Неге баланы бірден ерте ұйықтатуға болмайды? Мектеп алдында ата-аналар жіберетін басты қателік

Неге баланы бірден ерте ұйықтатуға болмайды? Мектеп алдында ата-аналар жіберетін басты қателік

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Баланың кеш жатып, таңертең ояна алмауы, күндіз ұйқышыл жүруі немесе ұйықтар алдында телефоннан ажырамауы көп отбасына таныс жағдай. Әсіресе демалыс кезінде қалыптасқан режимді қайта өзгерту оңай емес. Дегенмен ұйқы – баланың жай ғана тынығатын уақыты емес. Ол жүйке жүйесінің қалпына келуіне, зейіні мен есте сақтау қабілетіне тікелей әсер етеді. Балалар психологы Ақгүл Төлеуханқызы ұйқы режимін қалай қалыптастыру керегін және ата-аналар нені ескеруі қажет екенін түсіндірді.

Ұйқы неге бала үшін маңызды?

Күн ішінде бала түрлі эмоциялық, физикалық және психологиялық жүктемені бастан өткереді. Ал ұйқы кезінде ағза демалып қана қоймай, жүйке жүйесі де қалпына келеді. Психологтың сөзінше, баланың қажетті мөлшерден бір сағат кем ұйықтауының өзі оның жағдайына әсер етуі мүмкін. Ұйқысы қанбаған бала күндіз өзін сергек ұстауда қиналып, зейіні төмендеп, жаңа ақпаратты қабылдауы қиындайды.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Баланың жүйке жүйесінің қалпына келуі үшін ұйқының маңызы өте зор. Күн ішінде бала көптеген эмоциялық және психологиялық жүктемені бастан өткереді. Ұйқы кезінде ағзасы демалып қана қоймай, жүйке жүйесі де қалпына келеді, – дейді Ақгүл Төлеуханқызы.

Ұйқы оқу процесі үшін де маңызды. Күндіз алынған жаңа ақпараттың өңделіп, есте бекітілуі ұйқы кезінде белсенді жүреді. Сондықтан жеткіліксіз ұйқы баланың сабаққа зейін қоюына, ақпаратты есте сақтауына және жалпы белсенділігіне әсер етуі мүмкін. Мұнда күн тәртібінің тұрақтылығы да маңызды. Бір уақытта жатып, бір уақытта оянуға үйренген кезде ағза белгілі бір ырғаққа бейімделеді. Соның нәтижесінде балаға кешке ұйықтау да, таңертең ояну да жеңілдей түседі.

Бала тәулігіне қанша сағат ұйықтауы керек?

Ұйқыға қажеттілік баланың жасына, күнделікті белсенділігіне және жеке ерекшеліктеріне байланысты. Психологтың айтуынша, 3-5 жастағы балаларға тәулігіне шамамен 10-13 сағат ұйқы қажет. Ал мектеп жасындағы балалардың 9-10 сағат ұйықтағаны дұрыс.

Бұл ретте баланың нешеде тұратынын ескеріп, ұйықтайтын уақытын соған сәйкес жоспарлаған жөн. Мәселен, таңертең ерте оянуы қажет болса, кешкі ұйқы уақытын да соған қарай ыңғайлау керек.

Режимді бір күнде өзгертуге болмайды

Демалыс кезінде баланың күн тәртібінің өзгеруі қалыпты. Кешкі серуен, сапарлар мен түрлі шараларға байланысты балалар кешірек жатып, таңертең ұзағырақ ұйықтауы мүмкін.

Дегенмен қысқа мерзімді демалыстар кезінде қалыптасқан ұйқы режимін барынша сақтаған дұрыс. Бұл кейін күнделікті тәртіпке қайта оралуды жеңілдетеді. Ал режим айтарлықтай өзгеріп кетсе, баланы бір күнде ерте жатқызып, келесі күні бірнеше сағат ерте ояту дұрыс емес. Ағзаға жаңа тәртіпке бейімделуге уақыт қажет.

Ұйқы режимін өзгерту процесі біртіндеп жүруі керек. Баланы әдеттегі уақытынан 15 минут ертерек оятып, кешке де 15 минут ертерек ұйықтатуға болады. Бірнеше күннен кейін ұйықтау және ояну уақытын тағы 15 минутқа жылжытамыз. Осылайша ағза жаңа режимге біртіндеп бейімделеді, – дейді психолог.

Сондықтан режимді қалпына келтіруде жылдам нәтижеге емес, тұрақтылыққа мән берген дұрыс.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Ата-аналар баланың ұйқысын қалай реттеп жүр?

Баланың ұйқы режимі ата-аналар арасында да жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Threads қолданушыларының бірі баласының түнгі ұйқысы нашар екенін айтып, өзге ата-аналардан ұйқыны реттеуге көмектесетін тәсілдерді сұраған.

Ал тағы бір қолданушы отбасында ұйқы мен тамақтану тәртібін қатаң қадағалайтынын жазған. Оның сөзінше, балалары кешкі сағат 21:00-ден бастап ұйқыға дайындалып, 22:00-де ұйықтайды.

Ұйқы режимі мен тамақ режимін қатты қадағалаймын. Мен үшін бала 21:00-ден бастап ұйқыға дайындалуы керек, 22:00-де ұйықтауы керек, – деп жазды ол Threads желісінде.

Фото: Threads желісінен скриншот

Ұйқыға дайындайтын «ритуал» қалыптастырыңыз

Баланы белгілі бір уақытта төсекке жатқызу жеткіліксіз. Оның ағзасын ұйқыға алдын ала дайындаған дұрыс. Кешкі асты шамамен бір уақытта ішіп, оны ұйқыға дейін кемінде 2-3 сағат бұрын аяқтауға болады. Кешке үйдегі жарықты бәсеңдетіп, қарқынды ойындар мен белсенді әрекеттерді біртіндеп азайтқан жөн.

Оның орнына ертегі немесе кітап оқу, тыныш ойын ойнау, әңгімелесу секілді әрекеттерді әдетке айналдыруға болады. Күн сайын қайталанатын осындай қарапайым әрекеттер уақыт өте келе бала үшін «ұйықтайтын уақыт келді» деген белгіге айналады.

Таңертеңгі жарық режимді реттеуге көмектеседі

Дұрыс ұйқы режимі тек кешкі әрекеттерден тұрмайды. Баланың таңертең қалай оянатыны да маңызды. Оянғаннан кейін пердені ашып, бөлмеге табиғи жарық түсіру баланың биологиялық сағатын реттеуге көмектеседі. Ал демалыс күндері ұйықтау және ояну уақытын бірнеше сағатқа өзгертіп жібермеген жөн. Егер ерте тұру балаға қиын болса, таңғы әрекеттерді ойынға айналдыруға болады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Баланы сүйікті әнін қосып оятуға болады. Мысалы, музыка аяқталғанша тісін жуып, киініп, сөмкесін жинап үлгеру сияқты шағын ойын ойлап табуға болады. Ең маңыздысы – таңды ұрыс-керіспен емес, жылы қарым-қатынаспен бастау, – дейді Ақгүл Төлеуханқызы.

Психологтың айтуынша, ұйқы режимін қалыптастыруда қатаң талаптан гөрі жүйелілік маңызды. Бір уақытта ұйықтау мен ояну, кешкі экран уақытын азайту, тыныш ұйқы ритуалын қалыптастыру және ата-ананың өзі осы тәртіпті ұстануы баланың жаңа режимге бейімделуін жеңілдетеді.

Оқи отырыңыз

{