«Қайрат» футбол клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев көпшілікке «блогер ата» атымен танылған Дмитрий Чекаевқа ерекше тосынсый жасады. Клубтың ең адал жанкүйерлерінің бірі саналатын қария туған күнінде футболшыдан арнайы құттықтау алып, әсерін әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дмитрий Чекаевтың айтуынша, бұл күн оның жадында ұзақ сақталмақ. Себебі Дастан Сәтпаев оған өз қолтаңбасы қойылған №10 жейде, жеке құттықтау хаты, мерекелік торт, тәттілер мен сыйлықтар табыстаған.
Мерекелік торт, тәттілер, ақша салынған конверт және уақыт бөлгеніңіз үшін ерекше алғыс. Адал жанкүйер үшін мұндай әрекет өте бағалы. Дастан, шынайылығыңыз, жылы сөздеріңіз және осы таңғажайып тосынсыйыңыз үшін рақмет! Алаңда тағы да керемет жеңістер күтеміз!, – деді Чекаев.
«Блогер ата» қалай танымал болды?
Желі қолданушылары Дмитрий Чекаевты жақсы таниды. Ол «Қайраттың» әрбір ойынынан қалмауға тырысып, матчтардан тұрақты түрде фото және видео жариялайды. Шынайы өмірі мен қарапайым болмысы көпшіліктің ықыласына бөленіп, жұрт оны «блогер ата» деп атап кеткен.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы бүгінде Алматыда тұрады. Қазір аула тазалаушы болып еңбек етеді.
Дмитрий әлеуметтік желіні алғашында тек туыстары мен достарына өмірінен хабар беріп отыру үшін жүргізгенін айтады. Кейін оның күнделікті өмірі, жұмыс барысы және спортқа деген сүйіспеншілігі мыңдаған адамның қызығушылығын тудырған.
Спортқа қызығушылық қайдан басталды?
Оның спортқа деген құмарлығы жас кезінен басталған. Өскеменде тұрған жылдары хоккей матчтарына жиі қатысқан. Кейін футболға қызығып, түрлі спорттық жарыстарды қалдырмайтын әдет қалыптастырған.
Ал «Қайратқа» деген махаббаты 1979 жылдан басталады. Ол кезде Қазақстан атынан КСРО жоғарғы лигасында өнер көрсеткен жалғыз клуб – «Қайрат» еді. Дмитрий содан бері команданың әр жетістігі мен қиын кезеңін бірге өткеріп келеді.