқоректілердің 34, бауырымен жорғалаушылардың 18, қосмекенділердің 4 түрі және құстардың шамамен 246 түрі мекендейді.
Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жануарлар да бар. Атап айтқанда, қарақұйрық, манул және ортаазиялық кәмшат осы өңірді мекендейді.
Бұған дейін елімізегі табиғаты ерекше мекендер туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Жер бетіндегі ең биік тау жүйелері туралы мына сілтеме арқылы таныс болыңыз.
Бүгiн, 12:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер