Спорт

Дастан Сәтпаев әлемнің үздік жас сұрмергендерінің қатарына енді

24.06.2026 10:39
Амангүл Тілейқызы
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан құрамасы мен алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтпаев 20 жасқа дейінгі әлемнің ең нәтижелі футболшыларының үздік ондығына енді.

Жас ойыншылар арасындағы сұрмергендер рейтингінде 18 жастағы испаниялық Ламин Ямаль 56 голмен көш бастап тұр. Ал қазақстандық футболшы 25 голмен тоғызыншы орынға жайғасты. Ол бұл көрсеткіш бойынша ирландиялық Мелиямен тең нәтиже көрсеткен.

Тізімде сондай-ақ бразилиялық Эстеван, Эндрик және Райан, австралиялық Иранкунда, сербиялық Милошевич, нигериялық Иленихена және венесуэлалық Мартинес сынды талантты футболшылар бар. Бұл рейтингке ену Дастан Сәтпаевтың халықаралық деңгейде де назарға ілініп келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, 17 жастағы шабуылшы жуырда «Қайрат» сапындағы соңғы матчын өткізді. Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 17-туры аясында алматылық клуб өз алаңында «Қызылжарды» 3:0 есебімен жеңді. Кездесуде Сәтпаев дубль авторы атанып, жанкүйерлер алдында әсерлі қоштасу өткізді.

Бұл ойын жас футболшының «Қайрат» жейдесіндегі соңғы кездесуі болды. Бұған дейін оның Англияға тек 18 жасқа толғаннан кейін, тамыз айында аттанатыны айтылған еді. Алайда «Челси» клубының бапкерлер штабы мен басшылығы қазақстандық талантты маусым алдындағы дайындық кезеңіне ертерек қосуды жөн көрген.

Осыған байланысты Дастан Сәтпаев 26 маусым күні Лондонға аттанады. Онда ол жаңа командасымен жаттығуға кірісіп, өзін жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Челси» мен «Қайрат» Дастан Сәтпаевтың трансфері бойынша келісімге келген болатын. Сарапшылар бұл ауысымды қазақстандық футбол тарихындағы ең маңызды трансферлердің бірі ретінде бағалап отыр.

17 жасында әлемнің үздік жас сұрмергендерінің қатарына енген Дастан Сәтпаев бүгінде Қазақстан футболының ең жарқын таланттарының бірі саналады. Оның нәтижелі ойыны мен қарқынды дамуы отандық жанкүйерлердің ғана емес, Еуропа клубтарының да назарын аударып келеді.

Оқи отырыңыз