Жаңалықтар

Париж символының тарихы: Эйфель мұнарасының бөлшегі аукционда қымбатқа сатылды

22.05.2026 13:10
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Париждің символына айналған Эйфель мұнарасы тағы да әлем назарын өзіне аударды. Жуырда мұнараның ескі баспалдағының бір бөлігі аукционда 450 мың еуродан астам сомаға сатылды. Бұл шамамен 255-260 миллион теңге болады. El.kz туристік нысан туралы қызықты деректер жинады.

Оқи отырыңыз: 

Небәрі 14 басқыштан тұратын темір фрагменттің мұндай қымбатқа бағалануы көпшілікті таңғалдырды. Биіктігі 2,75 метр болатын саты кезінде Эйфель мұнарасының екінші және үшінші қабаттарын жалғап тұрған әйгілі бұрандалы баспалдақтың бір бөлігі.

1889 жылы ашылған мұнарада сол кезде жалпы саны 1665 саты болған. Алайда 1983 жылы лифт орнату кезінде баспалдақ бөлшектеліп, 24 бөлікке кесілді. Бүгінде олардың кейбірі Жапония, АҚШ секілді елдерде сақтаулы. Ал жеке коллекцияда 40 жыл жатқан бір бөлігі осы жолғы аукционда рекордтық бағаға өтті.

Бұл оқиға Эйфель мұнарасына деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетті. Өйткені ол жай ғана туристік нысан емес, Францияның тарихи әрі мәдени символына айналған ерекше құрылыс.

Фото: The Associated Press

«Париждің сәнін бұзатын темір құбыжық»

Эйфель мұнарасы 1887-1889 жылдары француз инженері Гюстав Эйфельдің жетекшілігімен салынды. Мұнара Париждегі 1889 жылғы Дүниежүзілік көрменің басты экспонаты ретінде тұрғызылған. Ол кезде темір мен болаттан жасалған конструкциялар инженериядағы ең үлкен жаңалық саналған еді.

300 метрлік алып мұнара небәрі 2 жыл, 2 ай және 5 күнде салынып бітті. Қызығы, ол болаттан емес, арнайы соғылмалы темірден жасалған. Құрылысқа пайдаланылған металл бөлшектер Францияның әр аймағында дайындалып, кейін Париж маңында құрастырылған.

Бастапқыда көпшілік бұл жобаны ұната қоймаған. Кейбір суретшілер мен жазушылар мұнараны «Париждің сәнін бұзатын темір құбыжық» деп сынаған. Бірақ уақыт өте келе дәл осы құрылыс Францияның ең танымал белгісіне айналды.

Эйфель мұнарасы жылына қанша турист қабылдайды?

Бүгінде Eiffel Tower жыл сайын 6 миллионнан астам турист қабылдайды. Оның биіктігі 324 метрге жетеді, ал жалпы салмағы шамамен 10 мың тонна.

Мұнараның үш деңгейі келушілерге ашық. Алғашқы екі қабатқа жаяу немесе лифтпен көтерілуге болады. Ең жоғарғы шолу алаңына тек лифт арқылы шығуға рұқсат етіледі.

Түнде Эйфель мұнарасы ерекше жарықпен безендіріледі. Айта кетерлігі, мұнараны түнде суретке түсіруге тыйым салынбаған. Бірақ оның жарық инсталляциясы авторлық құқықпен қорғалған. Сондықтан түнгі фотоларды коммерциялық мақсатта пайдалану үшін арнайы рұқсат қажет.

Фото: Atout France

Телемұнара алғашқыда зертхана болған

Көпшілік Эйфель мұнарасын тек туристік орын деп қабылдайды. Алайда оның ғылыми маңызы да бар. Алғашқы жылдары мұнарада зертхана жұмыс істеп, түрлі тәжірибелер жүргізілген. Кейін мұнара радио және телехабар тарату орталығына айналды.

Дәл осы ғылыми және техникалық қызметі оның сақталып қалуына себеп болды. Өйткені бастапқы жоспар бойынша мұнара 20 жылдан кейін бұзылуы тиіс еді.

130 жылдық тарихы бар

130 жылдан астам уақыт ішінде Эйфель мұнарасы Париждің ғана емес, бүкіл Францияның басты бейнесіне айналды. Мұнда ұлттық мерекелер, ірі мәдени шаралар мен спорттық ойындар өтеді.

Қазіргі таңда мұнара шамдары әлемдегі түрлі қайғылы оқиғалар кезінде құрбандарды еске алу мақсатында өшіріліп тұрады. Осылайша Эйфель мұнарасы тек сәулет ескерткіші емес, Францияның бірлігі мен ынтымағын білдіретін нышанға айналған.

Мұнараны виртуалды түрде аралау үшін сілтеме арқылы өтуге  болады. 

Оқи отырыңыз