Қазақстан құрамасы әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі – Balkan Mathematical Olympiad 2026 додасында жоғары нәтиже көрсетіп, 24 елдің ішінде жалпы командалық есепте 6-орынға ие болды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Халықаралық бәсеке
3-8 мамыр күндері Грекияның Салоники қаласында өткен биылғы олимпиадаға математикалық дайындығы жоғары елдер қатысты. Атап айтқанда, Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия, Түркия, Солтүстік Македония және өзге де мықты мектептері бар 24 мемлекеттен барлығы 148 оқушы бақ сынады.
Осындай жоғары деңгейлі бәсекеде Қазақстан оқушылары тұрақты дайындық пен жүйелі еңбектің нәтижесінде үздіктер қатарынан көріне білді.
Қазақстан қоржынында – 6 медаль
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы 6 медаль жеңіп алды:
- 1 алтын
- 2 күміс
- 3 қола
Бұл нәтиже еліміздің математикалық білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Алтын, күміс және қола иегерлері
- Алтын медальді Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы Мұрат Тимур;
- Күміс медальді Астана қаласындағы Білім-инновация лицей-интернаты оқушысы Алиасқар Сұлтанәлі;
қола медальді
- Атырау облыстық Білім-инновация лицей-интернаты оқушысы Орынбасар Бердібек
- Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушысы Батырхан Бейғанов
- Алматы қаласындағы Nurorda мектебі оқушысы Әли Еркебұланұлы
- Қызылорда облыстық №9 Білім-инновация лицей-интернаты оқушысы Арнұр Аңсатов алды.
Ұлттық құраманың дайындығы мен қатысуын екі жетекші маман Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов пен Астана-Нұра зияткерлік мектебінің маманы Мұхтар Қабақ қамтамасыз етті.
Жүйелі дайындықтың жемісі
Мұндай халықаралық деңгейдегі жетістік – ұзақ мерзімді дайындықтың, дарынды оқушылармен жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстандық оқушылардың көрсеткіші еліміздің математикалық білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.