Индонезия да, Филиппин де емес: әлемде аралы ең көп ел қайсы

Индонезия да, Филиппин де емес: әлемде аралы ең көп ел қайсы
Фото: © pixabay.com

Индонезия мен Филиппин десе, көз алдымызға көгілдір мұхиттың ортасында шашырай орналасқан сансыз аралдар елестейді. Расында, бұл мемлекеттер тропикалық архипелагтарымен танымал. Алайда аралдар саны бойынша әлемдік рейтингте олардың ешқайсысы алғашқы орынға шықпайды. Бір қызығы, бұл көрсеткіште Солтүстік Еуропа елдері көш бастап тұр.

Бұған аталған аймақтардың жағалау сызығының қатты тілімденуі, көлдердің көптігі және ұсақ жартасты аралдардың молдығы себеп. Рейтингтегі деректерге сүйенсек, әлем бойынша есепке алынған аралдардың жалпы саны – 945 247.

Бұл көрсеткіш ұлттық статистикалық және картографиялық мекемелердің мәліметтері негізінде жинақталған. Дегенмен әр елдің аралды анықтау және есепке алу өлшемдері әртүрлі болғандықтан, оны әлем бойынша бірыңғай әдіспен жүргізілген санақ деп қабылдауға болмайды.

Аралдар саны бойынша Швеция көш бастап тұр

Рейтингтің алғашқы үш орнын Скандинавия түбегі мен оған жақын орналасқан елдер иеленген. Бірінші орында – Швеция. Мұнда 267 570 арал есепке алынған. Екінші сатыға 239 057 аралмен Норвегия жайғасса, Финляндия 198 146 аралмен үздік үштікті түйіндейді.

Осы үш елдегі аралдардың жалпы саны – 704 773. Бұл рейтингте тіркелген барлық аралдың 74,6 пайызына тең. Яғни әлемдегі есепке алынған аралдардың төрттен үшіне жуығы осы үш мемлекетке тиесілі.

© Visual Capitalist
© Visual Capitalist

Скандинавия елдеріндегі аралдардың көп болуы мұз дәуірімен де байланысты. Соңғы мұз басу кезеңінде алып мұздықтар жер бедерін қалыптастырып, жағалау аймақтары мен көлдердің табиғи келбетін өзгерткен. Мұздықтар кейін шегінген кезде олардың орнында сансыз жартасты қыраттар, таяз жағалаулар мен ұсақ аралдар қалған.

Мәселен, Швеция астанасы Стокгольм маңындағы архипелаг Балтық теңізіне қарай ұзап, шамамен 30 мың аралдан, шағын аралдар мен жартасты қайраңдардан тұрады.

Финляндия жағалауындағы Архипелаг теңізінде де ондаған мың арал бар. Ал Норвегияның Берген қаласынан батысқа қарай Эйгарден аралдар тобы созылып жатыр. Мұнда жіңішке бұғаздармен бөлінген көптеген жартасты аралдар мен шағын құрлық бөліктерін кездестіруге болады.

Канада төртінші орында

Рейтингте төртінші орынға 52 455 аралмен Канада жайғасқан. Одан кейін Чили (43 471) мен АҚШ (28 449) орналасқан. Алайда Канадаға қатысты бір жайтты ескерген жөн. Көрсетілген 52 455 саны негізінен жағалаудағы аралдарды қамтиды. Елдің ішкі көлдері мен өзендеріндегі аралдар бұл есепке толық кірмеген.

Канада аумағындағы ең ірі аралдар шоғырларының бірі – Канаданың Арктикалық архипелагы. Оның құрамында 36 мыңнан астам арал бар. Солардың ішіндегі ең белгілісі – Баффин Жері. Ол әлемдегі ең үлкен аралдардың қатарына кіреді.

Алясканың оңтүстік-шығыс жағалауына жақын орналасқан Александр архипелагында ресми атауы бар шамамен 1100 арал бар. Олардың арасында Принц Уэльс аралы мен Адмиралтейство аралы да кездеседі. Бұл өңір тілімденген жағалауымен, қоңыржай белдеудегі жаңбырлы ормандарымен және сан алуан теңіз экожүйесімен ерекшеленеді.

Ал Онтарио провинциясындағы Гурон көлінің бір бөлігі саналатын Джорджия шығанағында 30 мыңнан астам арал орналасқан. Бұл дерек Канададағы ішкі су айдындарының аралдары да толық есепке алынғанда, жалпы көрсеткіштің әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін аңғартады.

Индонезия мен Филиппин нешінші орында?

Тропикалық аралдарымен әйгілі Индонезия бұл рейтингте жетінші орынға тұрақтаған. Ел аумағында 17 508 арал бар деп көрсетілген. Жапония 14 125 аралмен одан кейінгі орынға жайғасса, Филиппинде 7641 арал есепке алынған.

Швеция мен Норвегияның көрсеткіші жоғары болуының бір себебі – бұл елдерде тіпті көлемі өте шағын құрлық бөліктері де арал ретінде саналады.

Мәселен, Швецияның картографиялық әдістемесінде ауданы кемінде 9 шаршы метр болатын құрлық бөлігі арал ретінде есептеледі. Ал Норвегияда бұл шек – 10 шаршы метр. Оның үстіне, екі елде де теңіздегі аралдармен қатар, көлдер мен өзендердегі аралдар да жалпы санға қосылады.

Жапонияда есептеу тәртібі өзгеше. Мұнда жағалау сызығының ұзындығы кемінде 100 метр болатын табиғи аралдар ғана есепке алынған. Жасанды аралдар, сондай-ақ көлдер мен өзендердегі аралдар бұл тізімге енгізілмейді.

Демек, әр елдің аралдарды есептеу өлшемдері әртүрлі. Сондықтан рейтингтегі орындарды салыстырғанда осы ерекшелікті де ескерген жөн.

Хорватияда 1246 арал бар

Аралдар санына қатысты қызықты деректердің бірі Хорватияға тиесілі. Geoadria журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл елдің аумағында жалпы 1246 арал бар.

Оның ішінде 79-ы – арал, 525-і – шағын аралшық, ал 642-сі – су бетіне шығып тұрған немесе су деңгейімен шамалас орналасқан жартастар. Бұл дерек арал ұғымының өзі әр елде әртүрлі түсіндірілетінін тағы бір мәрте көрсетеді. Бір мемлекет шағын жартасты да арал ретінде есепке алса, екіншісі оны статистикаға қоспауы мүмкін.

Оқи отырыңыз