Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу мәселесі Үкімет деңгейінде көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов педагогтердің дайындығына қатысты бірқатар кемшілікті атап өтіп, Оқу-ағарту министрлігіне нақты тапсырма жүктеді.
Оқи отырыңыз:
Үкімет басшысы мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін меңгермегенін айтты.
Мысалы, мұғалімдердің бәрі бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады, – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-министр министрлікке нақты міндет жүктеді.
Оқу-ағарту министрлігі ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізуі қажет, – деді ол.
Инклюзивті орта қалыптастыру мәселесіне де назар аударылды. Оның айтуынша, жаңа нысандар салынып жатқанымен, бірқатар түйткіл әлі шешімін таппаған.
Заманауи спорт нысандары мен қоғамдық орындар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барынша бейімделген. Дегенмен, бассейндерді қолжетімді ету мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Арнаулы құрылғылармен толық жабдықталмаған. Бұл – әсіресе, өңірлерге тән өзекті мәселе, – деді Бектенов.
Сондай-ақ ол кедергісіз орта қалыптастыру үшін инфрақұрылымды кешенді түрде бейімдеу қажеттігін атап өтті.
Кедергісіз орта қалыптастыру үшін мектептер мен вокзалдар, дүкендер мен дәріханалар сияқты инфрақұрылым нысандарын бейімдеу ісінің маңызы зор, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың жұмысына да тоқталды.
Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетіп жатыр. Арнайы мамандар – яғни логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді, – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы арнайы қолдаумен қамтылған, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Елімізде 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, түзету кабинеттері мен оңалту орталықтары бар. Педагог-ассистенттерді енгізу нәтижесінде үйде оқитын балалар саны 11 пайызға азайып, шамамен 2 мың бала мектепке баруға мүмкіндік алған. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікір білдірді.
Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуын қамтамасыз етеміз. Инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларға қолдау көрсету мақсатында 1 мыңнан астам мектепте арнайы кабинеттер ашылды. Биыл қосымша 40 кабинет іске қосу жоспарланып отыр, – деді министр.
Сонымен қатар, білім беру мазмұны да кеңейтіліп жатыр.
Біз арнайы педагогика бағыттарының тізімін 8 профильге дейін кеңейттік. Балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Сондай-ақ педагогтер, арнайы мамандар мен ата-аналардың қарым-қатынасын ұйымдастыру бойынша 160 әдістемелік ұсыным дайындалды, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Жалпы, «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдама аясында ерекше балаларды сапалы біліммен қамту және оларды қоғамға толыққанды бейімдеу жұмыстары жалғаса бермек.