Микроқаржы ұйымдары алдындағы қарызды енді бір өтінішпен реттеуге болады

Микроқаржы ұйымдары алдындағы қарызды енді бір өтінішпен реттеуге болады

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz коллажы

Қазақстанда бірнеше банк пен микроқаржы ұйымы алдындағы берешекті енді бір ғана өтініш арқылы реттеуге мүмкіндік туды. Ал 2027 жылдан бастап қаржы омбудсманының жұмысына бірыңғай қағидалар енгізіледі.

Қаржы омбудсманының жұмысында не өзгереді?

Жаңа тетіктер туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Ұжымдық берешекті реттеуге арналған цифрлық платформа 2026 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеп келеді.

Агенттік басқармасы қаржы омбудсманы қызметінің жұмыс тәртібін реттейтін қаулы қабылдады. Құжатта бас қаржы омбудсманы мен қызметкерлерінің өкілеттіктері нақтыланған.

2027 жылдың басынан бастап қарыз алушылардың өтініштері бірыңғай тәртіппен қабылданып, тіркеліп және қаралатын болады. Сонымен қатар шешім қабылдау мерзімі, оның орындалуын бақылау тәртібі және реттеуші органға ақпарат ұсыну талаптары белгіленеді.

Агенттіктің мәліметінше, бұл өзгерістер Бірыңғай берешекті реттеу орталығын қалыптастыруға бағытталған. Орталық жеке және ұжымдық берешекті реттеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және азаматтарды банкроттық мәселелері бойынша сүйемелдеуді бір жүйеге біріктіреді.

Барлық кредиторға бір ғана өтініш

Finkelisim.kz платформасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюро бірлесіп әзірлеген. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Дауларды шешу процесіне банк, микроқаржы омбудсмандары және медиатор қатысады.

Қарыз алушыға тек бір өтініш беру жеткілікті. Жүйе оның барлық берешегі туралы ақпаратты жинап, несиелер тізімін қалыптастырады және оны банктерге, микроқаржы ұйымдарына немесе коллекторлық агенттіктерге жолдайды.

Реттеушінің алдын ала бағалауынша, бұл платформаны шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушы пайдалана алады. Әрбір өтініш бойынша шешім адамның нақты берешегі мен жаңа төлем кестесін орындау мүмкіндігі ескеріліп қабылданады.

Кімдер өтініш бере алады?

Платформаға жүгіну үшін кепілсіз тұтынушылық несие бойынша төлемнің кешіктірілуі кемінде 90 күнтізбелік күн болуы тиіс. Сонымен қатар берешек екі немесе одан да көп кредитор алдында болуы қажет.

Жалпы берешектің ең төменгі мөлшері 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе қазіргі есеппен 648 750 теңге болуы керек.

Ал ең жоғары шегі 1600 АЕК, яғни 6 920 000 теңгені құрайды. Бұл сома АЕК көлеміне байланысты өзгеріп отырады.

Бұдан бөлек, қарыз бойынша сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе атқарушылық іс жүргізу болмауы тиіс.

Қандай несиелер бұл рәсімге кірмейді?

Ипотекалық несие, автонесие немесе кәсіпкерлік қызметке байланысты алынған қарыздар ұжымдық реттеу рәсіміне енгізілмейді. Сондай-ақ алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер де бұл тізімге кірмейді.

Егер қарыз бойынша медиативтік келісім жасалған болса немесе мерзімді әскери қызметшіге төлемді кейінге қалдыру берілген жағдайда да өтініш қабылданбайды.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінен өтіп жатқан азаматтар да платформаны пайдалана алмайды.

Өтініш қалай беріледі?

Алдымен азамат платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Бұл өтініш берушінің жеке басын растауға және бөгде адамдардың оның атынан өтініш беруіне жол бермеуге арналған.

Одан кейін жүйе мәліметтерді кредиттік бюролардың ақпаратымен салыстырады. Кредиторлар несиелер тізімін тексеріп, берешек көлемін растайды.

Содан соң қарыз алушыға омбудсманның шешімі, бірыңғай төлем кестесі, медиатормен жасалған шарт және кредиторлармен келісімдер жіберіледі.

Құжаттармен танысып, қол қою үшін 72 сағат беріледі. Белгіленген мерзімде қол қойылмаса, бұл рәсімнен бас тарту ретінде есептеледі.

Қарыз қалай өтеледі?

Келісімдерге қол қойылғаннан кейін рәсімге енгізілген несиелер бойынша өндіріп алу шаралары уақытша тоқтатылады. Бірақ өтініш беру өндіріп алуды автоматты түрде тоқтатпайды.

Бірыңғай төлем кестесі 5 жылға дейінгі мерзімге жасалуы мүмкін. Қарыз алушы платформа арқылы бір ғана төлем жасайды, ал қаражат барлық кредитор арасында берешек көлеміне қарай бөлінеді.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін төлем мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, ай сайынғы төлем көлемі азайтылуы мүмкін.

Бұл рәсім ақылы ма?

Ұжымдық берешекті реттеу рәсіміне қатысу қарыз алушы үшін тегін. Тек келіссөз жүргізетін медиатордың қызметі ақылы. Алайда 2027 жылдың басына дейін бұл шығындарды банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді.

2027 жылдан кейін медиатор қызметінің ақысы қалай төленетіні әзірге нақтыланбаған.

Егер төлем кестесі бұзылса не болады?

Платформа қарызды кешіруді қарастырмайды. Оның мақсаты – барлық кредитормен келісіп, төлем тәртібін өзгерту.

Егер жаңа төлем кестесі бойынша 40 күннен астам кешіктіру орын алса, кредиторлар берешекті өндіріп алу рәсімін қайта бастауға құқылы. Ұжымдық реттеу рәсіміне екінші рет қатысуға болмайды.

Егер қарыз алушы жасалған келісімді орындай алмайтынын түсінсе, соттан тыс банкроттық талаптарына сәйкестігін тексеріп, электрондық мемлекеттік қызметтер арқылы өтініш бере алады.

Біз бұған дейін банктен қарыз алған адам қайтыс болса, несиені кім төлейтіні туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз

{