1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?

1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?
Фото: AI көмегімен жасалды

2026 жылы Қазақстанда бала тууына және оның күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылардың мөлшері өсті. Мемлекет жаңа туған нәрестесі бар отбасыларға біржолғы қаржылай көмек көрсетіп, бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төлем береді. Алайда төлемдердің көлемі ата-ананың жұмыс істейтін-істемейтініне, табысына және баланың отбасында нешінші болып туғанына байланысты. Сонымен қатар алдағы уақытта кейбір жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Ендеше, 2026 жылы ата-аналарға қандай төлемдер қарастырылған және оларды қалай рәсімдеуге болады?

Бала туғанда қанша ақша беріледі?

2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала тууына берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері артты. Бұл төлем ата-ананың табысы мен жұмыс өтіліне қарамастан тағайындалады.

Бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге беріледі. Егер отбасында егіз немесе үшем дүниеге келсе, жәрдемақы әр балаға жеке есептеледі. Мысалы, тұңғышы егіз болған ата-ана екі сәби үшін жалпы 328 700 теңге алады.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін қанша төленеді?

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемнің мөлшері ата-ананың ресми жұмыс істейтініне байланысты. Жұмыс істемейтін азаматтарға мемлекеттік бюджеттен ай сайын мынадай жәрдемақы қарастырылған:

  • Бірінші балаға – 24 912 теңге;
  • Екінші балаға – 29 453 теңге;
  • Үшінші балаға – 33 951 теңге;
  • Төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.

Ал ресми жұмыс істейтін және әлеуметтік аударымдары бар ата-аналарға төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Мысалы, азаматтың орташа жалақысы 300 мың теңге болса, ай сайынғы әлеуметтік төлем 120 мың теңге болып есептеледі. Оның 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталып, есепшотына 108 мың теңге аударылады. Егер есептелген әлеуметтік төлем мемлекеттік жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен аз болса, заңда көзделген кепілдендірілген сома қолданылады.

Жұмыс істейтін аналарға декреттік төлем қалай есептеледі?

Ресми жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем ала алады. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа қарай анықталады.

Қалыпты босану кезінде декреттік демалыс 126 күнге беріледі. Бұл жағдайда төлемді есептеу коэффициенті 4,2 болады. Егер босану күрделі өтсе немесе егіз, үшем дүниеге келсе, демалыс мерзімі 140 күнге дейін ұзартылып, коэффициент 4,7-ге жетеді.

Ал ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын әйелдер үшін декреттік демалыс 170 күнге дейін созылуы мүмкін. Мұндай жағдайда 5,7 коэффициенті қолданылады.

Мысалы, әйелдің орташа айлық табысы 250 мың теңге болса, қалыпты босану кезіндегі біржолғы әлеуметтік төлем 1 050 000 теңге болып есептеледі. Бұл сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы ұсталады. Нақты төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар мен заңда белгіленген шектеулерге байланысты өзгеруі мүмкін.

Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?

Қазір бала тууына байланысты төлемдерді үйден шықпай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бала туу туралы мәлімет мемлекеттік жүйеде тіркелгеннен кейін ата-ананың телефонына 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келуі мүмкін. Хабарламадағы нұсқауларды орындап, қажетті мәліметтерді растау арқылы өтініш беруге болады.

Сондай-ақ жәрдемақыны eGov.kz порталы немесе Kaspi, Halyk сияқты банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Ал онлайн қызметтерді пайдалана алмайтын азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.

Қандай құжаттар қажет?

Жәрдемақыны онлайн рәсімдегенде қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Сондықтан көп жағдайда қағаз құжат тапсыру талап етілмейді.

Ал ХҚКО арқылы өтініш бергенде жеке басты куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігі, неке туралы мәліметтер және 20 таңбалы банк есепшоты қажет болуы мүмкін.

Жұмыс істейтін аналардың жүктілік пен босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы туралы мәліметтері де ескеріледі.

Өтінішті қашанға дейін беру керек?

Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала күтіміне арналған төлемдерді рәсімдеу үшін ата-аналарға 12 ай уақыт беріледі.

Егер өтініш осы мерзімде тапсырылса, бала күтіміне байланысты жәрдемақы тиісті кезең үшін есептеледі. Яғни бірнеше ай кешігіп жүгінген азамат өткен айларға тиесілі қаражатты да ала алады.

Ал 12 айлық мерзім өтіп кетсе, жәрдемақы тағайындаудан бас тартылуы мүмкін.

Көпбалалы отбасыларға қанша жәрдемақы беріледі?

Қазақстанда төрт және одан көп баласы бар отбасыларға ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Оны тағайындағанда кәмелетке толмаған балалармен қатар күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары да есепке алынады. 2026 жылы төлем мөлшері:

  • Төрт балаға – 69 330 теңге;
  • Бес балаға – 86 673 теңге;
  • Алты балаға – 104 016 теңге;
  • Жеті балаға – 121 360 теңге;

Сегіз және одан көп бала болса, әр балаға 17 300 теңгеден есептеледі.

Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа толмаған әр балаға Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жыл сайын қаражат есептеледі. Оны кәмелетке толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.

Әкесі бала күтіміне байланысты демалысқа шыға ала ма?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, бала күтіміне байланысты демалысты анасы да, әкесі де рәсімдей алады.

Мысалы, анасы жұмыс істемесе, ал әкесі ресми қызмет атқарса, ол жұмыс орнынан бала күтіміне байланысты демалыс алып, әлеуметтік төлемге өтініш бере алады.

Бұл жағдайда төлем әкесінің соңғы екі жылдағы орташа айлық табысына қарай есептеледі.

Жәрдемақы түсетін есепшоттың қандай ерекшелігі бар?

Әлеуметтік төлемдерді алу үшін банктен арнайы есепшот ашуға болады. Оның басты артықшылығы – шотқа түсетін жәрдемақы заңмен қорғалады. Яғни кредит айыппұл немесе басқа да берешек бойынша бұл қаражаттан өндіріп алуға жол берілмейді.

Арнайы есепшотты бірқатар банктің мобильді қосымшасы арқылы онлайн ашуға болады.

Қандай жағдайда жәрдемақы берілмеуі мүмкін?

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді отбасының әл-ауқатына қарай тағайындау тәртібін енгізу жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде берілетін 39 түрлі жәрдемақының 14-ін тағайындау кезінде азаматтардың мұқтаждық деңгейі ескеріледі.

Жаңа тәртіп Тұрмыстың цифрлық картасы бойынша әл-ауқаты жоғары саналатын А және В санатындағы азаматтарға қатысты болмақ. Өзгеріс мына төлемдерді қамтиды:

  • бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы;
  • бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы;
  • наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы (зейнеткерлерден басқа);
  • көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақы;
  • жерлеуге арналған біржолғы төлем;
  • мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы (I, II топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балалардан басқа);
  • асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы (толық жетімдерден басқа);
  • Тәжік-Ауған шекарасында, Иракта және Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге берілетін жәрдемақы;
  • қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жәрдемақы;
  • «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы бар азаматтарға берілетін жәрдемақы;
  • «Халық Қаһарманы» атағының иегерлеріне берілетін жәрдемақы;
  • «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған азаматтарға берілетін жәрдемақы (зейнеткерлерден басқа).

Алайда А және В санатына кіретін азаматтар аталған төлемдердің барлығынан бірдей айырылмайды. Министрлік әр жәрдемақының тағайындалу негізі жеке қарастырылатынын түсіндірді.

Мәселен, I топтағы мүгедектігі бар азаматтың мүгедектігі бойынша алып жүрген жәрдемақысы сақталады. Ал оған бала тууына байланысты жаңа төлем тағайындау қажет болса, отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі.

Ведомствоның түсіндіруінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қаржылай көмекке мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Оқи отырыңыз