АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесінде қазақстандық оқушы ерекше жетістікке жетті. Әлемдегі ең беделді ғылыми байқаулардың бірі саналатын додаға 60-тан астам елден шамамен 1700 жас зерттеуші қатысқан. Қазақстан атынан жеті оқушы бес ғылыми жоба қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіне қарасты Тараз қаласындағы мектептің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жас өнертапқыш жасанды интеллект көмегімен онкологиялық ауруларды ерте әрі дәл анықтауға арналған инновациялық жүйе әзірлеген.
Арнұрдың жобасы медициналық деректерді талдау арқылы қатерлі ісіктің белгілерін жылдам анықтауға бағытталған. Оның айтуынша, жүйе дәрігерлерге диагноз қою процесін жеңілдетіп, ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады.
Қазылар алқасы жас ғалымның ғылыми ізденісін жоғары бағалап, оған MAWHIBA Foundation қорының арнайы сыйлығын табыстады. Сонымен қатар Арнұр 400 доллар көлеміндегі ақшалай марапатқа ие болды. Бұдан бөлек, оған King Fahd University of Petroleum and Minerals университетінің білім гранты ұсынылды.
Regeneron ISEF – мектеп оқушылары арасындағы ең ірі халықаралық ғылыми жарыстардың бірі. Бұл алаңда жас зерттеушілер медицина, инженерия, экология, робототехника және ақпараттық технологиялар бағытындағы тың жобаларын ұсынады. Мұндай байқаулар ғылымға қызығатын жастардың әлеуетін арттырып, олардың әлемдік деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Арнұр Артықбайдың жетістігі – қазақстандық жастардың ғылым мен технология саласындағы мүмкіндігі зор екенін тағы бір дәлелдеді. Жасанды интеллектіні медицинада қолдануға бағытталған бұл жоба болашақта адам өмірін сақтап қалуға үлес қосуы мүмкін маңызды жаңалықтардың бірі ретінде бағаланып отыр.