Жазғы маусым жақындап қалды. Көпшілік қазірдің өзінде «қайда демалам?» деп жоспар құрып жатыр. Соңғы жылдары шетелге шығу қалыпты нәрсеге айналғаны рас. Бірақ биыл жағдай сәл өзгеше. Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің тоқтауы, әлемдегі тұрақсыздық пен қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық көптің жоспарына өзгеріс енгізді.
Оқи отырыңыз:
Бір жағынан бұл шектеу сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ екінші жағынан – өз еліміздегі туризмге көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік. Енді басты сұрақ – біз осы мүмкіндікті пайдалана аламыз ба? Өйткені демалушылар көбейсе, соған сай қызмет сапасы да жоғары болуы керек. Осы тақырып аясында El.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарының пікірін білген еді.
Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Естеріңізде болса, өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөлдегі жағдайды қатаң сынға алып, инфрақұрылымның әлсіздігі мен қызмет көрсету сапасының төмендігін ашық айтқан еді. Тазалық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Президент тиісті органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Алайда арада бір жыл өтсе де, жағдай қаншалықты өзгерді – бұл сұрақ биылғы маусымда тағы да өзекті болғалы тұр.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шетелдегі қазіргі ахуалдың адамдардың демалысқа деген көзқарасын өзгерткенін айтады. Оның сөзінше, жуырда ғана Дубайда демалып жүргендердің өзі қауіптеніп, елге қайтудың жолын іздеген.
Дубайға барып, шалқып демалып жүргендер қалай қашарын білмей, бала-шағасын арқалап қорқып жүрді. Сол себептен де “сыртта сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген сөз еске түседі. Менің ойымша, биыл адамдар көбірек жергілікті туризмге қарайды. Өйткені шетелде қазір қауіпті, – дейді депутат.
Сонымен бірге ол ішкі туризмнің дәл осы сұранысқа толық дайын емес екенін де жасырмады. Әсіресе баға мен қызмет көрсету сапасы халықтың наразылығын тудырып отыр.
Кейбір адамдар айтып жатады: мысалы, Вьетнамға барып бес күн демалсаң, бізде сол ақшаға бір-екі күн ғана демаласың. Бұл жағын ойланбаса болмайды. Қазір маусымға бір-ақ ай қалды деуге болады, бірақ туризм саласына қарасақ, әлі де дайындық әлсіз. Ақпарат та аз, – дейді Мұрат Әбенов.
Оның пікірінше, туризмді дамыту тек табиғи орындармен шектелмеуі керек. Ұлттық мәдениет, дәстүр, өнер мен спорт арқылы турист тарту – ұзақмерзімді әрі тиімді бағыт.
Ал Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ішкі туризмге сұраныстың күрт артатынын айтады. Бірақ бұл өзімен бірге жауапкершілікті де күшейтеді.
Отандық туризмге сұраныс өте артатыны анық. Соған дайын болу керек – кәсіпкерлер де, халық та. Өйткені турист көп жүрген жерде экология мәселесі туындайды: қоқыс тастау, тазалық сақтамау дегендей жағдайлар болады. Сондықтан алдын ала бронь жасау керек, – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, биыл Алакөл мен Қатонқарағай бағыттарына қызығушылық ерекше жоғары болады. Ол тіпті өзінің де жазғы жоспарын осы бағыттармен байланыстырған.
Тіпті осы жазда бала-шағамен Түркияға бару жоспарда бар. Бірақ сонымен қатар өзіміздің Алакөл, Қатонқарағайға да баруды жоспарлап отырмыз. Сұраныс өте жоғары болады, – дейді Дәулет Мұқаев.
Ал Нұргүл Тау Алакөлдің туристік тартымдылығын жеке тәжірибесі арқылы жеткізді. Оның айтуынша, бұл аймақ тек демалыс емес, денсаулыққа да пайдалы.
Жылда Алакөлге барып демаламын. Маған өте ұнайды. Стрессті шығарады, аллергияға да жақсы әсер етеді. Емдік қасиеті бар. Сондықтан жыл сайын отбасымызбен сонда барамыз, – дейді ол.
Сонымен қатар депутат еліміздегі демалыс орындары толық дайын деп айтуға әлі ерте екенін де жасырмады. Жалпы, биылғы жаз отандық туризм үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Бір жағынан – сұраныс артып келеді, екінші жағынан – халықтың талабы күшейген. Егер сала осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапаны жақсарта алса, бұл ішкі туризм үшін жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін.
Айта кетейік, сұраныстың артуына байланысты бұған дейін Алакөл бағытына қосымша пойыздар қатынайтыны туралы жазған едік.