Депозиттен тұрақты табыс табудың қандай жолдары бар

Депозиттен тұрақты табыс табудың қандай жолдары бар

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы салымшылар үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Қаржыгер, аудитор және салық кеңесшісі Сұлтан Елемесов қазіргі нарықтағы жағдайды тиімді пайдалану арқылы депозиттен қалай көбірек пайда табуға болатынын түсіндіріп, мұны нақты есеппен көрсетті.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенімен, бірқатар екінші деңгейлі банктер жинақ депозиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 20 пайызға дейін ұсынып келеді. Қазіргі инфляция деңгейін ескергенде, мұндай депозиттердің нақты табыстылығы шамамен 10 пайызға жетуі мүмкін.

Үш айдың ішінде іс жүзінде тәуекелсіз 9 миллион теңгеден сәл астам табыс табуға мүмкіндік беретін тәсілмен бөліскім келеді. Бұл тәсілдің негізі – Қазақстандағы нақты пайыздық мөлшерлемелердің қазір рекордтық деңгейде болуы. Банктер жинақ депозиттері бойынша әлі де жылына 20 пайызға дейінгі тиімді сыйақы мөлшерлемесін ұсынып отыр. Қазіргі инфляция жағдайында бұл шамамен 10 пайыздық нақты табыстылықты білдіреді. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға болады, – дейді Сұлтан Елемесов.

Депозиттерді неге бірнеше банкке бөлген дұрыс?

Қаржыгер мысал ретінде 200 миллион теңгені келтіреді. Оның айтуынша, бұл қаражатты әрқайсысы 20 миллион теңгеден болатын бірнеше жинақ депозитіне бөліп орналастыруға болады. Мұндай тәсілдің себебі – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жинақ депозиттері бойынша бір банкке шаққандағы кепілдік сомасы 20 миллион теңгеге дейін белгіленген.

Елемесовтің есебінше, үш айдың қорытындысында депозиттер бойынша есептелген сыйақы есебінен жалпы сома шамамен 209 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Алайда бұл тек белгілі бір мөлшердегі бастапқы капитал болған жағдайда жасалған есеп екенін атап өтті.

Желі қолданушыларының пікірі

Әлеуметтік желіде бұл ұсыныс қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар мұндай көлемдегі қаражаттың көпшілік үшін қолжетімсіз екенін айтып, тәсілдің өміршеңдігіне күмән келтірді. Бұған жауап ретінде қаржыгер 200 миллион теңге тек есептеу үшін алынған мысал екенін түсіндірді. Оның пікірінше, дәл осы қағидатты аз көлемдегі қаражатпен де қолдануға болады, алайда табыс көлемі салынған қаржыға тікелей байланысты болады.

Айта кету керек, депозиттен түсетін нақты табыс таңдалған банктің сыйақы мөлшерлемесіне, депозит мерзіміне, инфляция деңгейіне және нарықтағы пайыздық саясаттың өзгеруіне тәуелді. Сондықтан қаржы салмас бұрын депозит шарттарын мұқият оқып, тәуекелдерді бағалау маңызды.

Оқи отырыңыз

{