Қазақстанның ақылы жолдарымен 10 айда 68,3 млн көлік жүріп өткен

Қазақстанның ақылы жолдарымен 10 айда 68,3 млн көлік жүріп өткен
Фото: El.kz/Жалғасбек Тоқтамысов

2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 қазаны аралығында Қазақстанның республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарында 68,3 миллион көлік қозғалысы тіркелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы хабарлады.

Көлік ағынының басым бөлігі ең көп жүктеме түсетін бес бағытқа тиесілі. Аталған учаскелерде жалпы саны 33,5 миллион көлік жүріп өткен. Бұл елдегі ақылы жолдар бойынша тіркелген барлық қозғалыстың 49,1 пайызына тең.

Алматы – Қонаев бағыты көш бастады

Ең жоғары көрсеткіш Алматы – Қонаев тасжолында тіркелді. Он ай ішінде бұл бағытпен 10,8 миллионнан астам көлік жүрген. Осылайша, ол Қазақстандағы ақылы жолдар арасында бірінші орынға шықты.

Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты тұр. Мұнда 8 033 519 көлік қозғалысы тіркелген. Ал Шымкент – Тараз учаскесі 5 652 809 көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.

Алғашқы бестікке енген өзге бағыттар:

  • Тараз – Қайнар – 4 964 599 көлік;
  • Шымкент – Қызылорда – 4 061 676 көлік.

Жалпы алғанда, көлік қозғалысы Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде қарқынды. Бұл бағыттар ірі қалалар мен маңызды көлік тораптарын байланыстырады.

Астана маңындағы жолдарда қозғалыс қандай?

Елордадан өзге өңірлерге қатынайтын тасжолдарда да көлік ағыны жоғары. Атап айтқанда, Астана – Теміртау бағытында 3 698 981, Астана – Щучинск жолында – 3 407 291, ал Астана – Павлодар учаскесінде 2 177 036 көлік қозғалысы тіркелген.

Жалпы, ең көп көлік жүретін он учаскеде 48,8 миллион қозғалыс есепке алынған. Бұл он айдағы жалпы көрсеткіштің 71,5 пайызы.

Ақылы жолдардағы көлік қозғалысының толық рейтингі

2026 жылдың алғашқы он айындағы көрсеткіш бойынша ақылы жолдардағы көлік қозғалысы мынадай:

  1. Алматы – Қонаев – 10 834 980;
  2. Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 8 033 519;
  3. Шымкент – Тараз – 5 652 809;
  4. Тараз – Қайнар – 4 964 599;
  5. Шымкент – Қызылорда – 4 061 676;
  6. Астана – Теміртау – 3 698 981;
  7. Астана – Щучинск – 3 407 291;
  8. Қонаев – Талдықорған – 3 193 009;
  9. Тараз айналма жолы (Қайнар – Шымкент) – 2 526 954;
  10. Щучинск – Көкшетау – 2 446 971.

Одан кейінгі орындарда Қостанай – Денисовка (2 307 727), Алматы – Қорғас (2 262 135), Астана – Павлодар (2 177 036), Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал (1 749 169) және Қызылорда – Арал (1 518 380) бағыттары орналасқан.

Көкшетау – Петропавл учаскесінде 1 517 210 көлік қозғалысы тіркелсе, Павлодар – Семей – Қалбатау бағытында 1 135 232, Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор) жолында 1 133 840 көлік жүрген.

Ал бір миллионнан аз қозғалыс тіркелген бағыттар мыналар:

  • Шу – Бурылбайтал – 945 933;
  • Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк) – 789 421;
  • Қандыағаш – Мақат – 784 775;
  • Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) – 751 516;
  • Орал – Ресей шекарасы (Самара) – 573 394.

Ең төмен көрсеткіштер Талдықорған – Өскемен (500 670), Орал – Ресей шекарасы (Саратов) (487 254), Үшарал – Достық (472 465), Бурылбайтал – Құрты (264 253) және Бейнеу – Ақжігіт (130 616) учаскелерінде тіркелген.

Оқи отырыңыз