ҰБТ жүйесі өзгереді: енді түлектер ауызша емтихан да тапсырады

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық бірыңғай тестілеу (ЕНТ) жүйесін жаңғыртуға қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ол бұл туралы 17 сәуірде өзінің Facebook парақшасында жазды. Министрдің айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзгерістер – уақыт талабы.

Адами капиталға инвестиция салу – мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жаңа білім беру модельдері қалыптасып, цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, – деді Аида Балаева.

Оның сөзінше, бұл үрдістер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, жеке білім беру траекториясын қалыптастыруға және еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге өту. Мұнда тест арқылы іріктеу жүйесін, оның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Балаева ҰБТ жүйесінің артықшылықтарын да жоққа шығармады.

Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, ҰБТ жоғары оқу орындарына түсуде ашықтық пен тең мүмкіндікті қамтамасыз ететін тиімді құрал болды, – деді ол.

Алайда қазіргі жағдайда жүйені жетілдіру қажеттігі туындаған.

Бүгінгі талаптар өзгеріп жатыр. Еңбек нарығы, білім беру трендтері, қажетті дағдылар жаңаруда. Сондықтан біз қолданыстағы кемшіліктерді мойындап, түзетуіміз керек, – деді министр.

Аида Балаева ҰБТ жүйесін трансформациялау бойынша бірнеше нақты ұсынысты атады.

Педагогикалық мамандықтарға қабылдау тәртібі өзгереді. Енді болашақ мұғалімдерді іріктеу тек тест нәтижесімен шектелмейді.

Педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде тестілеумен қатар арнайы емтихандар енгізіледі. Негізгі назар тек білімге емес, ойлау қабілетіне, сараптамаға және оқуға дайындығына аударылады, – деді ол.

Министрдің айтуынша, мұғалім – жай ғана мамандық емес.

Педагог – бұл балалармен жұмыс істеу құқығына ие ерекше мамандық. Сондықтан мұнда қарым-қатынас дағдылары мен оқушының қабілетін аша білу маңызды, – деді Балаева.

Келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар ауызша емтихан да есепке алынады. Онда талапкерлердің сыни ойлау және коммуникациялық қабілеті бағаланады. Сонымен бірге халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test енгізіледі.

ҰБТ-ны бір реттік, нақты әрі әділ бағалау ретінде енгізу қажет, – деді министр.

Бұл ретте талапкерлер үшін сынақ тестілеулері сақталады. Олар өз білім деңгейін тексеріп, дайындық әдістерін түзетуге мүмкіндік береді.

Министр жоғары оқу орындарындағы Foundation бағдарламаларына шартты қабылдаудан бас тарту ұсынылғанын айтты.

Тәжірибе көрсеткендей, шартты түрде қабылданған студенттердің 50-60 пайызы бір жыл ішінде ең төменгі шекті еңсере алмайды. Сондықтан талапкер мамандықты саналы түрде таңдауы тиіс, – деді ол.

Аида Балаева сөз соңында бұл өзгерістердің басты мақсатын тағы бір мәрте нақтылады:

ҰБТ-ны трансформациялау – жүйеден бас тарту емес. Бұл – таланттарды әділ әрі терең іріктеуге бағытталған қадам, – деп түйіндеді министр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Aida Balayeva (@aida_balayeva)

Оқи отырыңыз