Қазақстанға шина қай елдерден жеткізіледі: Қытай, Ресей және Еуропа өнімдерінің бағасы қанша?

Қазақстанға шина қай елдерден жеткізіледі: Қытай, Ресей және Еуропа өнімдерінің бағасы қанша?

Мадина Асылбекова
Фото: © pixabay.com

Қазақстанда жеңіл автокөліктерге арналған шина импорты азайып, отандық өндіріс көлемі артып келеді.

Биылғы сегіз айда елге шетелден жеткізілген жаңа шиналар саны 14,7 пайыз қысқарған. Ал қазақстандық кәсіпорындар шығарған өнім көлемі 16,6 пайыз өсті. Дегенмен нарықтағы шетелдік өнімнің үлесі әлі де басым. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінен белгілі болды.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанға жеңіл көліктерге арналған 3 млн 890 мың жаңа шина импортталған. Былтыр осы кезеңде 4 млн 559 мың дана өнім жеткізілген еді.

Ал отандық өндіріс өсім көрсетті. Energyprom.kz дерегінше, сегіз айда елімізде 438,9 мың шина шығарылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 16,6 пайыз артық. 2024 жылдың осы кезеңінде Қазақстанда небәрі 60 мың шина өндірілген, яғни екі жылда өндіріс көлемі жеті еседен астам ұлғайған. Соның арқасында нарықтағы отандық өнім үлесі 7,6 пайыздан 10,1 пайызға дейін жетті.

Қазақстан шинаны негізінен Қытайдан импорттайды

Еліміздегі шина өндірісінің артуына Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан Tengri Tyres зауыты үлес қосып отыр. «Татнефть» компаниясы мен «Аллюр» тобы бірлесіп құрған бұл кәсіпорын – Қазақстандағы жалғыз шина зауыты.

Соған қарамастан, Қазақстанның шина нарығында импорттың үлесі әлі жоғары. Биылғы сегіз айдағы импорт көлемі 2024 жылғы көрсеткіштен де төмен болды. Ол кезде елге 4 млн 213 мың жаңа шина жеткізілген.

Ішкі нарықтағы сатылым да 17,4 пайыз қысқарып, 3 млн 774 мың данаға түсті. Ал экспорт көлемі бір жарым есе өскен.

Қазақстанға шина жеткізетін елдердің көшін Қытай бастап тұр. Биыл осы елден 2 млн 883 мың жаңа жеңіл көлік шинасы әкелінген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 8,5 пайыз аз. Алайда жалпы импорт көлемі одан да көбірек қысқарғандықтан, Қытайдың нарықтағы үлесі 69,1 пайыздан 74,1 пайызға дейін артты. Демек шетелден әкелінетін әр төрт шинаның үшеуі Қытайда жасалған.

Ресейден жеткізілетін өнім көлемі де едәуір азайған. Былтырғы 706,8 мың данамен салыстырғанда биыл 453,7 мың шина импортталған. Бұл – 35,8 пайыздық төмендеу. Соның салдарынан Ресейдің импорттағы үлесі 15,5 пайыздан 11,7 пайызға дейін қысқарды.

Оқи отырыңыз:

Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея мен Жапония тұр. Кореядан 135,9 мың шина әкелінген, бұл былтырғыдан 37,8 пайыз аз. Ал Жапониядан жеткізілген өнім көлемі 42,1 пайыз қысқарып, 91,8 мың дананы құрады.

Қытай мен Еуропа шиналарының бағасында үлкен айырмашылық бар

Импорттың ақшалай көлемі де төмендеген. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан жеңіл көлік шиналарын сатып алуға 155 млн доллар жұмсаған. Бұл өткен жылғы 182,9 млн доллардан 15,3 пайыз аз.

Оның 82,2 млн доллары Қытайдан жеткізілген өнімге тиесілі. Бұл жалпы импорт құнының 53 пайызы. Ал сандық көрсеткіш бойынша Қытай шиналарының үлесі 74,1 пайызға жеткен. Мұндай айырмашылықтың басты себебі – әр елден әкелінетін өнім бағасының әртүрлі болуы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл импортталған бір жеңіл көлік шинасының орташа кедендік құны 39,8 доллар болған. Былтыр бұл көрсеткіш 40,1 долларды құраған.

Қытайдан жеткізілген бір шинаның орташа құны 28,5 доллар болса, Ресейден әкелінген өнімнің бағасы 36,6 доллар болған. Былтыр бұл көрсеткіштер тиісінше 30 және 43,2 доллар еді. Осылайша, Ресей шиналарының орташа кедендік құны 15,2 пайыз, Қытай өнімінікі 4,8 пайыз төмендеген. Оңтүстік Корея шиналарының орташа бағасы 66,5 доллар, Жапония өнімінікі 89,4 доллар болған.

Ең қымбат шиналар АҚШ, Бразилия және Канададан жеткізілген. Олардың орташа кедендік құны тиісінше 257,9, 237,1 және 201,7 долларды құрады. Алайда бұл елдерден келетін өнім көлемі өзге негізгі жеткізушілермен салыстырғанда аз.

Ал 30 мың данадан астам шина жеткізетін мемлекеттер арасында ең қымбат өнім Еуропа елдеріне тиесілі. Венгриядан әкелінген бір шинаның орташа құны 196,2 доллар болса, Германиядан жеткізілгені 147 доллар, Польшадан келгені 136,3 доллар болған. Яғни еуропалық шиналар Қытай өнімінен орта есеппен 5-7 есе қымбат.

Премиум санаттағы кейбір шиналардың құны да өскен. Жапония өнімдерінің орташа бағасы 11,8 пайыз, Германиядан жеткізілген шиналардікі 32,6 пайыз артқан.

Айта кету керек, бұл – дүкендегі бөлшек сауда бағасы емес, шекарадағы орташа кедендік құн. Оған сатушылардың үстемесі қосылмаған. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі баға бұдан жоғары болуы мүмкін. Бұған қоса, орташа құнның төмендеуі шинаның өзі арзандады дегенді білдірмейді. Оған импортталған өнім түрлері мен бағасы да әсер етеді.

Қазақстандық шиналар шетел нарығына да шығып жатыр

Биыл отандық шиналардың экспорты да айтарлықтай өскен. Қаңтар-тамыз айларында Қазақстаннан шетелге 554,2 мың жаңа жеңіл көлік шинасы жөнелтілген. Бұл былтырғы 364 мың данамен салыстырғанда 52,2 пайызға көп.

Бір назар аударарлығы, экспорт көлемі елімізде өндірілген шиналар санынан асып түскен. Сегіз айда 438,9 мың шина шығарылғанын ескерсек, шетелге жөнелтілген өнімнің бір бөлігі бұрын импортталған тауар болуы мүмкін. Яғни экспорт құрамында кері экспорт та бар.

Қазақстандық шиналардың негізгі сатып алушысы – Ресей. Көрші елге 494,5 мың дана өнім жеткізілген. Бұл жалпы экспорттың 89,2 пайызына тең.

Ресейге жөнелтілген шиналардың ақшалай құны 30,3 млн долларды құрады. Экспортталған бір шинаның орташа бағасы 54,7 доллар болған. Бұл Қытайдан импортталатын өнімнің орташа кедендік құнынан екі есеге жуық жоғары. Дегенмен былтыр экспорттық шинаның орташа бағасы 66,1 доллар болған еді.

Отандық өнімнің экспорттық бағыттары да кеңейіп келеді. Былтыр алыс шетелдерге 24,3 мың шина жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш 59,6 мың данаға жеткен, яғни экспорт көлемі 2,5 есе артқан.

Биыл қазақстандық шиналар Грекия, Болгария, Мысыр және Италия нарығына да жеткізіле бастаған. Атап айтқанда, Грекияға – 13,7 мың, Болгарияға – 9,7 мың, Мысырға – 7,4 мың, Италияға 6,9 мың шина экспортталған. Былтыр бұл елдерге Қазақстаннан өнім жөнелтілмеген.

Жүк көліктеріне арналған шиналар әлі де импортқа тәуелді

Жеңіл көлік шиналарының өндірісі өсіп келе жатқанымен, жүк көліктері мен автобустарға арналған өнім бойынша жағдай өзгеше.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында автобустар мен жүк көліктеріне, соның ішінде авиация саласына арналған шиналар өндірісі 600 данадан 26,6 мың данаға дейін өскен. Алайда бұл нарықтағы жалпы қажеттіліктің небәрі 2,8 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Ал импорт көлемі 18,9 пайызға артып, 927,1 мың данаға жеткен.

Ауыл шаруашылығы техникасына арналған және осы санаттағы өзге шиналар Қазақстанда өндірілмейді. Сондықтан бұл нарық толығымен импортқа тәуелді. Биылғы сегіз айда мұндай өнімнің 295,7 мың данасы елге жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,3 пайыз көп.

Бұл сегментте де негізгі жеткізуші – Қытай. Биыл осы елден автобустар мен жүк көліктеріне арналған 589,1 мың шина импортталған. Былтыр бұл көрсеткіш 462 мың дана болған. Осылайша, Қытайдан жеткізілетін өнім көлемі 27,5 пайызға артып, оның импорттағы үлесі 59,3 пайыздан 63,8 пайызға дейін өскен.

Екінші орында Ресей тұр. Көрші елден 171,9 мың шина жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайыз көп. Ал Вьетнамнан импортталған өнім көлемі 29,8 пайыз артып, 80,2 мың данаға жеткен.

Жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар экспорты да ұлғайған. Бір жылда шетелге жөнелтілген өнім көлемі 3,2 есе өсіп, 99,6 мың данаға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 31,4 мың болған. Экспорт көлемі отандық өндірістен төрт есеге жуық асып түсті.

Бұл сегменттегі негізгі сатып алушы да – Ресей. Қазақстаннан шетелге шығарылған жүк көлігі мен автобус шиналарының 84,2 пайызы осы елге жөнелтілген.

Бұған дейін ескі қысқы шиналардың жасырын қатері туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ақылы жолдармен қанша көлік жүріп өткені де анықталды. 

Оқи отырыңыз

{